Конференцияның мақсаты Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылы Қазақстан халқына Жолдауында алға қойған тапсырмаларды орындау үшін мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар мен жас зерттеушілер арасында халық өмірінің сапасын арттыру, сондай-ақ жастар бастамаларын жүзеге асыру, тәжірибе алмасу және жастар арасында ғылымды дәріптеу, экономиканың әртүрлі секторларына сандық технологияларды енгізу туралы мәселелер төңірегінде интерактивті алаң құру.
Іс-шараға «С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ» АҚ Басқарма Төрағасы А.Қ.Күрішбаев, «Атамекен» ҰКП Әлеуметтік сала және әлеуметтік серіктестік комитетінің Төрағасы Т.К.Доскенов, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Президент кеңесшісі Б.Қ.Атыбай, «Ғылым қоры» АҚ Жоба дирекциясының директоры А.А.Ашкин және жетекші университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының басшылары қатысты.
Университет ректоры А.Қ.Күрішбаев өз сөзінде ҚазАТУ-ді ауыл шаруашылығында халықаралық деңгейдегі зерттеу университеті ретінде реформалау аграрлық салада ғылымды дамытуға, жас ғалымдар арасындағы бәсекелестік қабілетін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ, білім беру саласын қарқынды түрде сандық жүйеге өткізу жолдарын барынша жылдамдату керектігіне тоқталды. Соның ішінде ауыл шаруашылығы саласын өңірлермен бірлесе отырып цифрландырудың оңтайлы тәсілдерінің бар екендігін айта келе өзгелердің де сол жолмен жүру керектігіне назар аударды.
«Ғылым қоры» АҚ Жоба дирекциясының директоры А.А.Ашкин жобаларды гранттық қаржыландыру және ғылыми, ғылыми-техникалық қызметті коммерцияландыру нәтижелері туралы, сондай-ақ конкурсқа қатысу ережелері мен гранттық қаржыландыру жайында айтып берді.
ГАЖ технологиялары оқу орталығының меңгерушісі Ф.К.Ермеков ҚР ауыл шаруашылығын цифрландыру тақырыбында өзекті мәселелерді көтерді. Еліміздің солтүстік аймақтарында егін жинаудың ғарыштық мониторингі және Целиноград облысындағы жерлерді пайдалану, Ақмола облысында 4 миллион гектардан астам жер аумағына электронды карталардың әзірленіп жатқандығы туралы айтты.
Пленарлық мәжілісте жас ғалымдар пайдалы, қызықты ақпарат алып, жас мамандар үшін өзекті сұрақтарды қоя білді.
Конференция жұмысы Агроөндірістік кешеннің тұрақты дамуындағы цифрлық технологиялардың рөлі; Қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалануда ақпараттық технологияларды қолдану; Тамақ өнімдерін өндіру, қайта өңдеу және ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау цифрлық технологиялары; Ақмола ауылшаруашылығы институтының бірінші директоры, т.ғ.к. Т.Г. Духовтың туылғанына 100 жыл толуына тураланған «Агроөнеркәсіп кешеніндегі цифрлық технологияларды техникалық қамтамасыз ету» секциясы; Ветеринариядағы инновациялық жаңашылдықтар мен IT-технологиялар; Мал шаруашылығы, балық шаруашылығы және аң шаруашылығының қазіргі заманауи аспектілері; Биология және биотехнологияның қазіргі мәселелері және өзге де ғылыми бағыттар бойынша секцияларда жалғасын тапты.
Конференция аясында жас ғалымдар мен студенттер жетістіктерінің көрмесі ұйымдастырылды. Жас ғалымдар мен студенттер өз жобалары мен технологиялық платформалардың өнімдерін, сондай-ақ жабық сумен жабдықтау қондырғыларында балықты өсіру: қондырғыны орнатудан бастап алғашқы өнімді алу жолын көрсетті. Сондай-ақ «Электрондық медициналық жазбалар», «ҚТҚ сұрыптау жүйесі», «Көмек», «Вкусняшка» әлеуметтік жобаларының тұсаукесері өтті.
Шара соңында секциялық отырыстар қорытындыланып, жеңімпаздар мен белсенді қатысушыларға дипломдар табысталды. Сонымен қатар конференция қарары қабылданды.