Қаржы • 20 Сәуір, 2018

Ұлттық қордың қаржысы үнемделеді

26 реткөрсетілді

Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сүйенсек, халықаралық  «Fitch» рейтингтік агенттігі «ВВВ» деңгейіндегі несие рейтингінің тәуелсіздігін анықтап, «Тұрақтылық» болжамын ұсынды. 

Агенттік монетарлық саладағы және валюта нарығындағы жағдай соңғы айларда жақсара түскендігін растайды. Бұл еліміздің орталық банкі жүргізіп отырған монетарлық саясаттың бірте-бірте нығаюын және мұнай өндіру саласындағы баға жағдайының қалыпты екендігін көрсетеді.

арапшылардың пікірін­ше, биылғы жылы Ұлттық қорға түсетін салық көлемі мұнай өндірі­сінің ұлғаюымен және республика бюджетіне трансферттердің төмендеуімен байланысты болмақ. 

«Fitch» бағалауы бойынша «Тұрақ­тылық» болжамында жа­ғымды жағдайлар мен тосын қатерлер де қарастырылған. 

Қазақстан Қаржыгерлер қауым­дас­тығының деректері бойынша, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында Ұлттық қорға түскен қаржы көлемі 466,97 млрд теңгені құраған. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда (592,3 млрд теңге) 21,2% төмен. Өткен жылғы түсімдерге пайдалы қазбалардан түсетін салық көлемі айтарлықтай ықпал еткен.

Қауымдастық мәліметтеріне сәйкес, тұрақтылық жағдайлары Қашаған кен орнындағы өндіріспен байланысты. Мұнай өндірісі артса, мұнай секторынан түсетін салықтар да ұлғаймақ. Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы 2018 жылы Қашағандағы мұнай өндіру көлемі ұлғайып, тәулігіне 0,27 миллион баррельге, ал еліміздің мұнайлы аймақтарындағы өндіру көлемі тәулігіне 1,82 миллион баррельге жетеді деген болжамын ұсынып отыр. Тиісті министрлік деректеріне орай, биылғы жылы елімізде 7,6 млн тонна газ конденсаты мен мұнай өндірілген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың қаң­тар айымен салыстырғанда 7,0% жоғары. Осыған сәйкес мұнай мен газ кон­денсатының экспорты 6,02 млн тоннаны құрап, 2017 жылмен салыстырғанда 6,7%-ды құрады. 

Өткен жылы республика бюджеті салық мөлшерінің көптеп түсуіне – 2,07 триллион теңге (тоғыз айдың қорытындысы бо­йынша), ал инвестициялық табыс 1,61 триллион теңге көлемінде болғандығына қарамастан, Ұлттық қорға тәуелді болғаны белгілі, оның салдарынан қор 758,15 миллиард теңгеге азайған болатын. Қордан пайдаланылған қаржының жалпы сомасы – 4,42 трлн теңге. 

Алдағы кезеңде ел Үкіметі респуб­ли­калық бюджеттің Ұлттық қордан берілетін трансферттерге тәуелділігін азайтуды көздеп отыр. «Қазақстан Республикасы­ның Ұлттық қорынан 2018-2020 жыл­дарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңға сәйкес 2020 жылдан бастап республика бюджетіне кепілдендірілген трансферт 2 трлн теңге көлемінде тіркелетін болады. Жаңа ережеге өту мақсатында Ұлттық қордан рес­публика бюджетіне трансферт­тің кепілдендірілген көлемі кезең-кезеңмен төмендетіледі. 2018 жылы кепілдендірілген трансферт – 2,6 трлн, 2019 жылы – 2,3 трлн, 2020 және одан арғы жылдарда 2 трлн теңгені құрайтын болады. 

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ
 

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Бүгін – жартылай финал

Спорт • Бүгін, 09:44

Ұқсас жаңалықтар