Қазақстан • 20 Сәуір, 2018

Еңбегі елеулі Қасымбек Медиев

944 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Саналы ғұмырында сындарлы сырбаз тұлға­сы­мен, көркем мінез, кең дү­ние­танымы, биік мә­де­ни­ет ті­легімен, терең де жан-жақ­ты білімімен, хал­қы­на сі­ңірген ерен еңбегімен жұ­рт қадіріне бөленіп, артын­да ғи­братты тағылым, өне­ге­лі із қалдыратын негізі тек­ті, бейнесі бекзат, ру­хы асқақ, ары кіршіксіз, кө­ңіл­і пәк дегдарлар болады. Оларды ел «асылдың сы­нығы» деп ұрпақтарына үл­гі етіп, көзкөргендер ел­ге өл­генше ұлағатын қас­тер­леп сүйсіне естеріне ала­ды. Адам тіршілігінің ма­ғына-мә­нділігі де, бағы мен ба­қы­ты да, арманының ба­ян­дылығы да осында.

Еңбегі елеулі Қасымбек Медиев

Тұлғаларға лайықты құрмет көрсету – қоғамның парызы. Осын­дай тұлғалардың бірі – Қасымбек Медиұлы Медиев. 

Мен Ұлытау өңірінің тумасымын. Әкем де, анам да Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген ұстаздар. Әкем соғыс және еңбек ардагері, 40 жыл саналы өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнады. Анам 1955 жылы аудандық партия комитетінің жолдамасымен жаңадан ашылып жатқан Мибұлақ ауылына қарасты №20 Ақкеңсе сегізжылдық мектебіне директор болып тағайындалады. Сол жерде туып-өсіп, 1982 жылы Жезқазған педагогикалық институтын бітіріп, еңбек жолын өзім бітірген №9 Мибұлақ орта мектепте бастадым. Өзіме сабақ берген ұс­таздарыммен бірге жұмыс жасадым. 1986 жылы мектеп дирек­то­ры­ның тәрбие ісі жөніндегі орын­ба­­сары болып жүргенмін. Осы жыл­дың қаңтар айында жаңадан сай­ланған Жезді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қасымбек Медиұлы жұмыс са­па­рымен білім мекемесінің ма­те­­риалдық-техникалық базасымен, оқу-тәрбие жұмыстарының жағ­дайымен танысты. Мектеп жа­нындағы интернатты аралап шопандардың балаларының ты­ныс-тіршілігімен танысты. Абзал аға­мен таныстығымыз осылай бас­талды.

1986 жылдың наурыз айында Жезді аудандық комсомол комитетіне хатшы болып сайланд­ым. Содан бері 32 жыл уақыт өтіп­ті. Осы мерзімде аудандық пар­тия комитетінің хатшылары: қоғам қайраткері Мұханбет Кө­пеев, Майра Серкебаева, марқұм Аман­жол Кенжебаев еңбек етті. Ол кезде Жезді аудандық комсомол комитетін қазіргі Парламент Се­натының депутаты, іскер басшы, білгір ұйымдастырушы Рыс­қа­ли Қалиакбарұлы Әбдікеров бас­­қарды. Осындай азаматтармен бір­г­е елді көркейту жолында қоян-қолтық жұмыс істедік. 

Аудандық комсомол коми­те­тінің жастар арасындағы жұ­мыс­тары облыс көлемінде ал­дың­ғы қатарда болды. Турасын айтқанда, комсомол өмір және тәрбие мектебіне ай­налды. Бо­лашақ ел тұтқасын ұс­таған азаматтар осы ұйымның арқасында шыңдалды. Сол кезде облыс, қала, аудан көлемінде ком­сомол комитеттерінде қатар ең­­бек еткен қыз-жігіттер: Ерлан Қо­­шанов, Серік Шайдаров, Қанат Бал­мағанбетов, Жағыпар Бабатаев, Дәу­ір Оразбеков, Салтанат Абеу­о­ва, Алма Құлжанбекова, Перуза Аба­ева, т.б. қазіргі кезде әр салада же­міс­ті еңбек етіп жүр. 

Жезді ауданы – ауыл шаруа­шы­лығы жан-жақты дамыған ірі аудан­дардың бірі. Ауданға келген күннен бастап Қасымбек Медиұлы өзі­нің іскерлігін ұйымдастыру қабі­ле­тінің жоғары екендігін таны­та білді. Маңайына тек іскер, жұмыс істейтін кадрларды жинады. Уақытпен қатар жүру, заман та­­лап­тарына сай болу, жұмысқа бар бі­лімін, тәжірибе мен жанын салу қыз­мет атқару кезеңі барысында айқын көрінді.

Аудан экономикасы мен мәде­ни­етінің, халықтың әлеуметтік-тұр­мыс­тық жағдайының жақсаруына, ауыл өмірінің гүлденуіне қолынан кел­­ген көмегін аяған жоқ. Елді ­ме­кендерді сәулеттендіруге ерекше көңіл бөлді. Аудан орталығы адам танымастай болып өзгерді. Кө­ше­лер мен үйлер тәртіпке келтірілді, кө­ше­лер асфальтталып, қызыл-жа­сыл­ды шамдар орнатылды. Ау­дан жоғары вольтті электр энер­гиясына қосылып, теледидар мұ­на­расы орнатылды, жаңадан үй­лер салынды. Байқоңыр, Пионер, Қа­рақұм совхозаралық тас жолдар пай­далануға берілді. Балаларға ар­нал­ған «Ертегілер қалашығы» бой түзеді. Тікелей басшылығымен аудан орталығында Ұлы Отан со­ғысында қаза тапқан жауынгер­лер­ге ескерткіш орнатылып, «Даңқ» аллеясы ашылды. Аудан, қа­ла­лық бірінші хатшылардың тә­жірибе алмасу облыстық семинар­ла­ры, Ре­сейдің Қазақстандағы он­күн­ді­гіне арналған фестивальдер өткізілді. Қасекең басқарған жыл­дары облыс, рес­публика бойынша көрсеткіші ең жоғары ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы да­мыған аудандардың біріне айналып, әр саулықтан жүз қозы алынды. Ауыспалы Қызыл Туды үнемі же­ңіп алып отырды. 

Жезді ауданын басқарған кезең Қасымбек Медиұлының шырқау шағы болды. Соның айғағы Кеңес Одағында Мәскеуде өткен ХІХ партия конференциясына Жезқазған облысынан екі делегат сайланса, соның бірі – Қасымбек Медиев. Бұл ауданның экономикалық өсуіне, мәдени дамуына берілген үлкен ба­ға еді. Кейін Қ.Медиев Жезқазған об­лыстық партия комитетіне екінші хат­шы, Қазақстанның Жоғарғы Ке­ңесіне екі мәрте депутат болып сай­ланды. Зейнеткерлікке шық­қан­ға дейін Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы қызметін атқарды. 

Қ.Медиұлының ауданда атқар­ған жұмысын айту парызым деп біле­мін. Ол кісіден үйренгеніміз көп. Жүрегінің тазалығы мен жас­тар­ға деген риясыз қамқор пейілі мен үшін өмірлік өнеге болып қал­ды. Бүкіл өмір, еңбек жолы осы өңір­лердің өркендеуімен тығыз бай­ланысты. Шет ауданының аудан мәр­те­бесін сақтап қалуы да Қ.Ме­ди­ұлының еңбегі дер едім. Осындай хал­қы үшін қалтқысыз қызмет ет­кен азаматтарға қандай құрмет көр­сетсек те жарасады емес пе! 

Нұрхан ЖОЛАШАР
Жезқазған қаласы

Соңғы жаңалықтар