Әдебиет • 20 Сәуір, 2018

Ерлан Жүніс. Энтелехия (поэтикалық ойлар)

2208 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ерлан Жүніс. Энтелехия (поэтикалық ойлар)

БУМЕРАНГ

Қар лақтырып ойнадық өткенге,

өтіп жатқан уақытқа:

Көктемде –

айна сынды.

 

КӨРҰҒЛЫ

Күйзеледі әлем

тамып түсе алмай

қалам ұшынан...

 

ЖАЛҒЫЗДЫҚ

Бірін бірі

іздер болса адамдар,

білер еді – жоғалғанын бәрінің...

 

МҰРАТ

Жалқы таудың етегінде,

таңда туған көбелек

шыңында өлді,

жұлдыздарға ескерткіш боп қанаты.

 

УАҚЫТ

Бір топ бала маған қарай жүгірді,

құлағыма жетті үні,

екпіні – шашымды ағартты.

 

ОРТАҒАСЫР

Адыраспан түтіні

сыған қыздай билейді,

жанарында Сайфтың.

 

ЕСТЕЛІК

Бала күнгі дауысым,

жаңғырып тұр – алыстағы тауларда,

ғарыштағы əн сынды.

 

ЖАНЖАЛ

Ағаш үйдегілер от жақты.

Құптанда күн шықты.

Жапырақты шөл қысты.

 

ҚҰЛАҒАН КОМЕТА

От болып

лаулап кеп,

заулап кеп,

қара жерге зырқ етті

ауыр сөз.

 

АЙҚАЙ

Жұлдыздар

шытынап қирады,

сынығы

жүректі тілгілеп.

 

ЖАҢБЫРЛЫ ТҮНГІ ТҮС

Бір батып,

бір шығып,

қалқып жүр қарулар,

балалардың көз жасында.

 

ПИГМАЛИОН

Өз жанын ақын халықта сақтайды,

Ал халық болса –

Ақында.

 

ЖАҺАНДАНУ

Әппақ далама

кіріп келді әлем,

аяғын сүртпестен.

 

ЫҢҒАЙСЫЗДАНУ

Неткен жұмсақ туған жер тастары,

Неткен қатты еді алақаным.

 

УАҚЫТ ҚЫТЫҒЫ

Қыш құмыра ішінен

жаңғырып естілді

Гомер күлкісі.

 

ЦУНАМИ

Үріккен шағала

теңізді сапырды,

жағалауды шайды.

 

ТУРБУЛЕНТТІЛІК

Құс шеңгелінде

ұшады қоян,

ұшақта алма домалай...

 

ТІРШІЛІК

Таулар түнде көшеді,

балапаны ұлардың

жұмыртқасын жарғанша.

 

ТАЗАЛЫҚ

Еліктің лағы ойнайды баламменен.

Бабам аңға шықпады ма

ұл тапқанда алалы.

 

ЖОҢЫШҚА

Əрбір жазда мына белес жап-жасыл,

өзгермейді.

Бірақ жылда танымайды мені олар.

 

АРБА ДОҢҒАЛАҒЫ

Ат жалыққан əуеннен

қиялында баланың

Моцарт туды.

 

ҚЫР

Қырға кетіп, қаңғырдым.

Мен қалаға бара алмаймын,

Бала қаздың қатайғанша қанаты.

 

КӨШПЕНДІ

Бұл тау бұрын қыз болыпты деседі,

мен де бұрын құс болғам,

қондым ба екем иығыңа?..

 

ЖАҢА ӨМІР

Бақ ішінен ұшып шығып балапан,

шиқ-шиқ етіп кезіп жүрді ауланы

көк алманың иісіндей.

 

ТАРАЗ ШИЕСІ

Шираз сұлуының ерніндей,

Шам ойшылының ұятындай,

Афина шешенінің тіліндей.

 

ДƏЛЕЛДЕУ

Зілзаланың

дəлелдеуі қажет пе,

ол зілзала екенін?

 

ТҮС ƏЛЕТІ

Көз шырымын алсамшы,

шулай қонып үстіме,

алма ағаштың гүлдері.

