Оған Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Дін істері және азаматтық қоғам, Ақпарат және коммуникациялар министрлері, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Бас Прокурор қылмыстық процесті ізгілендіру мен репрессивтілігін азайту мақсатында кешенді шаралардың қабылданғанын атап өтті.
Соның нәтижесінде тәуелсіздік жылдарында халықаралық түрме индексі бойынша Қазақстан 3-тен 73-ші орынға көтерілген. Елдегі жазасын өтеушілердің саны 100 мыңнан 35 мыңға азайып, 8 колония жабылған.
Ал Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Нұрлан Ермекбаев пенитенциарлық жүйедегі орын алған кемшіліктерге және онда нақты реформалардың жүргізілуі қажет екеніне назар аударды.
Жүргізілген талдау бойынша өткен жылдары сотталғандар арасында жасалатын қылмыс 44 пайызға артқан. Жабық мекемелердегі жазасын өтеушілер арасында өзара қақтығыстар, режімді қасақана бұзу және денеге зақым келтіру қылмыстары жиі орын алған.
Сотталушылардың арасындағы өлім жағдайларының өсуі байқалған. Сондай-ақ бүгінде түзеу мекемелерінде мүмкіндігі шектеулі 756 адам, ісік ауруына шалдыққан 25 адам және өздігінен жүріп-тұра алмайтын 4 адам қамауда отыр.
Осыған орай, Бас Прокурор Ішкі істер және Денсаулық сақтау министрліктеріне бас бостандығынан айыру орындарынан мерзімдерінен бұрын босату үшін аурулар тізімін қайта қарауды тапсырды.
Еңбек және әлеуметтік қорғау министріне шамамен 800 сотталған-мүгедек мемлекеттік қолдаумен қамтамасыз ету ұсынылды. Сонымен қатар қамау орындарынан босатылған адамдарды еңбекпен толыққанды қамту тетігін әзірлеу қажеттілігі айтылды.
Прокурорлық тексерулер нәтижесінде сотталғандарды еңбекпен қамту және материалдық-техникалық қолдауын көрсетуге тартылған «Еңбек» мекемесінің қызметінде мемлекеттік сатып алу туралы заңдылықтың жүйелі түрде бұзылуы, лауазымды асыра пайдалану, бюджет қаржысын жымқыру анықталды.
Соңғы 3 жылда сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін кәсіпорынның Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарындағы филиалдарының 5 басшысы сотталды.
Бас Прокурор жауапты лауазымды тұлғалардың баяндамалары мен есептерін талқылау қорытындысы бойынша жазаларды орындау жүйесін жетілдіру қажеттілігін атап өтті.