Өнер • 23 Сәуір, 2018

Уақытпен үндескен туынды

1395 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласындағы Ұлттық музей шығармашылық адамдардың еңбегін насихаттауға бағытталған «Қазақстан заманауи өнері тарихындағы тұлғалар» жобасы аясында «Еркіндік» қорымен бірлесіп, белгілі өнер қайраткері, танымал мүсінші Еркін Мергеновтің туындыларына арнап «Еркін Мергенов. Уақытты сезіну» атты көрме ұйымдастырды. 

Уақытпен үндескен туынды

Еркін Тілекұлы – қазақ мүсін­деу өнерінің модернистік бағытын қала­ған тұлға. Шығармалары Мәс­к­еудегі Третьяков галерея­сын­да, Ә.Қастеев атындағы Мем­ле­кеттік бейнелеу өнері му­зе­йін­де, АҚШ, Германия сияқты ел­дердің көркемсурет қорының коллекцияларында сақталған. Е.Мергеновтің шығар­машылық таланты жайлы ресей­лік өнер­та­нушы Ю.Королев: «Бұл адам­ның ойлау, сезіну, түйсіну қабі­ле­тінің тереңдігі, заманауи құ­бы­лыстарды аңғара білуі, тек хас шеберлерге ғана тән көріп­кел­дік да­рыны, оны әлемдік дең­гейге кө­терді» десе, осыдан бір­неше жыл бұрын АҚШ-тағы Стэн­форд университетінің докторы, славян тілі және әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Н.Скаков, Мергеновтің туын­дылары: тарих, дін, философия, әде­биетте соны шығармалар жазуға ықпа­лын тигізді, депті.

Н.Гоголь атындағы Алматы көр­кем­сурет училищесі және В.Суриков атын­дағы Мәскеу мем­лекеттік көркем­сурет инсти­ту­тының түлегі Еркін Мер­ге­новтің әр жылдары қо­лынан шық­қан ғұмырлы еңбектері – «Не­ке», «Таң», «Шеңбер», «Ма­хам­бет», «Сезімталдық», «Ағаш үні», «Кеш», «Жамал», «Сәби жылы», «Даладағы талтүс», «Екеу. Қозы Көрпеш-Баян сұ­лу», «Қуаныш», «Бөбектер жы­­лы», «Бәйтерек даусы», т.б мү­сін-кескіндемелері расында қа­зақ бей­нелеу өнеріндегі тың б­а­ғыт. Он­да – дала мәдениеті, Шы­ғыс өр­кениетінің композиция­сы кө­рі­ніс тапқан.

Талантты мүсіншінің бас­ты қасиеті ол ғалам таныған мү­­сін­­ші­лер – Кремер, Барлах, Ман­­цу, Джа­кометти, Майоля, Ро­ден си­яқ­ты тарландардың ту­ындылары­на тереңінен бойлау ар­қылы, олардың стилдік ерек­­шелігі мен реалистік көз­қа­ра­сынан сабақ ала оты­рып, өзінің бағытын қалып­тас­тыра алуында.

Үш жыл бұрын өмірден өт­кен шы­ғармашылық иесі Еркін Ті­­лек­­ұлын еске түсіру үрдісі бо­йын­­­ша ұйым­дас­тырылған шара кезінде сөз алған Ұлтт­ық музей  директорының міндетін ат­қа­рушы Л.Кочетов, Мергеновтің ту­ындылары ұлт мәдениетін шетелге та­нытудың үлгісі деді. Сонымен қатар жиынға мүсіншінің ұлы Әлі­­бек Ме­р­генов, өнертанушы Ками­ла Ли бастаған су­рет­шілер жә­не басқа да танымал тұл­­ғалар қа­тысып, ар­найы өт­кі­зіл­­ген конферен­ция ба­ры­сында өз ойларымен бөлісті. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»