Аймақтар • 20 Сәуір, 2018

ОҚО «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша алдыңғы қатарда

1413 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Облыста «Туған жер» жобасы бойынша Шымкент қаласында құны 300 млн теңге болатын «Қос ана» балабақшасы бой көтеріп, Төле би ауданында 100 млн теңгеге көшелерді, Бәйдібек ауданында 340 млн теңгеге «Домалақ ана» кесенесін абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, кесене жанынан конақүй салынды. 

ОҚО «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша алдыңғы қатарда

Ал Отырар ауданында құны 80 млн теңге болатын балабақша, 50 млн теңгеге этноауыл, 56 млн тең­­геге «Ардагерлер» саябағы са­лын­­са, Ордабасы ауданында 45,3 млн теңгеге қайырымдылық кө­мек көрсетілді. Бұл игі істердің бар­­лығы кәсіпкерлер, демеушілер тара­пынан жүзеге асырылуда. Елбас­ы­ның «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты бағдарламалық ма­қа­ласының жарияланғанына бір жыл толуына орай Шымкентте өт­кен «Ұлт тарихындағы Ұлы бе­лес» атты республикалық жиын­да облыс әкімі Ж.Түймебаев жо­ға­рыда айтылған жұмыстар бағ­дар­лама шеңберінде іске асырылып жатқан өңірлік жобалардың бір парасы ғана екенін атап өтті. «Елбасы ұсынып отырған рухани жаңғырудың негізгі сипаты өткен мен болашақты үйлестіре жүзеге асыру болғандықтан, біз мұны екі арнада іске асыруымыз қажет. Оның бірі – ғаламдық жетістіктерді өзімізге әкелу арқылы жаһандық дамуда өз үлесімізді алу. Екіншісі – өткен тарихымыз бен дәстүріміздегі асыл құндылықтарымызды қайта жаң­ғыртып, ұлттық бірегейлігімізді сақ­тап қалу. Осы орайда, Елбасы ауқымы кеңейіп, «Туған елге» ұла­са­тын «Туған жер» бағдар­ламасын қол­ға алуды ұсынып, оны жүзеге асы­рудың нақтылы жолдарына дей­ін көрсетіп берді», деді облыс әкімі. Өңірде «Туған жер» жобасы бойынша 31 млрд 467 млн тең­гені құрайтын 577 нысан бой кө­терген. Олардың қатарында білім, ден­саулық, спорт, мәдениет және әлеу­меттік ғимараттар бар.

«Рухани жаңғыру» бағдар­ла­масын жүзеге асыру мақсатында құ­рылған өңірлік жобалық кең­се тарапынан 46 жоба, 168 іс-ша­ра әзірленіп, жүзеге асырылу­да. Ал бағдарламаның мән-маңызын тү­сін­діру, насихаттау шарасына 1 миллионнан астам адам қам­тыл­ған. Айрықша маңызы бар тарихи-мәдени сәулеттік және археология ескерткіштерінің фотоальбомы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жасалынып, таратылған. Облыс әкімінің мәлімдеуінше, тари­хи-мәдени мұраларды насихаттап, жастарға патриоттық тәрбие бе­ру мақсатында түсірілген «Көне же­ті­геннің сыры» атты 10 сериялы телехикая, «Киелі Қазығұрт», «Оты­рарды қорғау», «Күш атасы – Қа­жымұқан» атты анимациялық жә­не «Ұлы Жібек жолындағы ескер­т-
кіштер» деректі фильмдері көп­шілік назарына ұсынылды. Ал Сай­рам ауданындағы «Ханқорған» ар­хе­о­ло­гия­лық қалашығына қазба, рес­тав­ра­­ция және консервация жұмыс­тары жүр­гізіліп, ашық аспан ас­тындағы музей ашылмақ. Сайрам­нан шыққан 3 Сайрами, Отырардан шыққан 30 әл-Фараби, Яссыдан шыққан 5 Ясауидің туындылары қазақ тіліне аударылып, жарияланатын болады. Алда атқарылатын істердің тағы бірі – «Ордабасы тауы» қорық мұражайына ел бірлігін дәріптеген қазақ халқының Төле, Қазыбек, Әйтеке билеріне монумент орнатылады. Сондай-ақ биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Оңтүстіктің көне қалалары, тарихи тұлғалары, табиғаты, киелі орындары, әдет-ғұрыптары туралы 17 кітап шығару, 10 фильм және 4 ани­мациялық фильм түсіру жұмыс­тары басталған.

Жалпы, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Оңтүстік Қазақстан облысында бір жыл ішінде 4370 іс-шара ұйымдастырылды. Бағдарламаны іске асыру үшін іс-шаралар жоспары әзірленіп, өңірлік комиссия және сарапшылар кеңесі құрылған болатын. Сарапшылар кеңесінің құрамында зиялы қауым, ғалымдар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, барлығы 20 адам жұмыс істеді. Облыс әкімдігінің мәліметінше, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша өңір республикада алдыңғы қатарға шыққан.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан» 

ШЫМКЕНТ