Әлем қазір Қазақстанды халықаралық қатынастардың жауапты субъектісі ретінде таниды. Еліміз алыс-жақын мемлекеттердің барлығымен достық қатынас орнатты. Сондықтан еліміздегі өзекті оқиғаларға шетелдік саясаткерлер мен сарапшылар, еуропалық БАҚ назар салып, өз пікірлерімен бөліседі. Осы ретте еуропалық «EUActiv» электронды газеті «Қазақстанның «Рухани жаңғыру» реформалары аясында ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, латын графикасына бірте-бірте көшуінің мақсаты – бүкіл әлеммен байланыстарды жеңілдету» деп жазады.
«EUReporter» газеті «Қазақстан қашанда аймақтық және жаһандық интеграцияны күшейтуге атсалысып келеді. Сауда, бизнес және дипломатия салаларында ынтымақтастықты кеңейту тұрақты және өркендеуші мемлекет қалыптастыруға мүмкіндік береді. Латын әліпбиіне көшу – Қазақстан үшін осы бағыттағы маңызды қадам», дейді.
Еуропалық Парламенттің депутаты Андрей Мамыкин: «Қазақстан латын әліпбиіне көшуге көптен дайындалып келеді. Ел Президенті Н.Назарбаев Ұлт көшбасшысы ретінде, дәл қазір бұл өзгерістерді жасаудың уақыты келді деп шешті. Бұл алға басушылық – көптеген еуропалық саясаткерлерге үлгі боларлықтай», деген ойымен бөлісті.
Бельгиядағы қазақтардың «Шаңырақ» ұйымының басшысы Ақмарал Әмірқұлова қазақ тілін латын графикасына ауыстыру туралы жаңалықты Еуропадағы қазақ диаспорасы қуана қарсы алды дейді.
Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Г.Карасин «Бұл жағдайға қатысты біздің ұстанымымыз байсалды. Қандай әліпби қолданатынын белгілеу, ол – Қазақстанның ішкі ісі» деп ресми мәлімдеді. Оның айтуынша, өзге әліпбиге көшуден туындайтын жаңа жағдайға бейімделу уақыт алады, бірақ айтарлықтай проблема туындамайды.
Латын графикасына ауысу мәселесі еліміз тәуелсіздігіне қол жеткізген уақыттан бастап талқыланып келеді. 2012 жылы Президент Н.Назарбаев 2025 жылға дейін латын қарпіне көшу қажеттігін «Қазақстан-2050» Стратегиясында мәлімдеді. Яғни 2025 жылға қарай іс қағаздар, мерзімді баспасөз, оқулықтар, бәрін латын әліпбиімен басып шығара бастаймыз.
Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек» деп дұрыс айтты.
Израильдегі Қазақстан елшілігінде жұмыс істеп жүрген кезімде 2008 жылғы 23 қаңтарда «Егемен Қазақстан» газетінде менің «Өлі тіл деп есептелген көне иврит жазуы тірілгенде, жаны бар қазақ тілі неге жанданбасқа?» атты мақалам жарық көрді. Онда Израильдің «өлі» деп есептелген иврит тілін «тірі» тілге айналдырып, шапшаң қарқынмен дамытып, оны саясат, экономика, әдебиет, мәдениет, техника және жалпы күнделікті қолданыстағы деңгейге көтеру жолындағы тәжірибесімен бөліскен едім. Көне заманнан бері иврит тілі тек еврейлердің «Тәурат» діни кітабының тілі болып келді және ол, латын тілі сияқты, тек дұға оқу кезінде ғана пайдаланылатын. 1948 жылы жаңа құрылған Израиль мемлекетіне дүние жүзінің түкпір-түкпірінен әртүрлі тілде сөйлейтін еврейлер жинала бастады. Мемлекетке бәрінің басын қосатын ұлттық идея қажет болды. Сөйтіп 1949 жылы иврит Израильде ресми мәртебеге ие болды. Иврит тіліне дамуға мүмкіндік беру үшін сол кездері шетелден келген репатрианттар пайдаланған идиш, араб, ағылшын, француз және орыс тілдеріне тыйым салынды, мемлекеттік қызметкерлер иврит тілін білуге міндеттелді. Бұл тәуелсіздік алған барлық мемлекеттердің ұстанымы.
