Жоғарыда қаперге сала кеткеніміздей, жаңадан диагноз қойылған науқастар саны жөнінен өңірлер арасында Ақмола облысы көшбасшылардың біріне айналып отыр. Ал «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыстық филиалының мәліметіне қарағанда, Қ.Құрманбаев атындағы облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінде аурулар саны жыл сайын азаюда. Негізінен туберкулезден айығуға бола ма? Дәрігерлер аурудан толық айығып кетуге болатынын және оған қарсы дәрі-дәрмектер мен препараттардың барлығын айтады. 2017 жыл қорытындысына жүгінер болсақ, амбулаторлық жағдайда емделушілер саны 25,1 пайызға артып, 40,3 пайызға жеткендігін атай кеткен орынды. Бұл аурулардың сауығып кетуге деген сенімінің арта бастағандығын көрсетеді. Әйтсе де өзінің туберкулезбен сырқат екендігін білмейтіндерді былай қойғанда, жұмысынан айырылып қалмау үшін ауруын әдейі жасыратындар немесе денсаулығына немқұрайлы қараушылар арамызда әлі де жоқ емес. Кейде науқасқа құлық, ал дәрігерге білік жетіспей жатады. Бірақ соған қарамай, соңғы жылдары туберкулезбен ауырғандарды анықтау айтарлықтай жақсарғандығына көз жеткізу қиын емес. Мысалы, туберкулезбен ауырғандарды анықтау 2016 жылы 87 пайызды құраса, 2017 жылы осы деңгей сақталыпты.
Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Мәлік Әденов елімізде туберкулезбен ауыратындар саны соңғы 10 жылда 2,4 есе азайып, 2017 жылы әрбір 100 мың адамға шаққанда 52,2-ге дейін кемігендігін алға тартты. Дей тұрғанмен, жыл сайын құрт таяқшаларынан көптеген адам көз жұмып жататыны өкінішті. Қазіргі заманауи медициналық технологиялар мен дәрі-дәрмектердің жеткілікті мөлшеріне қарамай, жұқпалы дертті толық ауыздықтау мүмкін емес. Айналып келгенде барлығы ауру жұқтырған адамның қам-қарекетіне байланысты. Егер ауруды дер кезінде анықтап, емдеудің жолдарын қарастырса сауығып кетуге болады. Сондықтан да бұл мәселе бәрімізді де ойлантуға және денсаулығымызға бір сәт болса да көңіл бөлуге итермелеуі тиіс.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы