Шынболат Ділдебаев атындағы мәдениет сарайының залында ерекше қажеттіліктері бар балалар мен олардың ата-аналарының шығармашылық жұмыстары арнайы ұйымдастырылған көрмеге қойылды. Шара барысында бұл жұмыстар сатылымға шығарылып, көбі өз иелерін тапты.
Жалпы, ерекше қажеттіліктері бар балалар өте қайсар және шыдамды болып келеді. Тағдырдың ауыр сынына ұшыраған бұл балақайлардың өмірге деген құштарлығы адамды еріксіз тәнті етеді. Олар түрлі қиындықтарға қарамастан, би билеп, ән айтып, сурет те салады.
Іс-шара барысында ерекше қажеттіліктері бар 45 балаға 50 мың теңгеден арнайы сертификаттар табыс етілді. Ал Амантай Ержанға екі бөлмелі пәтердің кілті берілді. Марапаттау рәсімінен кейін балалар өз өнерлерін көрсетіп, жұртшылыққа тамаша көңіл күй сыйлады. Балалардың саxнаға әр шығуын көрермендер ерекше ризашылықпен қарсы алды.
Аталған қайырымдылық акциясына Қарағанды облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ директоры Ерлан Құсайын, «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова және Қарағанды облыстық ҚХА жанындағы қайырымдылық жасаушылар мен тәлімгерлер клубының төрағасы Сергей Водько қатысты.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,
Сәтбаев қаласы