Театр • 19 Сәуір, 2018

Атырау театры – Алматыда

962 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сексен жылдық тарихы бар Махамбет атындағы Аты­рау облыстық драма театры бес күн бойы алматылық көрермендерді шығармашылық әлеуетімен таныстырып, тың туындыларымен қуантпақ.

Атырау театры – Алматыда

Іргесі 1938 жылы қаланған өнер шаңырағының облыс театр­лары арасынан суыры­лып шығып, жақында ғана «ака­демиялық» жоғары мәр­тебе иеленгеннен кейінгі алғашқы сапарын рухания­т астанасы Алматыдан бастауы тегін емес. Астананың 20 жыл­дығы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өте­тін гастрольдік сапарға бай­ланыс­ты өткен баспасөз жиы­­нына модераторлық жа­саған Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Әлия Бөпе­жа­нова үлкен тұлғалар бас­шылық жасаған театрдың тарихына аз-кем тоқталып, өтке­ніне шолу жасады.

Аты­рау театрының алғашқы ұйым­дастырушыларының қатарында қазақтың ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін салушылардың бірі Жұмат Шаниннің есімі аталады. Шаниннің басына бұлт үйіріліп, Мәскеуден көңілсіз қайтып келе жатқан жолында Орал қаласына түсіп қалып, сол жердегі театрдың көркемдік жетек­шісі болып қызметке қала­ды. Жайық өзенінің жаға­сына алқа-қотан қонған көр­шілес Атырау облысына гас­трольдік сапармен келеді. Бұл кезде Атырауда алғашқы өнер студиясы ашылып, Шанин жаңа­дан ашылған студияның жас буын өкілдеріне сабақ бе­ріп, ақыл-кеңесін айтып, сахна­да ойнауға талпынғандардың тұсауын кеседі. Жұмат Шанин секілді кәсіби маманның та­ғылымын көргендер театр өне­рінің өзіне ғана тән дәстүр-мек­тебін қалыптастырып, талай мықтының майталман атанып, маңдайы жарқырап танылуына жол ашады.

Жуырда өткен «Сахнагер- 2018» ұлттық бәйгесінде «Ең үздік менеджер» атанған театр­дың директоры Берік Жәменов сапар мақсатын былайша түсіндірді.

– Кезінде М.Әуезов атын­дағы театрдан кейінгі, жалпы еліміздегі екінші тұлғалы театр Махамбет атындағы Атырау драма театры болғанын ескі көздің бәрі де тегіс мойындайды. Былтыр мен биыл театр үшін жақсылыққа толы жылдар болды. Әр театрдың өрлеуі, бағы жанатын кездері болады. Театр құрамы жастармен, жаңа режиссерлермен толығып, өткір, мазмұнды дүниелерді сахналауды қолға алдық. Ал­матылық көрермендерге Р.Кип­лингтің «Маугли», Иран-Ғайып­тың «Сүйінбай», Ш.Айт­ма­товтың «Мәңгүрт», «Бет­пе-бет», Е.Домбаевтың «Ке­лін» және Р.Отарбаевтың «Бас» дра­малары ұсынылып отыр, – дейді театр директоры Берік Жәменов. Сондай-ақ ол аталған академиялық қазақ драма театрынан жастар театрын бө­лек шаңырақ етіп шығарып, облыста екінші облыстық театр құру жос­парда бар екенін айтты.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