Әрине аты айтып тұрғандай, жаңа бағдарламаны оқыту үшін жаңа, заманауи оқулықтар мен көрнекілік құралдарының қажеттігі айтпаса да түсінікті. Көрнекілік құралдар демекші, жақында облыс әкімі Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Тарбағатай ауданына барып, сондағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектепті аралау барысында биология пәні кабинетіндегі 80-жылдардағы, кеңестік заманды еске салатын көрнекілік құралдарына көзі түсіп: «Биыл облыс қазынасынан білім саласына ғана 106 миллиард теңге қаржы бөлінді.
Бұл – жергілікті бюджеттің үштен бір бөлігі. Ал мектептердегі оқу құрал-жабдықтарының түрі мынау. Жауапты тұлғаларға тез арада қаражаттың жұмсалуына кешенді тексеру жүргізуді тапсырамын», деген-ді. Әрине мұндай көрнекіліктер жалғыз Тарбағатай ауданында ғана емес, облыстың өзге аудандарындағы мектептерде де болуы әбден мүмкін. Тексеру барысында айқындала жатар. Егер оған дейін өңірдегі мектептер «аш пәледен қаш пәле» деп өздерінде бар көрнекіліктерден құтылып үлгермесе.
Тарбағатайдың аталған мектебінде көрнекілік құралдары ғана емес, білім ордасының өзінің де тозығы жетіп тұр. Аймақ басшысы бұл оқу ошағына әуелі кешенді тексеру жүргізілетінін, содан кейін ғимаратқа жөндеу жұмыстары жасалатынын жеткізді.
Реті келгенде айта кетейік, қазір ауданның Ақжар ауылында 600 орындық мектеп пен 300 орындық интернат салынып жатыр. Бұл нысандар алдағы оқу жылында қолданысқа берілуі тиіс.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы