Әдебиет • 18 Сәуір, 2018

Дәстүрлі тәрбие дәрістері: Тыйым сөздер

1989 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Балалық деген балдәурен барлық пенденің басынан өтеді. Балалық па, шалалық па, әлде мына аласапыран, қым-қуыт заманға налалық па, әйтеуір сол балауса ғұмыр базарында білместіктен біршама былғанышты батпақ басатынымыз анық. Сонда бізді балшық-быламықтан бір құтқарса әке-шешеміз құтқарушы еді-ау. 

Дәстүрлі тәрбие дәрістері: Тыйым сөздер

...Ойынның қызығына шым-шым батып-ақ кеткен екенбіз, «жұмысынан әкең келді, сені іздеп жатыр» деген хабар келгенде үйге қарай құстай ұштым. Енді ше, малдың асты тазаланбаған, ас­тау­ға шөбі салынбаған еді. Әкем жарықтық балаға қол көтермейтін. Бі­рақ сұсты көзімен бір қарағанының өзі­ біз үшін жеткілікті.

Сірә, үйге жау қуғандай тасырлатып жүгіріп келсем керек, әкем сесті жү­­зімен тоқтатты.
– Ұлым, бейуақытта үйге қарай жү­гірмейді. Бұл жаман ырым. Үйге қарай кісі қайтыс болғанда көрісуге келгендер ғана жүгіреді. Бұдан былай үйге қарай жүгіргеніңді көрмейін,–деді әкем.

Кім отбасында қаралы жиын бол­ғанды хош көреді дейсіз. Содан бері са­намда осы бір тыйым сөз өшпеспей жазылып қалды.

Мал жайғастырып келген соң бә­ріміз дастарқан басына жиналдық.Ағам кітап оқып отыр еді, нанды бір қо­­лымен үзді.

– Тәйт! Не деген көргенсіздік. Нан­­ды бір қолмен үзбейді, – деп жекіп қал­­ды әкем.

Сөйтсем, бір қолы жоқ шолақ адам­­дар ғана нанды бір қолымен үзеді екен­ ғой.
Ағам қолындағы кітабын тастай са­лып, нанды екі қолымен үзді.

Күні бойы үй тірлігіне көмектесіп, шар­шаңқырап тұрған мен екі қолымды беліме таяп тыныс алып тұрғанмын. Мұны көрген анам:

– Балам, белді таянбайды. Себебі, жақын адамы қайтыс болғанда ғана жоқтау айтып жылаған әйел белін таянады, – деді.

Сол жылдары қазіргідей үстел, орын­дық дегенді білмедік. Сабаққа те­кемет үстінде отырып дайындала­тын­быз. Бірде көршіміздің үйіне кел­дім.

Сыныптасым шаршаған болар, текемет үстінде тізесін құшақтап отыр екен. Баласын көрген әкесі:

– Тізеңді құшақтамай отыр, – деп ұрысып тастады.

Мен үйге келген соң анама көршіде болған жайтты айтып, бұл тыйымның ма­ғынасын сұрадым.

– Балам, тізені құшақтамайды. Бұл «ұрпақсыз қалдым», «қу тіземнен басқа құшақтар басқа нәрсе қалмады» деген жаман ырымды білдіреді, – деп түсіндірді анам.

Түптеп келгенде бізді әке-шешеле­ріміз ырым және тыйым сөздермен тәрбиеледі. Қазақтың өзіндік ұлттық болмысын сақтап қалған халықтық дәстүрлеріміз екенін бүгінде тарихшыларымыз бен ғалымдарымыз да қуаттап, мақұлдап отыр. Өркениет ат­ты өркеуде өкірештердің өңеш­те­­ріне жұтылып кетпей, ғасырдан ға­­сырға жүгіміздің жығылмай жетуі осы қайталанбас қасиеттерімізді кө­зіміздің қарашығындай сақтай бі­луі­мізде десек, шындықтан шыған­дап кет­пегеніміз.

Қазақта тыйым сөздер мен ырым­­­дар әлімсақтан бар десек, қа­телес­пейміз. Мысалы «Ер кісінің жолын әйел адам кесіп өтпейді» дейді. Мұн­да ер азаматтың отбасындағы, қо­ғам­дағы, елді қорғаудағы орны анық­талып тұр. Міне сондықтан ер азаматты әйел баласы құрметтеуі тиіс. «Молаға қарай қолыңды шошайтпа», «Қабірді бас­па», «Төрге қарап жүреңнен отырма», «Түнде тырнақ алма», «Есікті керме», «Күн батарда ұйықтама», «Көкті жұл­­ма»,­ «Құмырсқаның илеуін бұз­ба»,­ «Жуған қолды сілкілеме», «Таң­дайын­ды қақпа», «Бетіңді бас­па», «Екі­ қолыңды тізеңе қойып отырма», «Құлаған үйдің, қораның ішінде дә­рет сындырма» деген сияқты толып жатқан тыйымдарымыздың тәр­биеде алар орны терең. Бұл әуел­гі­де ұрпақты жоғары күш арқылы сес­кендіру, денелерін тітіркендіру ар­қылы тәрбиелеуге негізделген. 

«Күллі ғажайыптардың ішіндегі ең тамашасы – жақсы тәрбиеленген адам» депті Эпиктет деген данышпан. Жақсы қасиет қайдан дариды? Да­ныш­пандар мен ғұламалардың ұрпақ тәрбиесіне қатысты насихат­тары мен өсиеттері, даналық сөздері, ұлтымыздың ырымдары мен тыйым­дары тәрбиенің түп қазығы, тар­қатылмас түйіні. Ендеше ең мықты заңдар халықтың дәстүрлері екенін ұмытпағанымыз абзал.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі