Қазақстан • 17 Сәуір, 2018

Қазақ қиялының қыраны

817 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Зейнолла Қабдолов, академик, Халық жазушысы, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты: 

– Сөз өнерiн сүюшi қауым қазақ әдебиетiндегi фантастика жанрында Мархабаевтың қаншалықты еңбек сiңiрiп жүргенiнен хабардар болар. Ол өткен ғасырдың 60-шы жылдарында әдебиетiмiзге екпiндi жас қиялгер-жазушылар легiнiң ең алдыңғы шебiнен табылған-ды. Және тек қана көркем шығармалар жазумен шектелiп қоймай, бiз үшiн «тұмса жанр» – фантастика­ның тарихы мен теориясын қарастыра бастады.

Қазақ қиялының қыраны

Өмір деген осы. Қара сөздің қаламдозы, қиял-ғажайыптың шабандозы, талпынып ұшқан талай жас таланттың ұлағатты ұстазы көзімізден бұл-бұл ұшып кете барды, бірақ жүрегімізде ғажайып бая­ны қалды.

Ағымдағы жылы қазақ қиялтану жанры мен әдебиеттану, яғни фантастикатану салаларында өзiнiң көркем туындылары және зерделі зерттеулерiмен жұртшылыққа бек мәлiм Абдул-Хамит Мархабаев 80 жасқа толар еді. Жүздеген қарымды қаламгердің қаламына қанат бiтiруге үлес қосқан ұлағатты ұстаз, филология ғылымының докторы, журналистика профессоры жайлы жүрегімде жазылып қалған бiр үзiк сыр бар. 

Галактиканың да, күн жүйесiнiң де, жер планетасының да физикалық, химиялық, биологиялық және басқа ғылыми-жаратылыстың қыр-сырларының фантастикалық моделiн жасау арқылы шығармашылық шыңына шыққан қазақ қиялының қыраны Хамағаң тектi тұлға болатын.

Хамаң айдынды Арал теңiзiнiң Көкарал аралында қоныс тепкен Ауан ауылында дүниеге келген. Әкесi Файзулла Жұбанышбайұлы ауыл наубайшысы болса, анасы Сәби Сұлтанқызы соғысқа дейiн үй шаруасымен айналысып, күйеуi майданға аттанғанда сол кәсіпті жалғастырып қала берген. Хамаң – Сыр сүлейi Нұртуғанның жиенi.

Абдул-Хамит Мархабаев 1956 жы­лы Арал қаласындағы №13 қазақ орта мектебiн ойдағыдай бiтi­рiп, еңбек жолын пионерлердiң аға жетекшiсi болудан бастайды. 1959-1964 жылдары Қазақ мем­лекеттiк университетiнiң филология факультетiнде (журналистика бөлiмi) дәрiс алып, 1964-1967 жылдары республикалық «Бiлiм және еңбек» ғылыми-көпшiлiк жур­налын­да әдеби қызметкер, бөлiм меңге­рушiсi қызметтерiн атқарады. 1967 жылдың қазан айынан Қазақ мемлекеттiк университетi журналистика факультетiнiң қазақ журналистикасы кафедрасында алдымен ассистент, бертiн келе оқытушы, доцент болды. Ол университетте қаламгерлер қауымына дәрiс беруден қол үзбей жүрiп 1975-1980 жылдары республикалық «Бiлiм және еңбек» ғылыми-көпшiлiк жур­налының бас редакторы қызметiн атқарады.

Өзi қиялгер-жазушы болған­дықтан қазақ фантастикасына да, әдебиетiне де айрықша көңiл бөлiп, қазақтың салт-дәстүрi, әдет-ғұрпы мен өнерiн де өгейсiткен жоқ. Осы­нау пайымдарыма сол кездегi «Ле­ниншiл жас» газетiнiң бас редакторы, жазушы, марқұм Сейдахмет Бер­дiқұловтың мына бiр сөзi айқын айғақ болса керек.

– «Абдул-Хамит «Бiлiм және еңбек» журналын өзiң қолға алғалы оқырман назарын қатты аудардың. Сенiң журналың халықтың тыныс-тiршiлiгiн жан-жақты қамтитын кең ауқымды, зиялылар ордасының журналы болды. Ғылымның барлық саласын қамтып келесiң. Сол тә­рiздi, техника мен ғылым журналы бола тұра, әдебиет пен қазақ тари­хын ақсатпай алып та келесiң. Осы шабысыңнан шаршамай, қар­қыныңнан қайтпай өрге ұмтыл. Менiң айтпағым, редактордың да редак­торы болады, мына сен – нағыз редактордың өзiсiң».

Хамағаңнан бес жас үлкендiгi бар Сәкеңнiң осынау жүрекжарды пiкiрiн айтуы тектен-тек емес. Айт­са айтқандай, Хамаң – бiлiмдi де бiлiк­тi, iзденiмпаз, «тура биде туған жоқ» деп дана қазағымыз айтқандай, ақ жолдан адаспай жүретiн тектi тұлға.

