– Асанәлі аға, сізді соңғы жылдары елімізде өткізіліп жүрген үлкен айтыстардың төрінен, ежелгі халықтық қазынамыздың өрінен жиі көріп жүрміз. Бұған бүйрегіңіздің басыбайлы бұрыла бастауының сырын айтып бермес пе екенсіз?
Асекең қойылған сұраққа тікелей жауап қайтармастан бұрын «Егеменнің» тілшісі екенімізді білген соң қызыл қоңырқай жүзі одан сайын шырайланып: «Егеменненмін» деймісің, Бас газетіміздің жөні бөлек қой. Кешегі нөмірде Құман екеуміздің осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын Атырауға барған сапарымыздан түсірілген суретімізбен шағын материал жарияланыпты. Ортамызда отырған сол кездегі бүлдіршін қыз Стелланың бүгінгі жетістігіне қатты қуандым. Рахмет бәріңізге», деп бір қайырып алды да қойылған сұрағымызға қарай ойыса берді.
– Айтыс – халқымыздың бітім-болмысымен о бастан бірге жаратылған әлемдегі екі жүзден астам мемлекет пен бес мыңнан астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің бір- де бірінде кездеспейтін дара рухани құндылығымыз. Халықтық өнеріміздің бастауы айтыс дер едім. Ендеше бұған бүйрегім қалайша бұрылмайды. Оның тағы бір артықшылығы, жазба ақындар жеткізе алмағанды айтыскер ақындар толықтыра алады. Соңғы жылдары ежелгі айтыс өнері өзінің мазмұны жағынан да, түрі жағынан да түрлене түсті. Қарсыласына қара сөзбен емес, суырып салып сұлу жырмен ұтымды жауап қайтару үшін шынайы шеберлік керек. Бұған зерде мен білімді қосыңыз. Бүгінгі айтыскер ақындарымыздың бойынан осындай қасиеттерді байқап, танып жүрміз. Дегенмен айтыстың деңгейі бұрынғы кезбен салыстырғанда тереңдей түсті дей тұрсақ та бұған бәрібір белгілі бір бағыт-бағдар көрсетудің ешқандай артықшылығы жоқ.
Бұл тұрғыда Ақтөбеде өткізілген республикалық айтыстың басты өзегіне елордамыз Астананың 20 жылдығы арқау болуының мәні жоғары. Маған бұл тақырып тәп-тәуір ашылғандай көрінді. Қазіргі кезде өңірлердің Астанаға қарап бой түзеуінің де орны бөлек. Бұл мәселе де айтыскер ақындарымыздың назарынан тыс қалған жоқ. Соңғы жылдары елімізде тотыдайын таранып, сұңқардайын сыланып бой түзеп келе жатқан республика қалаларының қақ төрінде Ақтөбе тұр. Халықтық өнердің жүйріктері бұл жетістіктерді орамды тілмен жеткізе білді.
– Биыл осы өңірдің тумасы, ірі тарихи тұлға Әбілқайыр ханның өмірге келгенінің атаулы бір датасы аталып өтуде. Айтыстың ақберен жүйріктері оны да айналып өткен жоқ. Бұл туралы не деуге болады? Әбілхайыр ханның еліміздің тарихындағы орны мен рөлін қалай бағалайсыз?
– Отандық тарихшылар Әбілқайыр ханның қарама-қайшылықты күрделі тарихи тұлға екендігі жөнінде жиі жазып жүр. Мұнда тарихи шындықтың сәулесі бар деп есептеймін. Сондай-ақ халқымыздың басына қиын-қыстау күн туған кезде, тіпті бұдан да тереңдете айтқанда сонау бір жаугершілік замандарда жер бетінен ұлт ретінде жойылып кету қаупі төнген кезде ел мен жерді және ұлтты сақтап қалу үшін оның Ресей империясымен өзара келісімге келгенін күстәналай алмасақ керек-ті. Ресей – біздің ежелгі көршіміз. Геосаяси тұрғыдан да, жағрафиялық тұрғыдан да бізге Ресей мемлекетімен көршілік қарым-қатынаста болуды тағдырдың өзі жазған болса керек.
