Фото: Бақытхан ӘСЕТҰЛЫ
Дүниеден көшкенмен санадан өшпейтін абзал бейне. Әр баланың жүрек түбінде ата-анаға деген аяулы сезім, ұлы сағыныш жатады. Уақыт өткенмен сағыныш түбегінен сыздықтап мұң шығады. Қолыма қалам алсам менің балалық шағымның белестері көз алдыма қайта оралады. Сол белестің ұшар шыңынан тек өзіңді ғана көріп, өзіңмен ғана тілдесіп отырамын, ӘКЕ!
Қандай хәлді бастан кешсем де, өз ойым өзіме өгейлік танытып өзгерген сәтте де, дүние тулақтай тозып, қаңсыққа айналған тұста да мүлтіксіз тазалығың, кірпияз ізгілігің жанымды сергітіп қапастан арылтып шығатын алып күшім – ӘКЕМ!
Өзіңнен Отанды сүюді, елді қадір тұтуды, туған жер топырағын аялап өтуді, ұлтымның киесі барын ұғып өстім.
Ата қоныс
Жазушы Қажығылым Қажыбайұлы Мұқановтың «Ата қонысын» оқып отырып, Қазақ елінің ежелгі ата қонысы Іле аймағын мекен еткен ел-жұрттың болмысы мен тіршілігі, ұлтымыздың қаймағы бұзылмаған тұрмысы мен салт-дәстүрі көз алдыма сұлу сурет салады. Тағдыры тәлкекке түскен көшпелі жұрттың Қазақстаннан – Қытайға, Қытайдан – Қазақстанға жөңкіле көшіп, жосылып жүруінің себеп-салдарына үңілемін.
«1932 жылғы аштық. Босқан ел Қытай елімен жапсарлас, үрген иттің дауысы естілетін өз қандастарына қарай жосылған кезі. Жол жиегінде ісіп-кеуіп өліп жатқан адамдар. Жол-жөнекей өлген адамдарды жерлеп келе жатқан, өзегі талған аш жұртқа азық-түлік таратып, қараша жұрттың қамын ойлаған Мәмбеттің Иса қажы бастаған қажылары, Басбай бастаған байлары, қоржынынан өлгендерді орайтын ақыреттерін қоса таратып жүр.
Қытай өкіметі жағынан көмек қарастырылмаса да, аш-жалаңаш тозған елді Қанағат болыстың ауылы қарсы алып, қалың елге пана болды. Қаракерей Қабанбай батырдың шөбере-шөпшегі болып келетін Қанағат болыс аш-жалаңаш елге тайқазан көтеріп, бидай көже жасатып, мыңдаған адамды ажал тырнағынан аман алып қалады. Бірақ 1937 жылы Сталин бастаған совет өкіметі мұндай тектінің басқан ізін аңдытып, қытаймен біріге отырып ұстап жатқан кезі. Алдында Шәуешекке барған жерінен Әлімғазы болыстың, мұнан соң Қанағат болыстың басына қаралы күн туады».
Қанағат болысты тұтқындағанда жыламаған ел қалмады, – дейді сол кезде жиырма төрт жаста болған әкемнің анасы Шәрбан Батталқызы.
Қабанбай батырдың көзіндей еліне тұтқа болған панасынан айырылған халық ботадай боздапты. «Ақ боз аттың үстіне мінген сексендегі Қанағат қария аппақ сақалы Барлықтың қоңыр желінде желпілдеп тұрып: «қош, қайран ел, жалғыз-ақ арманым, сендерден топырақ бұйырмады. Ата-бабам алысқан дүлейдің қолына тоқтыдай өңгеріліп, босқа кеттім. Жас шағым болып, тым болмаса ата жаумен жағаласып өлмедім. Күнің не болар екен, бодаусыз босқын болған асыл ел» – депті. Бұл жер «Қанағат ұсталған сай» деп аталады екен.
Туған жеріңіз Бөрнекейді жиі еске алатын едіңіз. «Бөрнекей мекеніміз, тұрағымыз, келеді жерді ойласақ жылағымыз» деген аталарыңыздың өлең жолдарын жиі қайталайтынсыз.
«Еміл өзенінің жағасындағы Бөрнекей – аталарымыздың атамекен қара қонысы. Мойынталдың күн батысындағы қалың қамыс, мол шабындықты, өрісі кең Бөрнекей ата-бабамызға құт болыпты. Осы өлкені Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, би Боранбай сарбаздары жоңғардан азат етіп, иісі найманға оның ішінде мәмбетке қоныс етіп бөліп берген екен. Мәмбет-Тұматай, Етекбай, Байеке, Бәкі, Ұзақ, Мұқан, Шөшек, Ақажан ие болған ата қоныс осы. Бұл – атақты Құлыстай бойы (Қ.Мұқанов «Ата қоныс», «Қайнар» баспасы, 2008 ж.).
