Кездесуде басылым басшысы Дархан Қыдырәлі оқушыларға «Егемен Қазақстан» газетінің тарихы, оны әр жылдары басқарған Алаш қайраткерлері туралы әңгімелеп, өндірістік-шығармашылық жұмыстың барысымен таныстырды. Сондай-ақ еліміздегі жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған «Егемен академиясы» жұмыс істеп жатқанынан да хабардар етті. Болашақта журналистика мамандығына түскен студенттер осы «Егемен академиясы» арқылы қазақ журналистикасының ұстаханасы саналатын бас басылымның тәжірибесімен, бүгінгі заманауи медиа-трендтермен таныса алатындығын атап өтті.
Кездесуге келген оқушылар да жалпы журналистикаға, газет өндірісіне және қазақ тілінің латын графикасындағы әліпбиіне қатысты өздерін қызықтыратын сауалдарын қойып, егжей-тегжейлі жауап алды. Сонымен қатар газеттің бүгінгі саны қалай әзірленіп жатқанын көріп, беттеу-дизайн бөлімінің жұмысымен танысты. Басылым басшысы оқушыларға ізгі тілегін арнап, «Егемен Қазақстан кітапханасы» сериясымен шыққан кітаптарды тарту етті.
Айта кетейік, кездесуге келген оқушылар – тележурналист Аргентина Жәнібектің медиа орталығының тәлімгерлері.
Аян Әбдуәли,
«Егемен Қазақстан»