Өнер • 23 Сәуір, 2018

«Алтын микрофонның» гран-приі Болгарияға кетті

533 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қостанайда өткен «Алтын микрофон» халықаралық балалар ән байқауында өзінің бағын сынағандардың  саны  70-тен асып жығылды.

«Алтын микрофонның» гран-приі Болгарияға кетті

7 мен 21 жас аралығындағы балалардың барлығы да талапты, талантты. Екі күн бойы оларды іріктеу де халықаралық кәсіби  қазылар алқасына оңайға түскен жоқ. Бұл жолы байқауға  Қазақстанның облыстарымен қатар Болгариядан,  Армениядан, Литвадан және Ресейден жас таланттар қатысты.

Байқаудың қорытындысы күні сахнаға 20 жас әнші көтерілді. Олар  байқаудың жүлдесін бөлісті. Кіші топ арасында бірінші орынды  қостанайлық Полина Косенко, ортаңғы топта Армениядан келген  Мане Акобян, үлкен топта тағы да қостанайлық  Әлия Наилияева алды. Ал 18 бен 21 жас аралығын қамтитын ересек топта «алтынға» Рудный қаласынан келген Мейірхан Назарханов ие болды.

«Алтын микрофонның» бас жүлдесі болгариялық кішкентай әнші, қостанайлықтарды бұлақтай кәусар даусымен және  дарынымен таңғалдырған Сесил Алпер Сабриге бұйырды.

 Нәзира Жәрімбет

«Егемен Қазақстан»

Қостанай