Көздің жауын алып, көрген жанды таңғалдыратын дүниелер Ақтөбе қаласындағы қылмыстық атқару жүйесі мекемесінде әзірленген. Қайсысын қалап, сатып алғыңыз келеді – патша көңіліңіз білсін. Шебер қолдың іздері айқын көрініп тұрған шедеврлер ағаш пен металдан, өзге де құрылыс материалдарынан жасалған. Сондай-ақ тігін өнімдерінің жүздеген түрінен жобаланған, қай-қайсысы да сәнді әрі сапалы деуге болады. «Серпін» жәрмеңкесіне келгендер үй мен тұрмысқа қажетті киім-кешектерді, есіктер мен бесіктерді, кәдесыйлар мен қобдишаларды, қазақша әзірленген ет салатын астауларды, нарды мен шахмат тақталарын аттай қалап сатып алып жатты.
Шебердің қолы ортақ демей ме дана халқымыз. «Еңбек» РМК-ге қарасты «Еңбек-Ақтөбе» филиалында жұмыс жасап жүргендердің еңбегі қала тұрғындарының бір кәдесіне жарап жатса, бұған тек қол соғу керек шығар.
Екінші бір ой, бұл көріністің өзі еңбекпен түзеу мекемесінің жазасын өтеп жүргендерді еңбекке тарта білуінің оң мысалы болып табылады.
Республика өңірлеріндегі «Еңбек-Ақтөбе» сипатындағы құрылымдар үкіметке қомақты салық көлемін төлеп отырғанын айта кеткен жөн. Тіпті бұл кәсіпорында жұмыс істейтіндер сотталды демесеңіз, кәдімгі еркіндіктегі ер-азаматтар секілді жалақы алатынының өзі неге тұрады. Бұған өңірдегі еңбекпен түзеу мекемелерінің жанында екі колледж бар екенін қоса айтқан орынды. Мұнда 150-ден астам сотталушы жұмысшы мамандығы бойынша білім алып жүр екен.
Ендеше осынау жағымды жайттардың өзі аяғын шалыс басқан жандардың қалыпты өмірге қайта оралуының оң белгісі бола алады демекпіз.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