Медицина • 20 Сәуір, 2018

Отбасылық дәрігердің бәрі педиатр емес

881 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Таяуда еліміздегі балалар хирургиясы мен травматологиясының негізін қалаған танымал дәрігер, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Камал ОРМАНТАЕВПЕН әңгімелескен едік. 

Отбасылық дәрігердің бәрі педиатр емес

– Камал Сәруарұлы, бірде «қорқа-қорқа батыр болған адаммын» деп көпшілікті бір күлдірген едіңіз. Ащы пі­кі­рі­ңізді айналаңыз қалай қа­былдайды?

– 1980 жылы Алматыдағы Педиатрия институтының директоры болып тағайындалдым. Ол кезде «Ана мен баланы қорғау институты» деп аталатын. Жасым 44-те. Жігіт үшін қылшылдап, құлшынып тұратын шақ емес пе? 1932 жылы құ­рылған, Орманов көшесінде кі­лең жатаған үйлердің ортасында орналасқан Педиатрия институтының ғимараты ескі, маңайы мазасыз болатын. Абалап ит үреді, сықырлап арба жүреді. Республикалық дәрежедегі ме­кеме болғандықтан, түрлі ғы­лыми конференциялар өтіп тұ­­ратын, шетелден қонақтар көп келетін. Содан 1982 жылы Ор­талық Комитеттің бірінші хат­шысы Д.Қонаевқа кіріп, ме­кемені жаңадан салынып жат­қан облыстық аурухананың ғи­маратына көшіруді сұрадым. Көп ұзамай жаңа ғимаратқа қо­ныс аудардық. Сол жылдары инс­титутқа «Достық» ордені берілді. Мені сыртымнан ғана білетін адамдар: «Ормантаев ар­мансыз өмір сүрген адам ғой, жастайынан танылды, сүйген ісімен айналысты, бар марапатты иеленді, ұлттық медицинадағы ең танымал тұлғалардың біріне айналды» деп ойлауы мүмкін. Алайда көпшілік жалған жала­ның, қиянаттың құрбаны болға­нымды, арыз бен өсектен аяқ алып жүре алмай қиналған кез­­дерімді біле бермейді. Кең қа­зақ бәрін кешіреді екен. Бірақ өзі­нен білімі, таланты асқанды еш кешіре алмайтынына көзім жет­ті. Білімі артып бара жатса, еңбегіне қарай құрметке бө­лене бастаса, аяқтан шалуды, құр­дымға кетіруді ойлайды екен. Талант өнер­де, әдебиетте ғана болмайды. Си­­­рек те болса медицинада кез­­­де­сетін оқшау қабілеттің кө­рі­­нісі – С.Жошыбаев, С.Бал­мұ­ханов, Б.Атшабаров, Т.Шар­ма­нов сияқты біртуар азаматтар дер едім. Бір айдан кейін Ми­нистрлер кеңесінің төрағасы Нұр­сұлтан Әбішұлы шақырып: «Сізді жұмыстан негізсіз бо­сат­қан екен. Ешқандай кінәңіз жоқ. Жұмысыңызды қайта жал­ғастырсаңыз қайтеді?» деді. «Мен ғылымға берілген адам­мын. Білмей істеген қа­те­лік­те­рім болуы мүмкін. Бірақ әде­­йі істеген қылмыс, қия­на­тым жоқ. Медицинаға ең­бегі сің­­­ген көп адамдарды даяр­ла­ғаным да сондықтан» деп жауап бердім. 1993 жылы 18 ақ­­­панда Н.Назарбаевтың Жар­лығымен үшінші рет Педиатрия инс­титутының директоры бо­лып тағайындалып, 2001 жыл­ға дейін басқардым. Кейін зей­неткерлікке жеткен бірталай адам қызметінен босаған кезде, мен де институттың құрметті ди­­рек­торы атанып, кафедра жұ­мысымен айналысуға көштім. 

– Педиатрия факультет­терінің жабылғанына қарсы­лық білдіріп, дабыл қаққа­ны­ңызға он жылдан асты. Атал­­ған факультет қайта ашы­лады деген сүйінші хабар же­тіп жа­­тыр...

– Денсаулық саласында 60 жылға жуық еңбек етіп келе жатсам, дәл осынша уақыт пе­да­­гогикалық бағыттағы білім бе­ру ісіне де араласып келемін. Педиатрия факультетіне екі рет декан болдым. Ғұмырымды ба­­лалар денсаулығына арнадым. Бала ағзасы – үлкендерден айырмашылығы бар, тіпті мүлде ұқсамайтын айрықша ағза. Ана құрсағында 9 ай, 9 күн жатып, он екі мүшесі сау, алпыс екі та­­мыры аман туған бала­ның адам болып қалыптасу үде­рісі кем дегенде 13-15 жыл жү­­­­реді. Қаперіңізде ұстаңыз, әң­гі­ме жатырдан кінәратсыз жаралған бала туралы. Ал қазір дүниеге келген балалардың көпшілігі патологиялық диагнозбен туы­лады. Тіпті аса ауыр диаг­нозбен туатындар көбейіп ке­леді. Созылмалы ауруға шал­дық­қан адамдарды емдейтін дә­рігер жоқтың қасы. Жай ғана жөтелінің соңы созылмалы брон­хитке ұласып кеткендерде есеп жоқ қазір. 2016 жылы Премьер-Министр Б.Сағынтаев пен И.Тасмағамбетов педиатрия факультеттері қайта ашылатынын айтып, сүйінші хабар таратқан еді. Бірақ әлі ашылған жоқ.

Қайтадан ашылады» деген қуанышты хабар жеткенімен, әлі «болады-мыс» деңгейіндегі әңгіме болып отырғаны жаныма батады. «Халықты алдарқатып отыр ма» деп қорқамын. 2006 жылдары денсаулық сақтау ісінен хабары жоқ министрліктің екі басшысы еліміздегі барлық педиатрия факультеттерін жапты. Әлеуметтік-экономикалық ахуалының қарайлас екеніне қарамастан, ТМД аумағы бойынша Қазақстанда ғана жабылды. Неге? Медицинамен қоян-қолтық араластығы жоқ «ғажайып» идея авторларының кесірінен енді нәтижесін көрсете бастаған педиатрияның қабырғасы қа­қырай сөгіліп, ешкімге керегі жоқ екінші деңгейдегі сала се­кілді шетке ысырылды. Бұл – факультетті емес, баланы шетке ысыру деген сөз. «Шетелде бір өзі гинеколог, уролог, терапевт, педиатр, несін айтасыз, үлкенді де, баланы да емдей беретін әмбебап дәрігерлер бар көрінеді. Бізге неге солай жасамасқа?» десіп, ересектер мен балалар емханасын бір-біріне қосып жіберді. Дереу «отбасылық дәрігер» аталатын, әйел, еркек, бала деместен оңды-солды емдей беретін жаңа штат ашылды. Медицинада бүгінде шамамен 14 мың ауру бар делінеді. Кей отбасылық дәрігердің бұдан хабары жоқ, кейбірі аурудың атын да білмейді. Мұндай маман ауы­рып тұрғанын шырылдап жылап қана білдіре алатын, тілі шықпаған нәрестенің сырқатын қалай анықтап, қалай емдемек? Әрине бүгінде балаларды қарап жүрген терапевт дәрігерлер тео­риялық тұрғыдан жалпылама білгенімен, бала ағзасына ғана тән өзгерісті, ерекшелікті біле бермейді. Педиатрия фа­культеттерінің жабылғанын ойласам, өзімді балалар алдында қыл­мысы бар адамдай сезінемін. 

– Елімізде жеті меди­ци­налық жоғары оқу орны бар. Ал ­былтыр педиатрия фа­­куль­теті С.Асфендияров атын­­дағы ме­ди­цина универ­ситетінде ғана ашы­латыны бел­­гілі болды. Бір оқу орны даяр­лайтын мамандар тұтас елді қамтамасыз ете ала­ ма?