Мәмбет – Қабанбай батырдың бесінші атасы (М.Тынышбаев «Материалы к истории киргиз-казакского народа» Ташкент, 1925г.). Әкей – найман ішінде мәмбет еді.
Қиын-қыстау заманды бастан кешкен әке тағдырына ержетіп, есейіп барып үңілдім. Егер өмірінің баянын өзі жазып кетпегенде, бәлкім өмір тарихын терең зерделей де алмаған болар едім.
Білетінім, табиғаттың сұлу көркінен нәр алатын. Тау-тасты көп аралайтын. Әр төбенің басына шығып, ауыл шетіне көз салып, қайран қазақтың жері деп сүйсініп тұрып, көзіне жас алатын. Әкемнің ата қонысқа деген, туған жерге деген ұлы сағынышын жиі еститінмін. Жат елдің қолында қалып кеткен ата қонысын өмір бақи айтып өтті. Әкей туған жерінің әр тасын жатқа білетін. Әсіресе бала кезіндегі етегінде талай мәрте ойнап, тұмасының суын қанып ішіп, тошаласын жеген «Шоқпартасын» сағына жазды.
«Шоқпар тас! Бабаларымыздың жат жұрттықтармен соғысында сілейте соққы берген қара шоқпары шығарсың, тасқа айналған. Айналайын, қожыр-қожыр Шоқпар тас! Жауыңның жағасында қалған шоқпардай жұдырығың түйілген қалпы жазылмай, тастай қатып қалды ма екен... Қызыл-жасыл қына басқан басыңа шығып алып, тауды жаңғырта айғайлаушы едім. Қазір де айғайға бассам ба екен, Шоқпар тас...
Сегіз қанат үйдің орнындай қап-қара болып, тұңғиықтанып жатқан Қайнардың көзі қандай... Қайнап шыққан су бұлақ болып атқылап өзеншеге айналып жатыр. Кешке дейін бұлақтағы суға емін-еркін түсетін біздердің сирағымыз быт-шыт болып жарылып, қарала-қожалақ, табан тілім-тілім болушы еді.
Қайнарға көктеуде қонған біздің ауыл, қозылары аяқтанып, құлындары қара құлақтанып, ойнақ салып, інгендері боталап, өрнектеп, тоқыған желбауына қарлығаш ұя салып, балапанын ұшырып әкеткенге дейін тапжылмай отыратын. Адам түгіл, құс екеш құстың да көңілін аулайтын қайран қазақ ауылым!»
Ел басына күн туған
«Бала күнгі досым Ерғазы Рахимов, Тұрдыбек Алшынбаев, Қажытай Ілиясов (кейіннен Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері болды) Ерғазы мен Тұрдыбек екеуі Шәуешекке зорға жетіпті. Мен ол кезде «оңшыл, ұлтшыл» деген атқа ие болып және Ерғазымен жазысқан хаттарым ұсталып, күдік, күмән көбейген кез.
Ерғазы екеуміз гимназияны бірге бітірген бала күнгі дос едік. Онан жиі хат келетін. Гимназияны бірге бітірген менің досым ақын, жазушы бала күннен іргеміз айырылмаған Ерғазы Аққазыұлы Үрімжіде Шыңжаң институтында студент болып жүрген. Онан жиі хат келетін. Әрине әдебиет туралы ол хаттарда көп айтылатын. «Шұғыла» журналына 1958 жылы менің «Ұлжалғас», «Батыр шопан» деген екі әңгімем жарияланған. Ол кезде «Жергілікті ұлтшыл атанып қолға алынып кеткен Қажығұмар Шабданұлы, Омарғазы Айтанұлының шығармалары біздің хаттарымызда айтылады. Құдайберген сақшы мен Жындыкөз Өндірхан екеуі тіміскілеп жүріп маған келген газет-журналдардың арасында Ерғазының жолдаған хаттарын да ұстап, ашып оқып танысады. Мен атамның үйіне, Жалға кеткенде Өндірхан біздің үйге менің отауыма келіп; қандай әдеби кітаптары бар, оқысам деп едім» – деп менің сандықшадағы М.Әуезов, С.Мұқанов романдарын, әдеби кітаптарды ақтармалап, Ерғазының, жазушы Жұмабай Біләлұлының хаттарын іздейді. Ол хаттар жеке сақталатын. Жұбайым Фарида да Өндірханның жылмаңдаған тақыр тазыдай сұрқынан сезіктене шошып кетеді. Фариданың 18-дегі, менің 21-дегі кезім.
