Ұлыбритания мен АҚШ Ресейді айыптады
Ұлыбританияның Ұлттық компьютер қауіпсіздігі орталығы және АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігі мен Федералды тергеу бюросы Ресей билігінің тапсырмасымен хакерлер екі мемлекеттің интернет инфрақұрылымының негізгі объектілерін бұзбақшы болды деп бірлескен мәлімдеме жасап, жаһандық хакерлік кампания жүргізіліп жатқанын айтты. «Хакерлер желілік жабдықтарды бақылау қызметін өз қолына алмақшы. Болашақта бұл кибершабуыл жасауға әкелуі мүмкін», делінген мәлімдемеде.
Ақ үйде өткен баспасөз конференциясында киберқауіпсіздік мәселесі бойынша координатор Роб Джойс АҚШ пен оны қолдаушы мемлекеттер хакерлік кампанияны Ресейдің жүргізіп отырғанына сенімді екенін жеткізді. Оның айтуынша, хакерлер желілер арқылы өткен ақпаратты бақылап отырған. Сонымен қатар желілік қорғаныс пен хакерлік шабуылды анықтайтын жүйелерді де бұзбақшы болған. «Соңғы айларда әртүрлі ұйымдар өндірістік шпионаж жүргізетін, бизнес-ақпараттарды немесе клиенттер туралы мәліметтерді жинайтын кибершабуылға тап болды. Біз мұндай кибербелсенділік кезінде оны ұйымдастырған Кремльге болсын, басқасына болсын, жауап қайтаратын боламыз», деді Р.Джойс.
Ал Ұлыбританияның Киберқауіпсіздік ұлттық орталығының басшысы Сиаран Мартин бұл мәлімдеменің жариялануы маңызды оқиға екенін атап өтті. «Бұған дейін АҚШ пен Ұлыбритания кибершабуылдарға қарсы тұру туралы бірлескен мәлімдеме жасап көрмеген еді. Ұлыбритания Америкамен бірігіп, Ресейдің кибершабуылдарын әшкерелеп, жауапқа тартатын болады», деді ол. Мәлімдемеде айтылғандай, жаһандық хакерлік кампания инфрақұрылым, мемлекеттік мекемелер мен ірі фирмаларға қызмет көрсететін интернет-провайдерлерге қарсы әрекет еткен.
Еуроодақ Иранға қарсы жаңа санкция салмайтын болды
Еуроодақтың сыртқы істер министрлері Люксембургте өткен кездесуде Иранды Сириядағы жағдайға араласып, адам құқықтарын бұза отырып әскери дайындық жүргізуге көмектесті деп айыптады. Дегенмен Еуроодақ Иранға қарсы шектеу шараларын қатаңдату туралы шешім шығара алмады. Брюссель университеті профессорларының айтуынша, Германия, Франция мен Ұлыбританияның іскер топтары Иранмен жасалған тиімді келісімшарттарды бұзғысы келмегендіктен осындай жолға барып отыр.
«Иран БҰҰ-ның, Еуропарламенттің сыни баяндамасына қарамастан, өзінің міндеттерін орындамады. Еуроодақ Иранмен байланысты үзгісі келмейді. Себебі еуропалықтар америкалықтарға қарағанда экономикалық факторларға тәуелді», деді олар.
Енді 12 мамырда Вашингтон Лондон, Берлин, Парижбен ақылдаса отырып, Иранның ядролық бағдарламасы бойынша бірлескен әрекеттер жоспарына қатысатынын немесе қатыспайтынын жариялауы керек. Ал Дональд Трамп бұл жоспарға Ислам Республикасының баллистикалық ракеталары туралы ереже енгізуді талап етіп отыр.
Қытайда ардагерлер ісі министрлігі құрылды
Дүйсенбі күні Қытайда ардагерлер ісі министрлігі ресми түрде өз жұмысын бастады. Бұл министрлік мемлекеттік органдар мен партияның ірі реформалары аясында құрылды. Жаңадан құрылған министрлік ардагерлерді қорғау және басқарудың орталықтандырылған жүйесін құру, жетілдіру жұмыстарымен айналысатын болады.
Министрлікті таныстыру рәсімінде белгілі болғандай, бұл орган азаматтық өмірдегі ардагерлер рөлін көтеру мақсатында ғана емес, сондай-ақ жастарды әскер және қорғаныс саласына тарту үшін құрылған. Қытай билігі жаңа министрлік ардагерлердің заңды құқығы мен қызығушылығын қолдап, қызмет көрсетіп, әскери қызметтің қоғамдағы орнын арттырады деген сенімде.
Google Play Store қосымшалары балаларды заңсыз аңдуы мүмкін
Proceedings on Privacy Enhancing Technologies журналында «Балалар туралы кім ойлайды?» атты зерттеу мақала жарияланды. Онда Google Play Store дүкеніндегі балаларға арналған тегін қосымшалар туралы ірі зерттеу нәтижесі туралы айтылған. Авторлардың жазуынша, аталған дүкендегі балаларға арналған көптеген қосымшалар балалардың құпиялылығы туралы заңға қайшы жұмыс істейді.
Жеті зерттеуші балаларға арналған 6 мың қосымшаны зерттеп, олардың көпшілігі ата-ананың рұқсатынсыз 13 жасқа толмаған балалар туралы жеке мәліметтерді жинағанын анықтады. Берклидегі Калифорния университеті ғалымдарының айтуынша, қосымшаларда балаларды аңдитын бағдарлама енгізіліпті. Бірақ мұндай бағдарламаның балаларға арналған қосымшаларда қолданылуына тыйым салынған.
Мақалада айтылғандай, көптеген қосымша арқылы құпия мәліметтер алынып отырған. Тіпті, баланың жүрген жері, телефонындағы байланыс нөмірлері секілді мәліметтер де бірден жиналған.
Google әзірге ғалымдардың зерттеуі туралы пікір білдірмеді.
Дайындаған Гүлнұр Қуанышбекқызы,
«Егемен Қазақстан»