Хамаңның айтуынша, жүре­гiндегi жазуды қағазға түсiруге қо­лы­на сығымдай қалам ұстаған сол бiр жылдың көктемi тым жаңбырлы бол­ған. Күндiз-түнi ақ жаңбыр толас таппаған. Жаңбырлы күн мен түн Хамаңның көңiлiн толқында туып, толқында өскен Арал теңiзiнiң көктемгi сеңiндей астан-кестен етпесi бар ма? Ойы толқындай тулап, шағаладай шарқ ұрды. Ойын ғажап қиял билеп алған. Оған көн­беске лажы тағы жоқ. Хамаңның тұла бойын буып тастаған бұл алып күш «Ғарыштағы қымыз» ат­ты алғашқы кiтабының толғағы едi. Аб­дул-Хамит Мархабаевтың осы­нау тұңғыш туындысы қиялгер               қа­уым­­­­ды елең еткiздi. Осыдан бас­тап Хамағаң әдебиеттанудың тағы бiр ты­ңы – фантастикатанудың туын қа­зақ әдебиетiнде тұңғыш көтерген тұл­ға болды. Бертiн келе қиялгер-қа­лам­гердiң жүрек жазбаларынан туын­даған «Арал әуендерi», «Ба­ла­­лардың аман қалғанын айт», «Жа­­рылқаушы», «Тосын ға­рыш­хат», «Шаян планетасы, сен кi­нә­­­­­лiсiң», «СП соқты!» атты қи­ял-ғажайып және детективтi-кри­ми­­­налды оқиғаларға қанық әдеби-көр­кем дүниелерi оқырман қауым жү­регiнен орын алды.

* * *

Хамаңның Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетiнiң хатшысымен тiкелей сөйлесетiн қызыл телефоны безек қағып қоя берсiн. Телефон тұтқасын көтердi.

– Жақында Мәскеуде «Молодая гвардия» баспасы ұйымдастырған Одақ аумағындағы қиялгер-жазу­шылардың мәжiлiсi өтедi. Қазақ фан­­тастикасының бүгiнгi хал-ахуа­лы жайлы баяндама жасауыңыз керек.

...Мәскеудегi КСРО Жазушылар одағының Әдебиетшiлер үйiнiң мәжiлiс залы жазушылар мен әдебиет зерттеушiлерiне, сыншыларға лық толыпты. Кеңестер Одағының әр тарабынан жиналған қиялгер-жа­зушылар ғана емес, шетелдерден келген қиялгерлер де баршылық екен. «Қазақ әдебиетiнiң фантастика жанрының хал-ахуалы жайында қиялгер-жазушы, ғалым Абдул-Хамит Мархабаевқа сөз берiледi» деген хабарламадан соң Хамағаң мiнбеге көтерiлген.

Хамағаң баяндамасын байыппен бастап, асықпай, аптықпай қазақ қиялы жайы бүге-шүгесiз баян етедi. Қазақ халқының бай ауыз әдебиетiнiң таңғажайып аңыз-ертегiлерiнен бастау алған бү­гiнгi қазақ фантастикасының жағ­­дайына жан-жақты тоқталып, тың­­даушыларын баурап-ақ алды. Баяндама барысында орыс қиял­герлерi А.Толстойдың, А.Бе­ляев­тiң, А.Казанцевтiң фан­тас­тикалық шығармалары мен әлемдiк фантас­тика үлгiлерiн жасаған Р.Шеклидiң, А.Азимовтың, Р.Бредберидiң салған жолы қайталанбас мектеп екенiн де ашық айтты.

Осы сапарында Хамаң әлем­ге әйгiлi қиялгер Александр Казан­цевпен бетпе-бет дидарласып, ашық әңгiмелеседi.

– Мен – қазақстандықпын, туған жерiм – Ақмола, – деп әңгi­месiн бастаған А.Казанцев А.Мар­хабаев­тың баяндамасына өте жоға­ры баға бередi.

Әңгiме ендi қыза түскенде жандарына ағылшын қиялгерi Герберт Уэлстiң туындыларын зерттеушi Юлий Кагарлицкий келмес пе?

– Хамит мырза, мәжiлiс аяқта­лысымен бiздiң үйге келесiз. Мен сiздi есiк алдында күтемiн, – дедi де профессор мырза залға беттедi. Ал А.Казанцев болса:

– Сiз бақытты жансыз. Про­фессор мәскеулiк қиялгерлердi үйi­не шақырмақ түгiлi, сөйлеспейдi де, – деп Хамаңның иығынан қағып-қағып қойды.

Хамаң осы сапарында мәскеулiк қиялгер Юрий Медведевпен де етене танысып, ерекше жақын тартты. Өйткенi Юрийдiң өзi Алматы облысының Шарын ауылында дү­ниеге келген. Хамаңның жерлесi, әрi әрiптесi. Осы кездесуде Хамаң Юрий Медведевке «Шоқ жұлдыз» ат­ты фантастикалық повесiн сыйла­ған болатын. Юрий оны орыс тiлiнде жарыққа шығарды.

