Қазақстан • 18 Сәуір, 2018

Жаңа тұрпатты маман дайындау жолы - Алмасбек Әбсадық

1113 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жаһандық өзгерістердің ағымына қарай бейімделіп, төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында жетістікке жету үшін не істеу керек? Елбасының биылғы «Төртінші өнер­кәсіптік революция жағдайындағы даму­дың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдау­ында 10 басым бағыт белгіленді. 

Жаңа тұрпатты маман дайындау жолы - Алмасбек Әбсадық

Нұрсұлтан Әбішұлы еліміздің экономикалық-әлеуметтік жағдайын жаңарту жолында ең басты өзекті мәселе – экономиканы цифрландыру керектігін мақсат етіп қойды. Цифрландыру – адам атқаратын жұмыстарды жасанды интел­лектіге арту деген сөз. Қазіргі кезде да­мыған батыс елдерінде, сондай-ақ Оңтүс­тік Корея, Жапония, Малайзияда жасанды интел­лект құралдардың немесе қарапайым сөз­бен айтсақ, өндірістегі роботтардың салмағы артып келе жатыр. Болашақта адам еңбегінің кейбір түрлерін, ауыр физикалық күшті немесе біртекті қимылды қажет ететін жұмыстарды роботтар алмастыруы мүмкін. Осылайша, адамның қоғамдағы ең басты монополиялық иелігі – еңбек моно­по­лия­сының іргесі сөгіледі. Сондықтан бола­шақ­та жұмыссыздық мәселесінің күр­делену қаупі де жоқ емес. Бұл – ғылыми-техникалық прогрестің дамуынан туындаған заңды көрініс. 

Цифрландырылған экономикада тауар­дың немесе қызметтің өзіндік құнының арзандауына байланысты кіретін табыс та жоғары болады. Өнеркәсіп саласына жасанды интеллекті дендеп енген кезде босайтын жұмыс қолын адами капиталды дамытатын салаларға мамандандыру арқылы шешуге болады. Өйткені болашақта адами капиталды дамыту саласы өте өзекті бола түседі. Адами капиталдың артықшылығы қоғамның басты байлығына айналады. Бұл жерде адами капитал дегеніміз – білім, ден­саулық, мәдени-рухани даму, саламатты өмір салты, экологиялық таза азық-түлік, ортақ, т.б. Цифрланған экономикаға сай жаңа мамандықтар, жаңа қызмет түрлері пайда болары анық. 

Жолдаудың жетінші бағыты «Адами капитал – жаңғыру негізі» деп аталып, білім беру жүйесінің өзекті мәселелерін шешуді көздеген мәселелер көтерілген. Білім саласында жоғары оқу орнының осы бағытта атқарар ісі мен орны өте маңызды. Жолдауда «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс» деп атап өтілген. Жақсы білім бір құрал секілді. Құралы бар кісі жұ­мысты тез әрі сапалы істейді. Біздің жас өркен, жасөспірім жастарымыз бәсекеге қа­білетті маман болуы үшін жаңа негіздегі білім беруіміз қажет. Ол білім өнеркәсіптік, әлеуметтік салалардың сұранысына жауап беруі тиіс. Еліміздің экономикасында шағын және орта бизнестің әлеуеті артып келеді. Жоғары оқу орындары кәсіпкерлік дағдыны меңгерген мамандарды дайындауы тиіс. Қазақстанның әлеуметтік болмысы қатты өзге­ріс үстінде. Соны сезетін әлеуметтің талабына сай мамандар қатары қалыптасуы керек. Демек жоғары оқу орындары бұрынғы клас­сикалық білімнен бәсекеге қабілетті, кәсіп­керлікке бейім мамандарды дайындауға түбегейлі бет бұруы – күттірмейтін мәселе.

Бүгінде ескі түсініктермен жұмыс іст­еп жатырмыз дегеннен аулақпын. Білім жүйе­­сіне көп жаңалықтар еніп жатыр. Оған еш күмән жоқ. Бірақ біз әлі күнге дей­ін классикалық білім беру шеңберінен ауыт­қымай келеміз. Бұл білімге, дағдыға де­ген қоғам мен экономиканың талабы өз­гер­ген уақытта аздық етеді. Кәсіпкерлік әлеу­меттік құбылысқа айналды. Әлеуметтік мәселенің сан қыры бар екені әлімсақтан белгілі. Ал біз маман дайындауда мұны ескеріп отырған жоқпыз. Мысалы, жоғары оқу орындарында балаларды тәрбиелейміз деп әлі күнге тәрбие ісі жөніндегі проректор лауазымын белгілейміз. Кәмелетке толған, елдің азаматы атанған адамды қайта тәрбиелемекпіз бе? Керісінше жоғары оқу орны оқуға түскен жас азаматтың мәдени, рухани, азаматтық дамуына жол ашып, оларды бәсекелестікке қабілеттілік тұрғысынан дамытқан әлдеқайда тиімді емес пе? Біз бар мәсе­лені коммунистік түсінікке тірейтін кеңес­тік идеологиядағыдай емес, тәрбиені адам баласының бәсекелестік қабілетімен байланыстыруымыз керек. Соның ішінде адам­гершілік, рухани кемеңгерлік, рухани даму жөніндегі мәселе қалып қоймағаны жөн. Бәсекелестік дегенде «Адам адамға – қасқыр» деген түсінікті ұстанбауымыз қажет. «Адам адамға – дос, бауыр» деген ұстаным күн тәртібінен түспеуі керек. Білім са­ла­сындағы бәсекелестікті Президент үш­тіл­ділік тұрғысынан дамытуды үнемі айтып келеді. Қазақстанның көптеген азаматтары екі тілді. Үшінші тіл – ағылшынды меңгеретін болсақ, онда біздің ақпараттық кеңістігіміз кеңейіп, білім саласында жасалатын жаңалықтар көбейері сөзсіз. 

2016 жылдың маусым айының басында Назарбаев университетінің ұйымдас­ты­руымен «Қазақстан Республикасы жоға­ры оқу орындары басшыларын (топ-менед­жер­лерін) даярлау және біліктілігін арттыру» курсы бағдарламасына қатысу сәті түсті. Курс «Кәсіпкерлік университет» деп аталып, оның бағдарламасы 3 кезеңнен тұрды. Соның екінші кезеңі Оңтүстік Кореяда өтті. Оңтүстік Кореяның білім-ғылым сала­сындағы жетістіктері һәм тәжірибесімен танысу мақсатында Сеулде болғанымызда, шет тілін меңгерудегі сол елдің стратегиясы қызықтырды. Мектепте оқушы қай тілде білім аламын десе де мүмкіндік жасалған. Бірақ мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына түсемін деген талапкердің алдынан ағылшын тілі күтіп тұрады. Себебі жоғары оқу орны бағдарламасының 40 пайызы ағылшын тілінде. Жоғары оқу орнында білім алғыңыз келе ме, осы талапқа көнесіз. Демек мектеп бітірген соң жоғары оқу орнында оқимын деген азамат алдында не күтіп тұрғанын біледі. Екіншіден, бакалавриат бітірген жас магистратураға, докторантураға түсетін болса да ағылшын тілін 100 пайыз меңгеруі керек.

Олар магистранттарды өз жерінде, ал докторантураны АҚШ пен Ұлыбританияда оқытқан. Сөйтіп шетелде білім алып, елге оралған PhD мамандары бакалавриат, магистранттарға дәріс беріп, оларды мамандыққа баулыған. Біз барған КAIST атты университет әрбір студентті, әсіресе магистратураға түскен студентті кәсіпкерлікке дайындайды. Магистратурада оқуға талпынған талапкер өзінің бизнес идеясын да ұсынады. Егер бизнес жобасы көңілге қонымды болса, жақсы баға алады. Магистратура оқу барысында сол жобаны жүзеге асырып, оқу бітірген соң өзінің бизнесін нарыққа қоса алатын маман болып шығады. Бүгінгі адам капиталы деп отырғанымыздың мәні осында. Еліміздегі ЖОО-да адамды бағалау, оны кәсіпкерлікке баулу жағы кемшін болғандықтан, бітіруші мамандар да кәсіпкерлікке бірден мойын бұра қоймайды. Жолдауға сүйенетін болсақ, біз студенттерді бакалавриат кезінен бастап кәсіпкерлікке баулуымыз керек. 

Қазір білім бағдарламасы екі жыл сайын жаңаруда. Алдағы уақытта біздің төрт жылда берген біліміміз кәдеге аспауы әб­ден мүмкін. Сондықтан мамандықтың шең­бе­рінде қалып қоймай, дүниетанымы кең, ой­лау қабілеті креативті жастарды тәр­бие­леуіміз керек. Әлі күнге идеологиялық мақ­саттағы мәселелерді бір қалыппен кірпіш құй­ғандай, тар шеңбердің аясында ғана оқытамыз. Жастарға «неге кәсіпкер болмайды?» деп кінә да артамыз. Қазіргі заманда университеттердің миссиясы болашақ маманды нарық заңдылығына бейімделе алатын, тың идеялар тауып, тығырықтан шы­ғатын, психологиялық, физикалық тұр­ғы­дан дайын, саламатты азамат ретінде тәрбиелеуге көңіл бөлуі керек. ЖОО-дағы миссия дұрыс қойылмай, жаңа заманға бейімделген мамандар шықпайды.

Дамыған елдерде ЖОО-ны бітірген түлектердің барлығы мамандықтары бойынша жұмыс істемейді. Өзімізде де дипломына сай келмейтін жұмыс істеп жүрген жас­тарға көзқарас түзелуі тиіс. Әлемдік үрдіс сондай. Нарықта өз мамандығы бойынша орын табылмады ма, жеке кәсібін ашып, идеясын дамытатындай адам болуы керек. Біз уақыттың осындай талаптарына ілесе білсек, Президенттің Жолдауында айтылған бәсекеге қабілеттілікті игеруді де орындаған болар едік.

Алмасбек ӘБСАДЫҚ,
филология ғылымдарының докторы, профессор

ҚОСТАНАЙ