Әскери делегация өкілдерін Ұлттық ұлан бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов қарсы алып, екіжақты кездесу аясында тараптар арасындағы өзара ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған әріптестік турасында әңгіме өрбіді. Сондай-ақ ресейлік мамандар сапар аясында Ұлттық ұланның құрылымы мен даму басымдықтары және тапсырмаларды орындау мүмкіндіктерімен танысты.
Ал орайы келгенде өз пікірін білдірген Сергей Захаркин Ресей ұлттық ұлан әскері федералды қызметіне қазақстандық әріптестерімен тәжірибе алмасу маңызды екенін тілге тиек етті.
«Бұл біздің әскерімізге жүргізілген реформадан кейінгі Қазақстанға жасаған алғашқы сапарымыз. Өздеріңіз білетіндей, Ресей Федерациясының ішкі әскері 2016 жылдан бастап Ресей Федерациясы ұлттық ұлан әскері федералды қызметі болып қайта құрылды. Ресей мен Қазақстан ұландарының тапсырмалар орындаудағы кейбір салаларында ғана айырмашылық болмаса, негізінен қызмет түрі бірдей», – деді ол.
Сонымен қатар С.Захаркин Ресей ұлттық ұланы реформаланғаннан кейін экстремизм мен терроризмге күрес жүргізу бағыттары кеңейгендігін атап өтті.
Ал Р.Жақсылықов болса, қоғамға төнетін қауіп-қатер түрлерінің де күшеюі іргелес елдерді өзара ынтымақтастыққа үндейтінін жеткізді.
«Осы орайда, екіжақты тәжірибе алмасудың маңызы зор екені сөзсіз. Біз осы кезге дейін де бірнеше рет бірлескен оқу-жаттығулар өткіздік. Оның бірі – өткен жылы ұйымдастырылған «Нерушимое братство-2017» оқу-жаттығу шарасы. Ал биыл Қазақстан «Кобальт-2018» оқу-жаттығу жиынын өткізуді міндетіне алып отыр. Болашақта жүзеге асыратын бірлескен мақсат-міндеттеріміз де аз емес. Сондықтан да біз әрқашан да тығыз қарым-қатынасымызды одан сайын тереңдетуге дайынбыз деп айтқым келеді», деді генерал-лейтенант Р.Жақсылықов.
Кездесу аясында алдағы мамыр айында Алматы облысында өтетін ҰҚШҰ (Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы) ЖӘҰК (Жедел әрекет ету ұжымдық күштері) «Кобальт-2018» оқу-жаттығуларын өткізу мәселесі де талқыланды. Сөйтіп өзара құрмет негізіндегі тығыз байланыс пен кең көлемді екіжақты ынтымақтастықты дамытуға уағдаласты. Атап айтқанда, олар әскери кадрлар даярлау мен мамандар біліктілігін арттыру, ведомствоаралық қарым-қатынасты қамтамасыз ету мен ұйымдастыруда тәжірибе алмасу, мәдени және спорттық ықпалдастық орнатуға негізделген.
Кездесу соңында тараптар РФ ұлттық ұлан әскерінің әскери оқу орындарында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы әскери қызметшілерін оқыту туралы келісімшартқа қол қойды. Естеріңізге салар болсақ, тараптар арасындағы алғашқы келісімшартқа 2009 жылы қол қойылып, содан бері қазақстандық әскери байланысшылар, кинологтер, техника мамандары ресейлік әскери оқу орындарында білім алған еді.
Сапар аясында ресейлік делегация өкілдері Ұлттық ұланның Әскерді басқару орталығын аралап, Ұлттық қорғаныс университетінде болды. Сонымен қатар Ұлттық ұланның астаналық жедел бригадасында болып, әскери қалашықтың инфрақұрылымы мен техника, қару-жарақ үлгілері және тағы басқа нысандарымен танысты.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»