Сонымен менің жылқы жылым басталды. Қыстың қалың ортасы. Астымда Қыңырбектің қоңыр аты. Меншікке алып қалған құла байталым бар еді. «Өсім малын мініп құлын тастаттың» – деген айып тағып, жиналыстарда мазамды алған соң мал шаруашылығы бастығы болып жүрген Нәзірқанға айтып, жегінге жүрмейтін осы қоңыр атқа айырбастап алған едім. Жануар, арқасы ошақтай жауыр болғанымен, қамшы салдырмайды. Менің қолыма тигелі көзі ашылып, күтім көріп, бір қабат ет біткен.
Алғашқы күннен «Ашылу, сайрау» басталды. Жан қысылды. Бұрын біреуді жамандап көре алмайтын көп сөзді қазақ баласының оқыған интеллигенциясының өзі ұсақтап, небір марқасқа атан жілік азаматтар көздері бағжаңдап аузына келгенін көйіте бастады. Мынау досым еді, жақын туысым еді – деуден ат-тонын ала қашып, сол жақынының үстінен жаттан бетер жамандайтын. Әйтпесе «жақынына жан басты» – деп, күстәналайды. Жиналыс арасында үзіліс болып, дәлізге шықсам бүкіл қабырғалардың бәрі ілінген газет. Екі газеттің бетіне көк сиямен мұғалімнің аты жазылып, кінәлі сөздері, істері тізіліп жазылып, жауап беруді талап еткен. Оны қытайша «Дазыбау» деп атайды екен. Менің үстімнен жазылған «Дазыбау» молаңдау. Мұғалімдердің бәрі жапырласып оқып жатыр.
«Қажығалым жолдас, партияға қарсы астыртын ұйымыңды әшкереле!» – депті «Дазыбаудың» бірінде. Екіншісінде: «Коммуналасу кезінде біздің үйдің алты адамы алты жерде жүр» – дегенің халық коммунасына қарсылығыңды көрсетпей ме?» Оның қайсыбірін тізе бересің? Айтқан сөз атылған оқтай. Барлық сөзіңді тізіп, өңін айналдырып, принципке көтеріп кінәласа, сенің қылмысыңның таразысы ауырлай түспек.
«Ашылу-сайрау» саяси науқанын жүргізетін активтерден, коммунистерден «ядролық топ» деген құрылған. Барлық қылмысты материал сонда жинақталады. Сонан жоғары жақтағы аудан шужилары, сақшы, сот ауыр қылмысына қарай жаза кесетін. Оның егжей-тегжейін жиырмадан жаңа асқан, әлі оң-солын толық ажыратып үлгермеген, «Соқыр тұманның» арасында елсіз тауда қалған жалғыз жаяудай қалған маған толық мәлім емес. «Қылмыстыларды оңаша қалдыру, жасыту» сияқты әдістері де бар екен. Күні кеше ғана күліп-ойнап жүретін мұғалім құрбыларым бәрі де маған жат адамдай жатырқап, маңыма жоламайтын болды. Тіпті туысы жағынан жақындары да бәріміз түскі тамаққа, асханаға барғанда менен ауашаланып қашқақтай берді. Маған төндіре түскен басты кінә: Үрімжіде институтта оқитын Ерғазы Аққазыұлы, Жұмабай Біләлұлы секілді бұрын бірге оқыған ақын-жазушы өзім сынды бала жігіттермен жазысқан хаттар. Оның үстіне, олар тап жағынан таза кедей балалары. Ерғазы болса, әкесі Аққазы ерте қайтыс болып, жетім қалған. Шиеттей бауырлары Дөрбілжін ауданы ақ қой шаруашылығында жесір шешесімен бірге тұратын.
Маған «Жаптым жала, жақтым күйе» деп сыныққа сылтау таба алмаған белсенділер мен оның басшылары Асқар, Өндірхан, Әжібек сияқтылар бастап «Сенің партияға қарсы астыртын ұйымың бар, соны әшкереле!» – деп жабысады.
«Жауды жалғыз қалдыру, рухани жүдету» сияқты не түрлі зұлымдық әдістерге жетік қытай саясаты Шыңжаңда бас көтеретін зиялы қауымды, әсіресе қазақ халқының әрқашан рухани көсемі ақын-жазушыларды «жергілікті ұлтшыл» деген желеумен топырлатып түрмеге тығып жатқан кез.