– Әрине қамтамасыз ете алмайды. С.Асфендияров атындағы медицина университеті 150-185 студенттен артық қабылдай ал­­май­тын көрінеді. Қалай тарт­қыласаң да, аз мөлшердегі маман Қазақстанның төрт бұ­ры­шындағы кішкентай тұр­ғын­дарды толық қамти алмайды. Сондықтан Алматы медицина университетінің пе­диа­трия факультеті – 300, Ас­та­на, Қарағанды, Ақтөбе, Се­мей медициналық жоғары оқу орындарында да педиатрия факультеті жыл сайын 100 сту­дент­тен қабылдаса, мәселе аз-кем шешімін табуы мүмкін. Қабылданатын түлектердің 80-90 пайызы қыздар. Бұл дұрыс, себебі олар болашақ аналар. Ал бұл қалаларда педиатрия фа­культеттерін қайта ашу ту­ралы ешкім жұмған ауызын ашқысы келмейді. Себебі қо­мақты қаражат қажет. Сонда Үкі­мет қаражатты баланың есе­бінен үнемдемек пе? Қазір бала денсаулығына жауапты мамандар жетіспейтіні байқалады. 5-10 жылдан кейінгі жағдай қалай болмақ? Ғалымдар жылдар бойы қалыптастырған ғылымды бір күнде тас-талқанын шығарып бүлдіреміз. Ресейде, Өзбекстанда факультеттер ғана емес, тұтас Педиатрия институты жұмыс істейді. Ал біз денсаулығы жоқ баладан ертең қандай данышпан шығады деп отырмыз? Ел капиталы деген өндірістен құйылатын ақша емес. Басты құндылық – адам, интеллектуалды ой-өрісі дамыған білікті маман. Кез келген мемлекет өркендеу жолында интеллектуалды капиталға арқа сүйейді, осы капиталдың тамырына күрек емес, сүймен салып жатқан бізді ұрпақ кешіре ме? Бала денсаулығы – отбасы, мемлекет және қоғамның басты қамқорлығында болуы керек. Әлемдік тәжірибе ха­лық денсаулығына әсер ететін маңызды фактор сырқаттың алдын алу және саламатты өмір салтын ынталандыру екенін көрсетеді. Сол себепті, Ресей ба­лалар хирургиясы мен травматологиясы ҒЗИ директоры, әйгілі балалар дәрігері Леонид Рошаль президентімен кездес­кен сайын денсаулық сақтау саласына жауапты шенділердің негізсіз жүргізетін саясатын сын­ға алады, жетістіктері мен жа­­ңалықтарына баға береді, медицинаның қорғаныс саласынан, әскер ісінен еш кем емес екенін, тіпті тең екенін айтады. Себебі дәрігерлер де әскерилер сияқты күн сайын өмір мен өлім ортасында жүреді.

– Көктемде әскер қата­рына шақырылатын бозбалалар­дың тең жартысы жарамсыз болуы­ның себебі сонда жатқан жоқ па?

– Қазіргі бозбалалардың түріне қарашы, құлағынан күн көрінеді. Шілбиген арық не шектен тыс толық, көбінің сал­мағы жасына лайық емес. Себебі бойындағы сырқатын бала күнінде емдемеген­ немесе мүлде білмеген. Бала­лар жеткілікті мөлшерде құ­нар­­лы тамақтанбайды. Бұ­рын қыздардың бедеулігі жиі кездесетін еді, қазір жас жі­гіт­­тердің арасындағы бел­сіз­дік белең алып барады. Бо­ла­шақта ата-ана атанатын ұл мен қыз­дың денсаулығын бала кезден қолға алған жөн. Жүйке жүйесінде кінәраты бар балалар есейе келе өзіне қол салып, «суицид» деген сұмдықты өр­шітіп барады. Компьютердің де кінәсі бар шығар, бірақ о бас­та, шыр етіп дүниеге келген­де баланың жүйкесі дұрыс бол­маған. Көрдіңіз бе, педиатрия са­ласының проблемасы шаш-етек­тен, мен тек қоғамда қауіпті қоры­тындысы анық байқалған бірді-екілісін айтып отырмын. Педиатрияны тұншықтыра бе­руді жалғастырғысы келе­тін­дерге тосқауыл қою керек! Сон­дық­тан педиатрия факуль­тетін ашу мәселесі қоғам талқы­сына түсіп, оған биліктегі күмән­мен қарайтындар мен белгілі дәрі­герлер, ғалымдар ашық пікір­талас жасасын. Біз де, олар да уәжімізді дәлелдейік, ойымызды қорғайық. Өкінішке қарай, бірқатар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылары, институт директорлары жағдайды жақсы біліп отырса да, мансабынан айырылып қалудан қорқып, басшыларынан қаймығып айта алмайды. 

– Денсаулық сақтау ми­нис­тр­лігінің бұл шешімі сын­ға ұшырағанына қара­мас­тан, оның орнына келген «от­басылық дәрігер» жүйесі тиім­ділігін көрсете алды ма?

