Әрқайсысы 10 000 данамен жарық көрген 18 оқулық гуманитарлық білімнің барлық бағыты бойынша, атап айтқанда философия, әлеуметтану, психология, экономика, менеджмент, кәсіпкерлік, дінтану, лингвистика, мәдениеттану, антропология мен журналистика секілді әлемдегі ең үздік университеттердің, көптеген жоғары оқу орындарының білім беру процесінде кеңінен қолданылатын озық оқулықтар болып табылады. Олардың 16-сы – ағылшын, біреуі – француз, енді бірі орыс тілінен тәржімаланған екен. Бұлардың мемлекеттік тілге тәржімалануы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстардың тиімді нәтижесінен. Өйткені бұрын-соңды әлемдік гуманитарлық ғылым дәл мұндай көлемде қазақ тіліне аударылып көрмегендігі бәрімізге аян.
Былтыр осы «100 оқулық» жобасы жариялана салысымен еліміздің жоғары оқу орындарынан 800-ден аса оқулықты мемлекеттік тілге аудару туралы ұсыныс түскенін естіген болатынбыз. Бірақ арнайы құрылған комиссия шешімінен кейін «Философияның қысқаша тарихы», «Экономикс», «Кәсіпкерлік теориясы» сынды кітаптар іріктеліп, белгілі француз философы Реми Хэсс, әлеуметтану ғылымының ең беделді өкілі Джордж Ритцер, антрополог ғалым Алан Барнардтардың еңбектері қазақ тіліндегі ғылыми еңбектердің қатарына келіп қосылды. Аталған еңбектер кемінде баспадан 3 қайтара басылып шыққан, соңғы басылымдары өткен 3 жыл көлемінде жарық көрген екен. Демек осыған қарап-ақ бұл еңбектердің қаншалықты сұранысқа ие екенін бағамдай беруімізге болатын секілді. Жалпы, нарықта бұл кітаптардың бағасы анау айтқандай арзан да емес. Кейбірінің құны 280 долларға дейін бағаланады. Неге десек, мұндай бір кітапты құрастырып басуға 500 000-нан 3 млн АҚШ долларына дейін қаржы жұмсалады екен. Өзгесін айтпағанда, жалғыз «Құдайтану баяны» оқулығы Ұлыбританияда 30 фунт тұрады. Ал қазақстандық студенттер Елбасы саясатының арқасында осындай құнды еңбектерді тегін оқып, ілім-ғылым әлеміне еркін құлаш сермей алатын мүмкіндікке ие болып отыр. Осыны меңзеген президентіміз «Осы оқулықтар арқылы біздің ғалымдарымыз да қуат алып, серпін алып, түбінде жазатын шығар деп ойлаймын. Сондықтан жас ғалымдарымызға рух беріп, ізденістің жолына салып, өзіміз де осындай оқулықтарды, осындай еңбектерді шығаруға болады деп мен сенемін!» деп өскелең ұрпақ арасынан әлемге әйгілі ғалымдар шығады деген өз сенімін де білдіре кетті.
Мамандар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан бұл бастамаларды ұлттың ұзақ мерзімді даму жоспарына балайды. Сондай-ақ бұл жобаны ғылыми қазақ тілін қалыптастырудағы бірегей қадам деп есептейді. Себебі тіліміз халықаралық ғылыми лексиконмен толығуда. Тек осы 18 оқулықтың негізінде ғана қазақ тілінде 3000-нан астам ғылыми терминдер мен ұғымдар пайда болып үлгеріпті. Кез келген тәуелсіз мемлекет сана сезімімен ойлау қабілетін өзіндік жүйеде қалыптастыра білуі керек. Бір сөзбен айтқанда, бұл ұлт боламын деген елдің негізгі мақсат-мүддесі. Қазақстан осы қағиданы тәуелсіздік алған кезеңнен бері ұстанып келеді. Осы ретте Елбасы қазақ әліпбиінің латын графикасына көшірілуі ана тіліміздің кемелденуі жолындағы қабылданған маңызды шешім екендігін еске салып өтті. Адамның сана- сезімінің қалыптасуы бала кезден бастау алатындықтан дәл осы шақта өскелең ұрпақ бойына сапалы білім нәрін сіңіре білу өте маңызды екендігін сөз ете келіп, қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық жобасы отандық жоғары оқу орындарын дүние жүзіндегі ең озық тәжірибесімен таныстырып, оларды әлемдегі маңдайалды университеттер деңгейіне шығаруға жол ашатынын да тілге тиек етті.
Қоғамдық сананы өзгерту ісінің тірегі жаңа мазмұнға сүйенетін білім беру жүйесі екеніне де ерекше тоқталған Президент жоба аясында атқарылған жұмыстарды оң бағалап, «Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының жүзеге асырылу барысымен таныса отырып, әлемдегі үздік оқулықтардың қазақ тіліне аударылған нұсқасы биылғы оқу жылында білім беру бағдарламасына енгізілсін деген тапсырма жүктеді. Әрине бірінші кезекте алдымызда «Рухани жаңғыру» жобасы аясындағы кешенді міндеттердің бірі әлемдік деңгейдегі үздік оқулықтардың жыл соңына дейін заман талабына сай тағы 30-ын мемлекеттік тілге тәржімалау міндеті тұр.
Қалай дегенмен де осынау қазақ ғылымына келген тың жаңалық біз секілді талай жоғары оқу орны ұстаздарының жүректеріне жалын, қабілеттеріне қанат бітірді деп ойлаймын. Жеке өзімнің көңіл күйімді білдірер болсам, өзім дәріс беретін «Журналистика» ғылымының оқулықтарын қолыма ұстап көріп, сол еңбектермен студенттердің талаптарын әрі қарай шыңдайтын күнді асыға күтіп жүрмін.
Сосын бір айта кетерлігі: аталған жаңа оқулықтар:
1. Кәдімгі кітап түрінде
2. 100 kitap.kz сайтында онлайн түрінде.
3. Үздік лекциялардың видеотекасы деген секілді 3 форматта болатыны да көңілге қуаныш сыйлады. Яғни тәлімгерге де, білімгерге де қолжетімді әрі қолайлы болмақ.
Сонымен бірге алдағы уақытта оқулықтар оқу орындарына тегін таратылып, электронды нұсқалары Openu.kz ашық платформасына да енгізілмекші. Бәрекелді! Елбасымыздың сарабдал саясаты болашағымыздың бағдарын айқындап, рухани дүниемізді байытып жатқанының айқын дәлелі бұл.
«Оқы және үйрен. Маңызды кітаптарды оқы. Қалғанын өмірдің өзі үйретіп береді» деп Достоевский айтпақшы, адами қатынастардың әрқилы көріністерін жарқын сипаттайтын ойшыл жазушылар жазатын кітап – тұнып тұрған қазына екенін білеміз, олай болатын болса, бұл құнды еңбектердің Қазақстанның болашағын жасайтын жас ұрпаққа заманауи ғылым-білімді меңгертіп, елімізді дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосу жолында тигізер үлесі айрықша зор болмақ.
Айбек ТҰРҒАНБЕКҰЛЫ,
UIB университеті