«Шыңжаң өлкесіне ішкі қытай өлкелерінен шекараға көмекке келгендер» – деген бүркемемен ағылтып, қалың аш-жалаңаш қытайларды ежелгі Шығыс Түркістан жеріне үсті-үстіне төге бастады. Әр ауданның гүңшелеріне бөлінген қытайларды «Қонақтар» деген құрметті ат беріп, әр отретке (изаға) бөліп беріп, үй-жай тамақпен қамтамасыз етуге иза бастықтарға, шужиларға қадағалап тапсырып беретін.
Тұнып тұрған қазақы орта, қаймағы бұзылмаған тіліміз, мұсылмандық дініміз бар еді. Коммуналасу кезінде ішкі өлкеден жөңкілген бұлттай қалың қытай-қонақтар қаптады. Район бастық, аудан, облыс, Шыңжаң ұйғыр автоном районының шужилары (секретарлары) барлығы да қытай ұлтынан шыққандар. Әр сөздерінен өктемдік, баса-көктеп елге, жерге ие болу иісі аңқып тұратын.
Сонымен 1960 жылдың қысында Жаңа қалада аудан мектептері мұғалімдерінің бас қосқан жиналысында менің үстімнен пікір айтқандар «атылсыннан» басқаның бәрін айтты. Зор секіріп ілгерілеуге, партияның сара жолына, халық коммунасына қарсы сөздер сөйледің дей келіп, әсіресе шүйліккені «Партияға қарсы астыртын ұйымыңды әшкереле!». «Қылмысыңды мойныңа ал!» деп тұрғызып қойып жауап алып, тергеумен болды.
«Аққа-құдай жақ» деген рас. Мұғалімдер арасында тұрғызылып сыналғаным болмаса, сақшылар, сақшы мекемесі шақыртып тергеуге алынған жоқпын. Бізден бұрынғы стиль түзеу, қалпақ кигізу, төменге түсіру, еңбекпен түзеу (түрмеге алу) секілді шаралар біздің алдымыздағы жылда өтіп кеткендіктен, сол кезеңдегі партия саясаты менің тұсымда «Жағадан алмау, қалпақ кигізбеу» деген саясат жүргізілген тұсқа кез келіппін. Маған осындай саясат кезінде шара қолданылмай жай сынау, сөгумен тыныш аяқталды. Осы күнге дейін Аллаға сансыз бір тәубе етемін. Сондай сұрқай қиын күндерден аман-есен қалғаныма. Менің аман қалуыма әкемнің еңбек озаты болуы, идеясының таза болуы да, шыққан тегімнің еңбекші болуы да үлкен әсер етті деп ойлаймын. «Жаман баланы жақсы әкенің аруағы қырық жыл асырайды» дегендей, әкемнің еңбекші, көп сөзге жоқ, адал мінезі менің болат қалқанымдай болды. Маған қолданған шарасы: менің алатын айлығым басқа мұғалімдердей өспей, төмен қалпында қалды. Бұл қазіргі біздіңше «Аттестациядан өтпеу» секілді қолданылған шара.
Сөйтіп, 1959-1960 оқу жылының қысын «Ит көзі түтін танымас» болып өткіздік. Сол жылы қар қалың, қатты жұт болды. Сәуір айының ортасына дейін шана жүрді. Мал ақ сирақ болып қырылды.
1955 жылы Қытай өкіметінің саясаты күшейді, жер реформасы жүргізіліп төрт қалталы, көк пешпет шалбар киіп, омырау қалтасына гаңби (қалам) қыстырған үгітші, насихатшы кадрлар көк шегірткедей қаптады. Ай сайын өзгеріп жататын саяси науқандар, социализмнің қағидалары халыққа түсінікті тілмен егжей-тегжейлі ұғындырылады. Сол кездерде біреуді біреу «жолдас» деп атау дәстүрге айнала бастады. Тіпті өз әйелін өзі «жолдас» деп айтатын жағдайға жетті».
Қайран жұрт
«Елге тамақ норма болған кез. Әр адамға күніне 200 грамм нан ғана береді. Мал шаруашылығындағы қой баққан қойшылар қой, сиыр сауып, ірімшік құрт алып аққа сүйеніп, жанын бағып отырған 1961 жылдың ауыр кезеңі. «Халық коммунасы» құрылып, ортақ асхана жасақталып, жұмыс істегендердің бәрі үш уақыт сол жерден тиесілі тамағын ішеді. Үйге от жағу, үйде тамақ пісіру қалған кез. Бүкіл отбасының сәні қалмай ата-ана, бала-шаға түгел осы «Коммунаның» асханасына телмеңдейді. Наннан аузы кетпейтін кішкентай балалардың қол-аяғына ісік жүрген...
