Ұстаз қай заманда болсын парасаттылық пен көрегендіктің символы болған ұлы ұғым. Адамзатты адастырмай қиыннан жол тауып, надандыққа сәуле түсіретін, білім мен ғылымға бағыт беретін де ұстаз. Әлемнің бірінші ұстазы Аристотель, екінші ұстазы атанған әл-Фараби білім-ғылым жолымен ғана жүрмей, адамды адам ететін әділеттің ақ жолын да ұсынды. Ғылымның бастауында тұрған ғұламалар есіміне ұстаз ұғымының қосылып айтылуы ұстаз бола білудің ұлылығын айқындаса керек. Ұстазды құрметтеу, оның ғибратты жолымен жүру шәкірт үшін де үлкен сын тәрізді.
Орыс халқының белгілі педагогы, Ресейдің ғылыми педагогикасының негізін салушы Константин Ушинский «Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен – тарихтағы ең ұлы істің бірі» деп ұстаз қызметіне жоғары баға берген. Ұлы істі атқару, өз ісіңе өмір бойы беріліп, ғұмырыңды арнау да өнер. Демек ұстаздық мансап емес, ол – мақсат. Олай болатыны ұстаздың көздегені шәкіртінің өмірден орнын тауып, азамат атануына ықпал ету. Шәкіртке жол көрсетіп, бар білімімен, тәжірибесімен бөлісу, қажет болса білім-ғылым жолына өмірін арнау ұстаз үшін ізгілігі мол істің бірі деп ойлаймын.
Ұстаз ұлы мақсаттарды алға қоятын биік парасат иесі. Олай болса, ел болудың түп қазығы білімі ұшқыр, көкірек көзі ояу, Отанын сүйетін ұрпақ тәрбиелеу ұстаздың өмірлік қағидасы. Яғни, ел болу үшін «бесікті түзеу» керек болса, «Мәңгілік Ел» болу үшін жастарға сапалы білім, мазмұнды тәрбие беру қажет.
Бүгінде жастарға сапалы білім мен мазмұнды тәрбие беріп келе жатқан ғылыми ғана емес, рухани орданың біріне айналған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультеті десек асыра айтқандық болмас, сірә. Әрине аталған факультеттің жүрегі, керек десеңіз рухани қазығы ұстаздары, оқытушылары мен профессорлары. Ұлттық университеттің философия факультетін тәмамдап шыққалы да жиырма жылға жуықтапты. Қаншама ұстаздың тәлімін, тәрбиесін бойға сіңірдік, оқыдық, оқығанды көңілге тоқыдық. Қара шаңырақтың қабырғасында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен көрнекті ғалымдар А.Қасымжанов, М.Орынбеков, Б.Нұржановтың дәрістерін тыңдаудың және сұхбаттасудың біз үшін тағылымдық және ғылыми маңызы жоғары болатын.
Қазіргі қазақ философиясының көрнекті өкілдері А.Қасабек, Т.Ғабитов, Ж.Молдабеков және өзге де айтулы ұстаздар философия факультетін тәмамдаған бірнеше буынға мол білім мен тәрбие берді, әлі де талай жас буынға дәрістері мен терең философиялық ой толғамдары арқылы саналарына сәуле түсіріп, ақылдарына ақыл қосатыны сөзсіз. Сол ұстаздардың бірі – Жақыпбек Алтаев. Жақыпбек Алтайұлымен алғаш 1993 жылы таныстым. Өмір дейтін бұралаңы көп жолдың ой-шұқырын әлі толық көрмеген, мектептен жаңа келген студент үшін философияның ғылым ретіндегі мазмұнын толықтай түсіну қиынға соққаны шындық.
Біз үшін ғылым докторымен сөйлесу, кафедраға кіріп әңгімесін тыңдау оңай шаруа көрінбейтін. Дегенмен философия факультетінде ерекше рухтың бары айқын сезілді. Ол рух ұстаз бен студент арасындағы сабақтастық, шынайы қамқорлық пен құрметке негізделген болатын. Оны қалыптастырған да, сақтап келе жатқан да біздің ардақты ұстаздарымыз. Ұстаз бен студент арасында сабақтастық бар жерде шынайы құрмет қашанда бола бермек.
Бірінші курста оқып жүргенде Жақыпбек Алтайұлы алғаш аудиторияға дәріс оқуға кіріп келген сәттен-ақ, ашық әрі мейірімге толы жүзі көңілге жылы ұшырады. Қаталдық пен талаптың арасын анық айқындай білетін ұстаздың дәрісіне топ студенттері толығымен жиналып келуші едік. Еркін ой-пікір алмасу, студенттің көзқарасымен санасу Жақыпбек Алтайұлының философ ретіндегі келбетін айқындай түсетін. Ғалымдық жолымен қатар ұстаздық жолы бар Жақыпбек Алтайұлы ғылым саласында, жеке өмірде ұстамы берік, шәкірттеріне қоятын талабы мығым тұлға.