Хамаңның қияли шығар­ма­ларымен Ресей, Украина, Мол­дова ел­дерiндегi қиялсүйер қауым­дар да етене таныс. Орыс фантас­ти­касының классигi А.Беляев «Фантаст-жазушы – квадрат дәре­жесiндегi жазушы» дей келе А.Мар­хабаев шығармашылығы хақында жылы лебіз білдіргенін айтсақ артықшылық етпес.

Хамағаң әлемдiк фантастика жауһарларымен қазақ оқыр­ман­дарын таныстыруда да тәржi­мешi мәртебесiнде ауыз толтырып айтарлықтай еңбек жасады. Осы­ның айнақатесiз бiр айғағы, орыс фантастикасында өзiндiк ор­ны бар В.Михановскийдiң қазақ­ша сөйлеген романы – «Шек­сiздiкке шеру» («Шаги в бесконеч­ности»). Сол сияқты, Америка фан­тастикасының маңдайалды 16 қиялгерiнiң басын бiрiктiрген жинақ – «Фантастикалық Америка әф­санасы» да Хамаңның ұтымды дүниесi.

Сөз орайы келгенде айта кетейiк, Абдул-Хамит Мархабаев – қазақ әдебиетiндегi фантастика жан­ры­ның тарихы мен теориясын зерт­теушi тұңғыш, оны айтасыз, бiрден-бiр ғалым. Ол 1971 жы­лы «Қазақ фантастикасының қалып­тасу жолдары мен даму тенденциялары» тақырыбында филология ғылымының кандидаттығын қорғаса, 2006 жылы «Қазақ әде­биетiндегi фантастика поэтикасы» тақырыбында филология ғылы­мының докторы атағына диссер­тация қорғады. Зерттеушiлік қор­жынында «Қолыңды әкел, келешек», «Қазақ фантастикасы: кеше, бүгiн және...», «Қазақ фантас­тика­лық әдебиетi», «Қиялгер қи­сындары-1», «Қисынды қазақ қия­лы» атты көлемдi монографиялары бар. Әдiскер-ұстаз ретiнде Хамаң­ның қарымды қаламынан «Ислам – Ғылым, Журналистика», «Ислам iлiмi – ғылым алгоритмi» (Соң­ғысы А.Құрманбаевамен бiрiгiп жазылған) оқулық кiтаптары дү­ниеге келiп, олардан жоғары оқу орындарының студенттерi тұшымды дәрiс алуда.

...Осыдан шамасы алты жыл бұрын ұлағатты ұстазыммен ашық әңгiмелескенiм бар. Сонда Хамаң­ның айтқаны:

_– Фантастика жөнiндегi материалдарды осыдан тұп-тура жарты ғасыр, яғни 50 жыл бұрын жинай бастаппын. 1958 жылғы «Әдебиет және искусство» («Жұлдыз») жур­налындағы Ақжан Машановтың «Қисынды қиял да – әдеби жанр» мақаласы әлi қолымда. Одан соң мен үшiн ерекше қымбат жазушы Виктор Шкловскийдiң ертеректе «Қиял баспалдағы жарға апарып тiрейдi» дегенi құлақ түбiмде әлi күнге дейiн күмбiр қағумен келедi. Содан болар, жетпiс бес жастың желкесiне мiнсем де осы бiр ақ жолдан адаспай келемiн, – деген еді.

Өкінішке қарай, өткен жылдың сәуір айында қазақ әдебиеті қарымды қаламгерінің бірінен айрылды. Асыл ағамыз ғұмырының соңғы жылдары алапат аурумен алысумен өтті. Соның өзінде қолынан қаламын түсірмеген еді. Жас талапкерлердің жазбаларын оқып, өңдеп, бағыт-бағдар берді. Мұны ерлікке тән еңбек десе де болады.

Абдул-Хамит ағамыз ағайынға адал, кімге болса да қызмет етуге да­йын, жүзінен мейлінше жылы шуақ, мейірім төгіліп тұратын, азамат­тықтың заңғары, сара сөздің сардары еді. Осы қаламгерлік мұратының мұзарт шыңына шықса да аспайтын, тасымайтын. Осындай асыл ағамыздың абыройына семіріп, марқайып жүретін журналис­тер жүздеп саналады. Апыр-ай, көбі­міз соңынан қалмай қуалап жүретін «абырой» деген шіркініңіз Хамағаңның ауылына атын байлап, есігіне еңкейіп кіріп, қона жатуға бейімді екен-ау деп таңғалатынбыз. Оның қалам қайратына, шынайы шыншылдығына, әдеби әмбе­бап­тығына қайран қалатынбыз. Қиял­­тану жанрындағы шығар­мала­рын оқығанда, ел мен жер тари­хының тағы бір құпиясын ашқандай күйге түсетінбіз. Содан да оның жарқын бейнесі әркез жүрегімізде.

Еркiн ӘБIЛ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

ҚЫЗЫЛОРДА