Атыраулық жас спортшылар испандық клуб жаттықтырушыларының жоғары бағасына ие болған. Бұқаралық спортты дамытуға бағытталған қадам тағы бір тың шарамен жалғаспақ. 30 сәуірде Атырауда алғашқы жаппай қайырымдылық веложарысы өтеді.
-Веложарыс аясында қайырымдылық жәрмеңкесі мен аукцион ұйымдастырылады. Онда «Астана» велокомандасының бағалы лоттары сатылымға шығарылады. Сатылымнан түскен ақшалай қаражат олимпиадалық резервтегі балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің велоспорт бөлімін спорттық жабдықтармен қамтуға жұмсалады. Велоспорт бөлімінде 10 мен 16 жас аралығындағы 80-ге жуық спортшы дәріс алады, - дейді аталған қоғамдық қордың өкілі Таңат Нұршин.
Шараға «Астана» велокомандасы мүшелері, велоспорттан олимпиада чемпиондары Александр Винокуров пен Зульфия Забирова, ауыр атлетикадан әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Илья Ильин және атыраулық 1000-ға жуық велоспортсүйер қауым қатысады деп күтілуде. Махамбет атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры алдындағы алаңнан басталатын 9 шақырым жолда кімнің оза шабары әзірге белгісіз, тіркелу басталды.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