Қайран Ахаң қазақтың көне салтын сарша тамыздың сары қымызындай аңсаушы еді. Әр сөзі селеулі даланың ақ бұйра толқынындай құлаққа күй болып еніп, еңселі тұлғасы мен құймалы күміс шақшасы, қиырды шолып қарайтын қыран қабағы, кере қарыс жазық маңдайы, көненің көсем салындай маңғаз жүрісі қандай еді...
Хош сонымен... қазақтың басынан бағы тайып, бодандыққа бас иген ХІХ ғасырдың орта тұсында Сарысу-Түгескен бойын жайлап жатқан бес мейрамның бірі қуандық елінде Құтжан деген қажы өтіпті.
Бірде Құтжекең елдің екінші бір ірі шонжары Бақа батырмен болымсыз оқиға үшін шарпысып қалып, кикілжің созылмалы дерттей жазыла қоймапты.
Сол жылдары елде болыстық сайлау өтіп, Құтжекең өз атын ұсынады. Қызық болғанда бұл кісінің кандидатурасын Ақмоладағы ояз бекітпей тастапты. Тектеп көрсе, бір қулар араға адам салып, тілмаш арқылы ояздың жемсауын толтырып тастаған.
Жағдайға қаныққан Бақа батыр беліне қанжарын байлап, бес қаруын асынып ояздың кеңсесіне басып кіріп: «Бунт будет... бунт будет» деп ағаш еденді найзаның дүмімен соқылайды. Оязға да жан керек оның үстіне «бунт» деген жақсы дүние емес. Дереу мәселені жаймашуақ талқылап, ана алаяқты шақырып алып, парасын өзіне беріп, Құтжанның жолын ашады.
Сөйтіп көңілі жайланған жұрт жау түсіргендей жайраңдап елдеріне қайтады. Сөздің реті келгенде бір азамат Бақа батырға «Уа, батыр, бізге мынаны түсіндіріңізші. Сіз Құтжанмен араз емессіз бе? Енді міне, сол бақталасыңыз үшін ата жау оязды тоқпақтадыңыз? Не себептен Құтжанның жыртысын жырта қалдыңыз?».
Сонда батыр қатуланып: «Өй, шірік неме, Құтжанмен мен аразбын, бірақ намысым араз емес, соны да түсінбейсіңдер ме! Бұл жерде елдің намысы кетіп бара жатқан жоқ па?» деп, қасындағы қаптаған атқосшыларына алайып бір қарап, сонау көз ұшында мұнарланып тұрған Иманақ тауын бетке алып тартып отырыпты.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»