Қызылорда қаласындағы №267 мектептің 6 сынып оқушысының таланты ертерек танылған. Жеті жасынан бастап ойлы суреттерімен таңғалдырған жеткіншек өлең, ертегі және әңгіме жаза бастаған екен.
Алтынайдың жүрек лүпілі танылып тұратын шығармалары республикалық басылым беттерінде жарық көре бастағаннан оған оқырмандар ерекше назар аударған еді.
Қаршадай қыздың әдебиетке талпынысы Мемлекет басшысын да тебірентіп, 2014 жылы «Қазақстан жолы» кітабы сыйға тартылды. 2016 жылы Елбасы Алтынайға шығармашылық табыс тілеп, Алғыс хатын жіберді. Өзінің ізгі тілегі жазылған, қолтаңбасы қойылған «Еуразия жүрегінде» кітабын сыйға тартты.
Балаларға балалардың тілімен жазу керек. Жас болса да өз тұстастарына арнап жазып жүрген Алтынайдың бұл тұрғыда жөні бөлек. Айтқандай, он жасар жазушының «Ертегілер» топтамасы ұлт руханиятының жанашыры, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен жарық көрді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы