Қазақстан • 24 Сәуір, 2018

ИЫҰ саммитінің қорытындылары талқыланды

717 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінде ислам әлемінің тарихында алғаш рет 2017 жылы қыркүйекте Астанада өткен ИЫҰ-ның Ғылым және технологиялар жөніндегі саммитінің қорытындыларына арналған Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдер елшілерінің кездесуі өтті. 

ИЫҰ саммитінің қорытындылары талқыланды

Нью-Йоркте өткен бұл жиын барысында еліміздің БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров ұйымға мүше елдер Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осы саммитті өткізу тура­лы бастамасын қолдай отырып, исламмен ниеттес екенін көрсеткенін атап өт­ті. Сондай-ақ ол аталған саммиттің ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткі­зу мерзіміне орайластырылғанын еске сал­ды. Онда мұсылман елдерінің өкілдері энергетика саласындағы ең жаңа ғылыми-техникалық жетістіктермен танысуға мүмкіндік алды.

Қ.Омаровтың айтуынша, Қазақстан әлемдік экономикадағы ислам әлемінің бәсекеге қабілеттілігін біздің табыстарымыз және болашағы зор жетістіктеріміз анықтайтынына сенімді. Бұған қоса, ол мұсылман елдерін исламның асыл құн­дылықтарын насихаттау және бүкіл әлемде инновациялық идеяларды енгізу үшін жауапкершілікті өзіне алатын интеллектуалды элитаның жаңа ұрпағын тәр­биелеуге шақырды. Сонымен қатар саммиттің табысы атап өтілді.

Қорытындылай келе, Қ.Омаров ғылым мен технологиялар дамудың қазір­гі заманғы проблемаларын, соның ішінде кедейлікпен күрес, денсаулықты, қор­ша­ған ортаны қорғау, азық-түлікпен, сумен қамтамасыз ету және энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін шешуде негізгі рөл атқаратынын еске салды.

Сөз сөйлеген ИЫҰ-ға қатысушы елде­р­дің тұрақты өкілдері осы тақырып­тың бар­лық мұсылман қауымы үшін өзекті еке­нін атап өтті. Ауғанстан елшісі Махмуд Сай­кал Қазақстанның Тұрақты өкілдігіне мақ­саты жалпы даму үшін оң негізде ақыл-ойды біріктіру болып табылатын осы маңызды және уақтылы ди­алогты ұйымдастырғаны үшін алғысын біл­дірді. Өзбекстан елшісі Бахтиор Ибрагимов Қазақстанның ғылым және тех­нологиялар жөніндегі бірінші саммитті шақыруда көрсеткен көшбасшылығын атай отырып, қатысушыларға 2020 жылы екін­ші саммитті өткізетін Ташкент осы эста­фетаны Астанадан алғаны туралы хабарлады.

Гайананың елшісі Рудольф Тен-Поу бірінші саммиттің шешімдерін іс жүзінде жүзе­ге асыру ислам әлеміндегі ғылым мен технологияларды дамыту үшін өте ма­ңызды екенін жеткізді. Оның айтуын­ша, елдердің әртүрлі салалардағы артық­шы­лықтарының синергиясы шынайы прог­реске қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Мысырдың өкілі ИЫҰ-ның іс-қимыл бағдарламасы мен БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі даму күн тәртібін прогресс пен ни­еттестілікке бағытталғанын атай отырып, оларды салыстырды.

Іс-шараға қатысқан Ирак, Қатар, Ливан, Палестина, Қырғызстан, Тунис мем­ле­кет­терінің елшілері, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінің, Уганда, Джибути, Иордания, Түркия, Түрікменстан және ИЫҰ-ның өзге де елдерінің өкілдері Қазақстанның саммитті шақыру туралы бастамасын жоғары бағалап, ғылыми жә­не технологиялық даму тақырыбы жа­һан­дық ақпараттық прогрестің қазіргі жағ­дай­ында өте маңызды екенін атап өтті.

Дайындаған

Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»