Бүгінде Еуропа мен Азияда, Оңтүстік және Солтүстік Америкада, Африка мен Антарктидада Данаттың табанының іздері қалған. Дүниенің төрт түпкірін аралау үшін ең алдымен қаражат керек. Ақтөбелік саяхатшы оны қайдан алып жүр?
Бұған ашық жауап бермесе де Данат жол шығынын жабуға жететіндей бизнесі бар екенін мәлімдеді. Кең үй мен коттеджде тұру немесе оған жиһаздар сатып алу, бағасы жоғары шетелдік автокөлік айдау ойына кіріп те шықпайды. Бар ой-мақсаты саяхаттау ғана. Әр елді бір бірімен салыстыра қарау оған кәдімгідей ләззат сыйлайды. Жүзге тарта елге жолы түскен кезде жиһангез: «Жаман ел жоқ, жаман адамдар кездесіп қалады» деген тұжырымға келіпті. «Кедей немесе бай ел деп бөлмеймін, әр елдің өзіне тән қыры мен сыры, құпиясы мен өзгеге ұқсамайтын ерекшелігі болады. Осыған көзім жетті. Жалпы, саяхатшылық адамның дүниетанымы мен көкжиегін кеңейтеді. Зердесі мен ой-өрісін толықтыра түседі», дейді ол.
Сондай-ақ Данат Әлиев шетелге шығарда ең қажетті іс авиабилеттерді сайттар арқылы тиімді бағаға сатып алу және медициналық сақтандыру анықтамасын рәсімдеу деп есептейді. Бұл ретте ол шарттары өзінің көңілінен шығатын виза-карточка ашып, медициналық сақтандыру рәсімдеуді дағдыға айналдырыпты. Бір жолы осы қапысыз қамдануының пайдасы да тиіпті. Яғни Тайландта болған кезінде отандасымыз тамақтан ұшынып, асқазанын тексерткені үшін 200 доллар төлеген екен. Елге келген соң сақтандырушы банк оның емге жұмсаған ақшасын толық өтеп беріпті.
Алдын ала бір жылға құрылған жоспар бойынша әлем елдеріне аттанатын ақтөбелік жиһангез таяуда Жапония мен Түркияға жүріп кетуді ойластырып отыр. Мүмкіндік туып жатса, ол саяхатының соңғы нүктесін Марс планетасында қойғанды жөн көреді.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