– Дәрігер ретінде бұл жүйе­ні мүлде теріске шығар­май­мын. Бірақ Үкімет оны баланың есебінен ашпауы керек еді. Ден­саулық сақтау минис­трлігінің басында дәрігерлер отырғанда, мұндай бассыздық бо­лар ма­ еді, болмас па еді? Дәрі­гер­лер тура майдан дала­сын­да­ғы­дай әрекет етеді. Адам­ның­ қалай ауыратынын, қан­сы­рай­­тынын, тіршілікпен қош­та­са­тынын, кірпігін әрең қи­мылдатып жатып соңғы сөзін айт­қанда қиналатынын немесе айта алмаған күйі үзіліп түсетінін күн сайын көзімен көреді және соған сәйкес іс-қимыл жасайды. Міне, 10-15 жылын аурухана дәрігері болып өткізген адам министр болып тағайындалса ғана жалпы жағдаймен санаспайтын, санасқысы да келмейтін жүгенсіз әрекеттер жасалмаған болар еді. Жалпы, халықтың 30 пайызын 18 жасқа дейінгі балалар құрайды. Қазақтай балажан халықты жер бетін екі айналып келсең таба алмайсың. Жанының да, малының да садақасы ба­ла жолында құрбан болуға даяр. Ештеңемен өлшенбейтін қым­бат байлығына жауапты педиа­­трияны жапқаннан кім ұт­ты? Педиатрия ғылымы балалар ағзасын қарайтын 21 түр­лі күр­делі саладан тұрады. Мұны пе­диатрияның ішіндегі 21 ма­мандық десек болады. Жаңа ту­ған нәрестені қарайтын неонтологтан бастап, балалар кардио­логы, педиатры, хирургі, нев­ропатологы, гастроэнтерологы, анестезиологы, эндокринологы бар, ересектерге керек дәрігер балаларға да қажет. Ба­лаларда кездесетін инфекция түрлері кең таралып барады. Кемтар ту­ған нәрестелер өлімі 2-орынға шық­ты. Бұрын МРТ, КТ, лазер, ультрадыбысты аппарат секілді медицина техникасына қолымыз жетпеді. Ауруды баланың айтуымен, көзге көрініп тұрған айқын белгілері арқылы анықтадық. Ал қазір құрал-жабдық, қол жетпейтін техниканың бәрі самсап тұр. Енді дәл диагноз қойып, дұрыс ем жүргізетін дәрігер тап­шы. Осыған байланысты ме­дициналық оқу орын­дарында оқы­тылатын ма­мандыққа тікелей қатысы жоқ пән­дерді қысқартып, кәсіпке бай­ланысты арнайы пәндердің сағатын көбейтсе, студент үшін әлдеқайда пайдалы болар еді. Біз медицина институтында 6 жыл оқыдық, алған білімді тәжірибемен ұштастырдық. Қазіргі оқу жүйесінде анатомия, физиология, патофизиология, микробиология, биохимия секілді теориялық сабақтар екі жыл жүреді. Бұл – дұрыс. Үшінші курста оқытылатын философия, Қазақстан тарихы секілді пәндерді алып тас­тау керек. 3, 4, 5 курста терапия, хи­р­ургия се­кілді жалпы меди­циналық білім беретін пәндер оқытылса, педиа­трия егжей-тегжейлі оқытылуы тиіс. 6 курста терапевт, хирург, акушерлік-гинекология, педиатрия өз алдына бөлек оқытылып, бітірген соң сертификат, дип­лом алуы керек. Содан кейін түлек учаскелік дәрігер, емхана, ауруханаларда жұмыс істей бастайды. Бұл кезде көпшілігі үйленеді. 60-70 мың айлыққа отбасын асырау қиынға соғады. Сондықтан қосымша табыс көзін іздеп, оқу мен тәжірибені ұштастыруы өте пайдалы шешім болмақ. 7, 8 курста ординатура, резиденту­ра басталып, 9, 10 курс­тарда ней­рохирургия, кардиохирургия секілді күрделі салалар бойын­ша оқуын жалғастырады. Осы оқыту жүйесі барлық ТМД мемлекеттерінде сақталды. Ме­нің осы ұсынысымды Қазақ­стан және ТМД елдеріндегі ден­саулық сақтау мәселесіне қа­тысы бар тиісті мекемелер талқыласа деген тілегім бар.

– Соңғы жылдары науқас балаларға қалталы азаматтар қаржысы арқылы көмектесуді ұсынатын талап-тілектерге қо­ғамның да құлағы үйренді. Сырқат балаларға көмектесіп жатқан жандар көп пе?