Күнделікті өмірге жаңалық енгізуде, әсіресе осындай тарихи маңызы бар істе қолдаушылармен бірге оппоненттер де болады. Отанының болашағын ойлайтын әр қазақстандықтың алдында бұл тарихи шешім не береді, қандай қиындықтар болады деген сауал тұруы – табиғи құбылыс. Сондықтан түрлі пікірлер мен ойлар, күмән мен сенім сияқты сезімдер туындайды. Бірақ кертартпа және бөтен пиғылды адамдарға қазақ халқы үшін тарихи сәтті сынауға жол беруге болмайды.
Сынаушылардың бірі «Асхана» латынша «Ashana» деп жазылып, ол «АшАна» деп оқылатынын айтып мазақ етеді. Оларға менің жауабым – жаңа әліпбиді дұрыс меңгеріп, мемлекеттік тілді жетік білетін, көзі ашық және сауатты адам бұл сөзді тура оқиды. Мәселен, француз тілінде 3-4 әріп бір дыбыс бере алады. Әйгілі француз автомобилі «Рeugeot» (Пежо) деген сөзде төрт дыбысты 7 әріп береді. Французша ««merci beaucoup» деген сөйлемді бәрі білер. Онда «beaucoup» (боку) (аудармасы – үлкен) деген сөзде 4 дыбыс 8 әріп арқылы жазылады. Одан француз тілін ешкім кемсітіп, басқа сөздермен шатастырып жатқан жоқ. Керісінше, француз тілі саясат, дипломатия, экономика, әдебиет, өнер, кино, музыка, мода тілі ретінде әлемге белгілі.
Кейбіреулер әліпбидің бір-екі әріпін қайта қарау керек деген пікір айтады. Бұл қате пікір, әрбір он-жиырма жылда әліпби өзгере бермейді. Елбасы тәуелсіздікке қолы жеткен мемлекет үшін өмірлік маңызы бар Жарлық бекітті, ал біз осы елдің азаматтары ретінде оны іске асыруымыз қажет. Француз тілі біздің дәуірімізге дейінгі I ғасырдың ортасында латын ауызекі тілінен пайда болып, дами келе XII ғасырда жазу құқығына ие болды, сөйтіп осы күнге дейін өмір сүріп келеді. Қасиетті Құран Кәрімнің жазылғанына он төрт ғасырдан асты, бүгінге дейін сол 28 араб әріпі еш өзгермей келеді. Қытай, жапон, корейлер де көне иероглифін сақтап отыр.
Қазақ тілінің жаңа латын графикасын әзірлеуде оны түрлі саладағы ғалымдар, оның ішінде тіл мамандары, сарапшылар, филологтер және бүкіл халық бірлесе талқылап, үлкен еңбек жасады. Оған қоса, жаңа қазақ әліпбиіне көшуге 2025 жылға дейін уақыт берілді, яғни бұл үдеріс кезең-кезеңмен өтеді деп көзделіп отыр. Осы тұрғыда, қазақтардың тілдерді меңгеру қабілетін ескерсек, республикада латын әліпбиіне көшу үдерісі жоғарыда айтылған иврит тілін «тірілткенге» қарағанда анағұрлым жеңіл өтетіні сөзсіз.
Латын әліпбиіне өтудің қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін көтеруге ықпалы зор. Себебі тіліміз басқа елдердің тілдерімен бірдей деңгейде тұрады, оған қоса, өзге елдермен және шетте жүрген қандастарымызбен қарым-қатынас жасауда тиімділігін көрсетеді.
Сәулекүл САЙЛАУҚЫЗЫ,
Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі елшілігінің кеңесшісі