1962 жыл. 24 сәуір. Біздің қазақ тағы жосып көшті. Ақшоқыдағы ел түгел көшіп, етекке қарай ағылуда. Бүлінген ел үйдің сыртқы туылдырығын ғана суырып алып, жалаңаш күйінде қалдырып кетіп жатыр. Алыстан мылтық дауысы естіледі. Келе жатқан қалың әскердің аяғының астында қалмауды ойлаған бұқпа есепке жүйрік бейбіт ел асыға көшіп, қан базардай қан жайлауды тастап, туған жердің жықпыл сайына, адам аяқ басуы қиын шатқалдарға қоныс аударды.
Қолына тиген көлігімен түйеге, сиырға, жылқыға үйіндегі іске татыр көрпе-жастығын, кейбіреуі киіз үйін, шаңырағын артып алып, Қазақстан шекарасына қарай шұбай жөнелді. Қолына тиегі жоқ домбыра ұстаған ақсақал, баласын арқасына салған әйел жаяулап, қара жолдың бұрқыраған борпық шаңын жұтып барады. Арлы-берлі сабылыс.
Тарбағатай аймағы, Шағантоғай ауданының Жиек аталатын кең жазығын жарып өтетін көш жолы арқылы Сарбұлақты басып, қолсозым жерде тұрған Қазақстан жеріне бет түзеген ел. Бөгеуі алынған тасқындай лап қойған жұрт толастар емес. Жалалы болған бастан, қолдағы бар малдан айырылып, қуғын-сүргіннің тығырығына тірелгенде бас сауғалап қашқан жұрт, аңырап келіп атамекенге қайта бет түзеді. Үш жүз жылдан астам бауыр басқан ата қоныс қыр асып артта қалып барады».
Туған жердің қадірін, ел қадірін, тіл-дәстүр қадірін әкемнің жазбаларын оқыған сайын тынысым кеңейіп, жүрегіме от бітіп, жалым күдірейсе, бір сәт жігерім құм болып, қазаққа қайтып орала қоймайтын туған жердің барқыт белін қимай қиналасың. Әсіресе Емілді еміреніп жазғаны кейінгі ұрпаққа қазақ жерінің аманат болып қалып бара жатқаны аңғарылады.
«Қаракерей Қабанбайдың Қубас тұлпарының ізі де Еміл бойында сайрап жатыр. «Тозған қазды топтанған қарға жеңеді» дегендей, Абылай хан дүниеден өтіп, «Бас-басына би болған өңшең қиқым» әр ел өзінің дүрегейін хан сайлап, ел бірлігі бұзылып, қазақтың біртұтас мемлекеттігі хандық билеуі ыдырап, туырлықсыз тұл үйге айналғанда, ойда – орыс, қырда – қытай бөлшектеп билеп, ел мен жердің тізгінінен айырылып қызыл қырғын көргенде, Қабанбайдың ақ туын қайта көтерген оның шөбересі Әділбек батыр, Отыншы батыр, қытай, мәнжүр, сібе-солаңды дүбірлете қуып, осы Еміл өзенінің бойын азат етіп, сонау Аспантауға дейін айдап салған. Сол ерлердің ентіге келіп, етпеттей жатып суын ішкен Еміл ғой бұл. Тоқымын суға жүздіріп өткелсіз өткен Емілден, сол ерлердің жосылған сорапты ізі бар Емілдің жағасында. Ақын досым Қажытай Ілиясовтың «Атыңды естігенде Еміл деген, Отыз өлең арнар ем кемінде мен...» деп жазғаны бар еді.
«...Айналайын, туған жер. Тобылғы сайыңда торғайың неге болмадым, Емін-еркін ұшып жүріп құмарым қанғанша қасыңда қонақтайтын тұрымтайың неге болмадым, тасты беткейіңде мынау жарық дүниеде талқаным таусылғанша құзыңда қонақтап өтетін. Тағдырдың тауқыметімен жосыған ел шаңына ілесіп кете бардық».
Әкем менің!
Сіз жеткен жарыққа мен де жеттім, сіз сүрген ғұмырды мен де сүрдім, сіз жүріп өткен сүрлеуде менің де ізім жатыр. Өмір жолымның көшбасшысы, болмысымның шебер мүсіншісі – СІЗ!!!
Роза МҰҚАНОВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
жазушы-драматург
АСТАНА