– Елдің әлеуметтік жағдайы жақ­сы болуын армандаймын. Әсіресе болашағымыз – бала­лардың денсаулығы мықты болғаны қажет. Денсаулығы қуат­ты ұлт қана аласапыран өмірде өзінің тектік тұр­­ғы­да са­палылығына, саламаттылығына иек артып, өміршеңдігін сақтай алады. Қазақстан бұрыннан кедей ел емес еді. Жерінің асты да, үсті де байлық. Қазақстанда аса дәулетті адамдардың қа­лың­ шоғыры өсіп шықты. Есеп­шотындағы қаржысы миллиард­ты құрайтын олигархтар қара халықтан ұқсастығы да, ұстаны­мы да бөлек күйінде, бөлек тап болып қалыптасып келеді. Ел­мен жақындығы да, байланысы да шамалы. Дәрігердің алдына көбіне тұрмыс қажытқан, аурудан қалжырап, өңі де, өмірі де жүдеу тартқан адам келеді. Сонда «шіркін, соншама миллиардтың қажеті бар ма? 5, тіпті 7 миллион доллар да шалқып өмір сүруіне жетеді ғой, қалған миллиондарды елге қайтарса, тұрмысы төмен отбасыларға көмектессе, науқас адамдар денсаулығын түзеп, бала-шағасымен бірге бақытты өмір сүрер еді-ау» деп ойлаймын. Басы ауырмағанның балтыры сыздағанмен жұмысы жоқ. Әйтпесе біз, хирургтер, екі көзі жәудіреп ауыр ота күтіп жат­қан, өте қымбат ем жасалса ғана шипасын беретін, тіпті туа сала аурудың құрсауында қалған науқас балаларды күн сайын көреміз. Анадан алып қана тумайды, ауру бала да туып жатыр. Өйткені өзі ауру әйел дені сау баланы өмірге әкеле алмайды. Егер ана пайдалы сусын, жеміс-жидек, құнарлы ас ішіп жүрсе, қажетті дәруменді уақтылы қабылдаса, денсаулығы да, көңіл күйі де жақсы болады. Жарқырап, жайнап тұрған адамға ауру жоламайды. Бұл қаражатты қажет етеді. Мұны дәулеті еселеніп, байлығы бас білдірмей өскен миллиардерлерге ұлт әлі де керек болар деген үмітімді үзбегендіктен айтып отырмын...

– Сізді білетіндер достыққа берік, көпшіл, төңірегіне бауыр жинап жүретін дархан көңіл адам дейді... 

– Дәрігердің досы көп болады. Менің ең үлкен бақытым – достарым. Алаштың айтулы азаматтарымен дәмдес-тұздас, ой-пікіріміз ортақ, риясыз иық­тасып қатар жүруді жазыпты.­ Олар қиын-қыстау күнде де, қуанышымда да қам­қор, сүйеу болды. Кездескен сайын­ әрқайсысының көзқарас көк­жиегінің кеңдігіне, ақыл-па­расатының тереңдігіне, бі­лім-білігінің ұшан-теңіздігіне тән­ті боламын. Бүгінге дейін жұбымызды жазбай келе жат­қандарды атасам, абайсызда бі­рін ұмыт қалдырып өкпелетіп алар­мын. Бірақ бақилық болып кеткен Ә.Тәжібаев, С.Нұр­ма­ғамбетов, Ә.Кекілбаев, Ш.Есе­нов, М.Қаратаев, Б.Әші­мов, С.Зиманов, М.Қозы­баев, Ө.Сұл­танғазин, Я.Әубәкіров, С.Балмұханов, Б.Атшабаров сынды қазақтың мар­ғас­қа ұл­дарымен бақай есепсіз жа­қын араласып, әр жүздесуден ғиб­ратты сабақ алғанымды баға жет­пес бақыт деп білемін. Әр­қайсысы туралы таңды таңға ұрып қызықты естелік айтар едім, әттең, әңгі­мемді тауы­са алармын ба?! Елі­міздің әде­­биетін, тарихын, өне­рін, ғы­лымын асқақтатқан осы аза­маттардың қай-қайсысы да еңбекті ту етіп, бойындағы бар асылын еліне беріп, өзіне де, өміріне де адал өмір сүрген жан­дар.

Әңгімелескен 
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»