Хоккей • 20 Сәуір, 2018

Хоккейден Қазақстан құрамасы жоғары топқа жолдама алуға қауқарлы ма?

320 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

22-28 сәуір аралығында Венгрияның астанасы Будапешт қаласында хоккейден әлем чемпионаты өтеді. Оған А тобының І дивизионына түсіп қалған Қазақстан құрамасы да қатысады.

Хоккейден Қазақстан құрамасы жоғары топқа жолдама алуға қауқарлы ма?

Чемпионат қорытындысы бойынша 1-ші және 2-ші орын­ға  қол жеткізген құрамалар А тобының жоғары дивизионын­да, яғни ТОП дивизионда ойнауға мүмкіндік алады. Соңғы орында қалып қойған ұжым В тобының І дивизионына сырғиды. Ал Қа­зақстанмен бір топта бақ сынай­тын құрамалар қатарында Сло­вения, Италия, Польша, Венгрия және Ұлыбритания бар.

Еліміздің хоккейшілерін әлем­дік додаға бас бапкер Ғалым Мәм­бетәлиев бастап барады. Ол құрама сапына негізінен Құр­лықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) ойнайтын «Барыс» клу­бының хоккейшілерін көп­теп тартып отыр. Сондай-ақ ішін­ара Жоғары хоккей лигасынан (ЖХЛ), Қазақстан чемпио­наты мен Жастар хоккей лигасынан (ЖХЛ) ойыншылар бар. Құрама сапындағы хоккейшілердің аты-жөндерінің ішінен халықаралық сындарға қатысудан тәжірибесі мол Талғат Жайлауовтың есі­мін көзіміздің шалмағаны көңі­лімізді түсіріп тастағанын да жасырмасақ керек.

Бір қуантатыны, Ғ.Мәм­бе­тәлиев құрама сапына Т.Жайлауов пен Н.Белгібаевты алмағанымен, Жастар хоккей лигасында өнер көр­сететін «Қар Барысынан» жас хоккейші Самат Данияр мен Ас­тананың «Номадынан» Ма­дияр Ибрайбековті қосыпты. Осы жерде Халықаралық хоккей фед­ерациясының бір швециялық пен төрт ресейлік хоккейшінің Қазақстан құрамасында ойнауына ресми түрде рұқсат бер­генін айта  кетейік. Олар: «су жаңа» Қазақстан азаматтары – қақпашы Хенрик Карлссон, қорғаушылар Егор Шалапов пен Роман Рачинский, шабуылшылар Дмитрий Гурков пен Егор Петухов. Бұлардың арасындағы ең танымалы – Скандинавия өкілі. Ол «Барыс» сапында 101 ойын өткізсе, Швеция құра­ма­­сы­ның да намысын қорғап үл­гер­­ген, бірақ бәрі де ресми емес ойын­дарда. Сондықтан Қазақ­стан құрамасында ойнауына мүм­кіндік беріліп отыр. Чем­пио­­натқа қазақстандықтар қа­тар­ында канадалық қорғаушы Ке­вин Даллмэннің де баруы әб­ден мүмкін.

Ғ.Мәмбетәлиев әлем  чем­пио­натының І дивизионында элиталы топқа жолдама үшін іс жүзінде барлық қарсыластары таласа алатынын мәлімдеді. «Барлық қарсыластарымыз сайдың тасындай мықты. Оның үстіне венгрлер өз алаңында ойнайды, мұның өзі оларға қосымша күш-жігер беретіні анық. Сондай-ақ венгрлер Еурочелленджде де өз­дерін жақсы жағынан көрсетті, бізден басқа ешкімнен жеңілген жоқ», деді ол. Бас бапкер сонымен қатар Словения құрамасын ерекше бөле-жара атады. Себебі словениялықтар Пхенчханда өткен Олимпия ойындарына қа­тысқан І дивизионда бәсекеге тү­сетін құрамалар арасындағы бірден-бір құрама болып табылады. «Поляктарды да есептен шығарып тастауға болмайды, – дейді Ғ.Мәмбетәлиев. – Ита­­лия құрамасының көптеген ойын­­шылары Канада мектебінен өткен. Қысқасы, барлық қарсы­лас­­тары­мыз жолдама алуға лайық­ты».

Үстіміздегі жылдың ақпан айының ортасында Қазақстан құрамасы осы І дивизионда өнер көр­сететін төрт команда – Қазақ­стан, Польша, Италия және Вен­грия құрамалары қа­тыс­қан Еуро­челлендж кубогын жеңіп алған болатын. Сол жолы жерлестеріміз үш жеңісіне де негізгі уақытта қол жеткізген еді. Атап айтқанда, Италияны 1:0, Польшаны 4:1 және Венгрияны 5:2 есебімен ұтқан болатын. Тағы бір ерекше атап көрсететін жайт, өткен жылы Киевте өткен әлем чемпионатында Қазақстан құра­масы 2007 жылдан бері алғаш рет әлемдік біріншіліктің жо­ғары дивизионына бірінші ұмты­лысынан өте алмай сүрінген-тін. Және элиталы топта қатарынан екі жыл тұрақтап қалуға да қол жеткізе алмай келе жатыр. Кей­бір жанкүйерлер әзіл-шыны ара­лас айтып жүргеніндей, бі­рін­ші және жоғары дивизион ара­лы­ғындағы «лифтіде» жоғары-төмен сырғумен жүр. 

Құраманың бас бапкері туралы Өскеменнің «Торпедо» ко­ман­дасының бұрынғы басшылары­ның бірі Юрий Петухов былай дейді: «Меніңше, биылғы құрама өте әлсіз. Бұған қоса, бас бап­кердің де жоғары деңгейде табысқа қол жеткізетініне сен­беймін. Қазақстан біріншілігінде бапкерлік қызмет атқару мен әлем чемпионатына баратын құ­раманы баптаудың арасында жер мен көктей айырмашылық бар».

Сонымен негізінен «Барыс» сияқты ҚХЛ-дың плей-офф ке­зеңіне де өте алмаған командадан жасақталған құрамадан шынында да оң нәтиже күту қиын­дау сияқты. Оның үстіне бас бапкер Ғалым Мәмбетәлиев, Юрий Петухов атап өткендей, үлкен жарыстарда сыналмаған тәжірибесі аз маман саналады. Бірақ қазақстандық хоккей жан­күйерлерінің теледидарға үлкен үмітпен көз тігетіні анық.

Самат МҰСА,
«Егемен Қазақстан»