 

МАЗАСЫЗДЫҚ

Инелік неге көзін жұмбайды,

неге тып-тыныш

мына түн?..

 

ШАРАСЫЗДЫҚ

Жалаңаш жартаста

қалғиды барқын,

қарға даусынан құлағы тұнып.

 

СЕБЕПСІЗДІК

Құстарға жем бердім

қолымнан,

қанатын алғам жоқ.

 

БƏЙЕК

Жапырақтан тамшы тамып түскенше

дүниеде дегбірсіздік туылып,

маған өтті.

 

КӨТЕРІЛІС

Олар ұзақ жылдар бойы қол созды –

айналғанша найзаға ол...

 

АЛЛЮЗИЯ

Балаға доп жер секілді.

Жер доп секілді бала емеске.

 

ЕСКІ ҒИМАРАТ

Тарихта кіретін есік бар,

шығатыны жоқ.

Шам – шіркейлер мазары, жарыққа ұмтылған.

 

КӨНЕ ҚҰМЫРА

Адам егер бəрін де ұмыта алса –

босар еді де, қирар еді,

тыныштықтың ащы даусынан.

 

ӨРКЕНИЕТ

Адам өзін іздеп жүріп

бір күні

тауып алды маймылды.

 

ПИРАМИДА

Сəби күнін түсіре алмай есіне,

суретіне қарайды олар таңданып.

 

ЖИНАЛЫС

Күн астында көп адам,

мен бір маңда тыншимын,

құс қанаты көлеңкесін түсірген.

 

БАЛБАЛ

Екі қазақ сөйлесіп тұр далада,

қарай қалсам,

тас боп қата қалады.

 

БҰЗЫЛҒАН ҮЙ

Мына кілт,

енді ешбір есікті ашпайды.

 

ҚАЛАУ

Тауға шығып айқай салғым келді де,

өрмеледім,

шыңында –

сыбырласып отыр екен екі адам.

 

СИЗИФ

Тастың

жаны,

еркі,

мəні,

серті,

ырқы,

қалауына – қарсылық!

 

ГОРГОНА МЕДУЗА

Ескерткіштер –

өзі өзіне тіке қарай алғандар.

 

ЖОҒАЛҒАН ҰРПАҚ

Қар жауып,

басылды.

Ең соңғы ақ ұлпа

қайсысы екенін ешкім де білмеді.

 

ПІКІР

Жайын өзін жағалауға лақтырды,

мұхит оны сезген жоқ.

 

ӨМІР АҒАШЫ

Желге ілесіп кетті жалғыз жапырақ,

енді əлем өзгерді,

мүлде өзгерді.

 

ПАЙДАЛЫЛЫҚ

Жапан түзде жатқан тасты көтерме.

 

ПОЛИГОН

Дала толқып жатыр тұнық теңіздей,

көрінеді ағарып

бабалардың сүйегі.

 

А Бао А Ку

Адам баласы есейген сайын,

армандары

неге ұсқынсыз?

 

ДОРИАН ГРЕЙ

Өзіне алып адам күнәсін,

сөздер өледі,

бейуақ.

 

КҮТУ

Жолға қарап тұрды жар.

Жапырақтың бояуы

ағып жатты көзінен.

 

ӨКПЕЛЕУ

Хат жазды да жыртты оны.

Кейде адамға жазу керек жай ғана,

теңіз түнде шулағандай.

 

ҚЫЗҒАНУ

Саған қарап тұрғандарды көргенше,

аңғармаппын,

кеткеніңді құлпырып.

 

КӨКТЕМ

Қоңырау шалды белгісіз нөмір

үздіксіз,

үздіксіз жауды жаңбыр да.

 

ДИХОТОМИЯ

Мен саған бару үшін гүл аламын,

ал гүлді алу үшін саған барам.

 

ƏСЕР

Сұлулар кетеді,

өлеңдер қалады

Алматыда.

 

ДАУЫЛ

Сол түнгі нөсерде

жаумаған жалғыз бұлт -

шындықтың бұлты еді.

 

Ерлан ЖҮНІС