Біздің студенттік өміріміздің алғашқы жылдары мемлекетіміз тәуелсіздігіне ие болып, тарихын түгендеп, тарихи тұлғаларының шығармашылығы мен дүниетанымын қайта зерделеп жатқан кезеңмен тұспа-тұс келді. Осыған орай қазақ философиясы ғана емес, қазақ тарихының өзі тереңнен зерттеуді қажет етті. Осы орайда тәуелсіз елдің ғалымдарының алдында үлкен бастамалар тұрғаны анық болатын. Ұлт маңдайына біткен тұлғалардың дүниетанымы әдебиет, тарих тұрғысынан ғана зерттеліп, айтылды. Қазақ философиясы деген ұғымның өзі қолданысқа еркін еніп, ғалымдардың зерттеу объектісі ретінде бір жүйеге түспей жүрген кез еді.
Қазақ философиясы бұрын кеңінен зерттелмеген тақырып ретінде еліміздің философтарын қызықтырды. Нақтылы тереңнен зерттеуге кірісіп, оқу құралдары мен ғылыми еңбектер жазуға талпынған ғалымдардың қатары көбейе бастады. Осындай уақытта қазақ философиясы туралы ой қозғаған, зерттеу жүргізген философтардың қатарында Жақыпбек Алтайұлы да болды.
Философия факультетінде 90-жылдары қазақ бөлімі жаңадан ашылды. Қазақ тіліндегі философия мамандарын даярлау ісі енді қолға алынған шақта оқулық тапшылығы айтарлықтай сезілді. Әлемдік философия өкілдерінің еңбектері қазақ тіліне аударылмай жатты. Сондай кезеңде алғашқылардың бірі болып «Философия және мәдениеттану», «Философия тарихы» оқулықтарын қазақ тілінде жарыққа шығарды. Жоғары оқу орындарында міндетті саналатын философия пәнін оқытуда мамандарды қазақ тілінде даярлайтын бөлімдер үшін қажетті оқу құралдарына айналғаны да жасырын емес.
Қазақ философиясы тың тақырып болғандықтан оны зерттеу, ғылыми негіздеу ізденісті қажет етті. Біздің курстың негізгі бағыты да осы қазақ философиясының тарихына, әлеуметтік тақырыптар мен антропология, таным, экзистенция мәселесіне бағытталды.
Тақырып күрделі, әдебиетте айтылып келген түркі ойшылдарын, қазақ ақын-жырауларын, Алашорда өкілдерін, жазушыларын философ, ойшыл тұрғысында көрсету, олардың шығармалары мен дүниетанымын философияға ойыстыру дәлелдеуді қажет етті. Философиялық категориялар арқылы қазақ дүниетанымын зерделеуге, батыстық мазмұндағы жүйелі философиямен ұштастыруға байланысты еңбектер болғанымен оны бір ғалымдар мойындаса, екіншілері сынап жатты. Көшпенділер үшін философия пән болған жоқ, өмір сүрудің білімі болды деген де ойлар айтылып жатты.
Алайда уақыт пен кеңістік, өзгеріс, таным мен ақыл-ой мәселесі қазақ ақын-жырауларының, ойшылдарының шығармашылығында қозғалып келгені ақиқат. Мәселе сол философиялық ойкешулерді ашып көрсете білуде. Оны ғылыми негіздеуде әрі жүйеге келтіруде еліміздің философтары еңбектенгені шындық. Жақыпбек Алтайұлының «Қазақ философиясының тарихына кіріспе» атты еңбегінде қазақ дүниетанымындағы философиялық ой кешудің ерекшелігі айқын зерделенді.
Мұнымен қоса Жақыпбек Алтайұлының әлемге танымал Шығыс ойшылдарын зерттеудегі еңбектері өз алдына бір бөлек арна болды. Шығыстың ғұламасы әл-Фарабиді зерттеуге, әлеуметтік философия мен адам мәселесіне талдау жасауға сүбелі үлесін қосты. Студенттер мен әл-Фарабиді зерттеушілерге бағыт-бағдар ұсынуға мол еңбек сіңірді. әл-Фарабиді зерттеуде шетелдік ғалымдармен тығыз байланыс орнатып, Қазақстанда бұрын-соңды жарияланбаған тың деректерді алуға ықпалын тигізіп жүрген бірден-бір ғалым ұлттық университет жанынан әл-Фараби атындағы ғылыми орталықтың ашылуына мұрындық болды. Ғылыми орталық құрылған уақыттан бері халықаралық конференциялар ұйымдастырып, әл-Фараби шығармашылығын зерттеуді жандандырып келеді.
Жақыпбек Алтайұлының жетекшілігімен ғылым кандидаттары мен докторларының тұтас бір буыны шықты. Олар ғылыми мақалалар мен еңбектері арқылы ел руханиятына зор үлес қосуда.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, бірнеше буынға тәрбие берген, білім нәрін сіңірген жетпістің асқарына шығып отырған ғалым Жақыпбек Алтайұлы бүгінде өзінің шығармашылық биігінде. Қазақ халқында еңбегімен зор беделге ие болған адамды санаткер деп атайды. Жақыпбек Алтайұлы өз саласындағы таңдаулы, алдыңғы қатарлы санаткер тұлға. Ғалымның әлі де ғылымға берері мол. Оның ұстанған мақсаты – ұстаздық жол.
Ғалымның бүгінгі шыққан биігі ғылым жолына түскен өскелең ұрпақ пен шәкірттеріне үлгі-өнеге.
Дархан ЖАЗЫҚБАЕВ,
философия ғылымдарының кандидаты