– Асеке, бүгінгі айтыстың шымылдығын ашқан кезде өзіңіздің рухани ініңіз, сөз сүлейі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман кешелі-бері Ақтөбенің көрікті жерлерін аралап өсу үстіндегі өңірдің архитектуралық ажарына риза болғанын айтып берді. Бұған не дейсіз?
– Ақтөбеге келген сайын оның ажары атқан таңдай ашыла түскенін көріп риза болып аттанамын. Өнер адамы болғандықтан мұнда өткен жылы қайталанбас келбеті бар мәдени нысандар салынып, пайдалануға берілгеніне мерейім кәдімгідей тасыды. Соның ішінде «Жұбановтар әлемі» музей-үйіне тоқтала кетуге болады. Бір әулеттен әдебиетіміз бен өнеріміздің деңгейін асқар биікке көтеруге ықпалын тигізген төрт бірдей академиктің шығуы – сирек құбылыс. Қазақтың ұлттық кәсіби музыка өнері Ахаңнан – Ахмет Жұбановтан бастау алады.
Қасиетті жерге табан тіреп, арқа-жарқа боп елмен араласып келіп қалған жайымыз бар. Ақтөбенің төл перзенті – Ахаңның тәрбиесін көрдім десем артық айтқандық болмас. Маған ол кісі тікелей сабақ бермесе де, жүріс-тұрысымен, дуалы сөзімен үлгі болғаны бар. Ол кісіні мен ұстазым деп есептеймін. Оның үстіне консерваторияға түсуге келгенде комиссия мүшелерінің қатарында болып монологымды тыңдаған еді. Ол кезде қайбір керемет оқыдық дейсің. Қолымызды әрі-бері сермеп, аздап жаңылысып, шамамның жеткенінше өнерімді көрсетуге тырыстым. Сол кезде төрт адамның арасынан Ахаңның «... Бала әлі жас, үйренеді ғой...» деген бір ауыз сөзімен ағалық ақ тілегі менің студент атануыма септігін тигізген еді. Ал Ахаңның қызы, қазақ музыка өнерінің қайталанбас тұлғасы Ғазиза Жұбановамен, ол кісінің жұбайы, тарлан талант, театр режиссурасының патриархы Әзірбайжан Мәмбетовпен қатарлас, қанаттас қызмет атқарудың сәті мен мүмкіндігі түсті маған. Мүмкін, өнердің өз өкілі ретіндегі бақытты шақтарымыздың бірі осы кез шығар. Әсіресе қазақтың классикалық музыкасының өресі мен өрісін әрі шеберлік деңгейін көтеру ісіндегі Ғазизаның талантына тәнті болумен келемін. Егер Әуезов театрында қойылған спектакльдерге қатысты айтсам, «Қан мен тердегі», «Ана-Жер анадағы» Ғазиза жазған музыка нағыз шедевр, нағыз классикалық әуен деп білемін.Рухани жаңғырудың басты кілті төл өнеріміз бен мәдениетіміздің тамырын тереңдете түсуден бастау алады. Оны келешек ұрпаққа табыстау, ұлттық өнердегі сабақтастық тінін үзбеу парыз.
Осы орайда Ақтөбе аймағында қолға алынған істер оң бағаға әбден лайықты. Тағы бір айтайын дегенім, руханият пен мәдениетке жақын жүретін, оны қолдайтын әрі жаны ашитын басшылар бар жерде халықтық өнеріміздің өрісі еш уақытта тарылмайды. Бұл ретте мен осы өңірді басқарып отырған бауырым Бердібек Сапарбаев көп істердің басын қайырғанына куә болып отырмын. Маған оның қарапайымдығы мен елгезектігі, жұмыс істесе жанын салатын қасиеттері ұнайды.
– Әңгімеңіз үшін сізге көп рахмет.
Әңгімелескен Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе