Реті келгенде айта кету керек, балеттің музыкасы мен либреттосын Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, өнер шебері және Мәдениет бөлімінің басшысы Айсұлу Тани жазды. Ал режиссер-хореографы – Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының хореографы Гүлмира Ордабаева. Ал балеттің жеке орындаушылары – Медина Нұрмағамбетова мен Тимур Борисов. Қойылым Астананың көрікті жерлерінің сұлулығын сипаттайтын 10 суреттен тұрады. Хореография академиясы, «Шабыт» шығармашылық үйі, Бейбітшілік пен келісім сарайы және тағы басқалары басты кейіпкерді сәулет өнерінің әсемдігімен таңғалдырып, арманын биікте шалқытады. Бұнда нәзік сезім, өмірге құштарлық, ғашықтық пен мөлдір махаббат жатыр. Астана – арман мен үміттің қаласы! Жалпы, балетке 116 адам қатысты. Шығарманың басты ерекшелігі – хореографияның төрт түрлі бағытын, яғни балет халықтық, қазіргі заманғы және бал билерінің бірігуі. Сонымен қатар барлық балет әртістері қаланың әуесқой шығармашылық ұжымдарының – халықтық балет студиясы, «Серпантин», «Радуга», «Эксклюзив» және «Нұр» ансамбльдерінің мүшелері екенін айта кету керек.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы