Руханият • 26 Сәуір, 2018

Неке неден бұзылады?

1082 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

...Бірде жұмыстан кештетіп келе жатып, өзім түсетін аялдамадан өтіп кетіппін. Содан бірсыпыра жерден кері қарай жаяу қайтуға тура келгені. Айналама қарап келе жатырмын. Күйбең тірлікпен көктемнің шығып, жаздың жақындағанын да білмейсің.  Білдірмей өтіп жатқан өмір. 

Неке неден бұзылады?

Бір кезде көзім бірін-бірі жетектеп келе жатқан ерлі-зайыпты қарияларға түсті. Шаштары ап­пақ қудай. Зиялы адамдар екені бірден аңғарылады. Қос қария қішкентай баспалдақтардан біріне-бірі сүйеніп, бірін-бірі құлатып алмауға тырысып, абайлап түсті де әрі қарай аяңдады. Ол екеуінің көздеріндегі мейірім мен сыйластықты ұмыту мүмкін емес болатын. «Екі жарты – бір бүтін» деген осы еді.  Бұл адам­ның бүкіл ғұмырына татитын сәт, ғаламат сурет болатын.

...Әлбетте сыйластық жоқ жер­де  онсыз да әлсіз, онсыз да­ күй­реуік сезімге қайдан орын болсын! Ақиқатында ма­хаб­бат – гүл сияқты нәзік се­зім. Оны татулықпен суарып отырма­саң, сөзсіз солады. Бірін-бірі қадірлей алатындар ғана махаббаттарын бастары еңкейгенге дейін сақтай алады.

Ал махаббат та – Алланың адамға берген ұлы сыйы. Егер жұ­бың қадіріңе жетсе, бақай есепсіз, ессіз сүюдің өзі де ба­қыт. Осыған қарамастан өткін­ші сезімді махаббатпен шатас­тырып, өкініп жүргендер қан­шама?! Ақын Мұхтар Шаха­новша айтқанда, сенбей, сүймей тағдыр қосып жүргендердің легі тағы бар.

Айтқандай бірде-бір келін­шек «Түсімде біздің жатын бөл­меміз өртеніп жатыр екен. Басқа бөлмелер дін аман. Бір уақытта күйеуміз екеуміз жататын қос төсек өртеніп кетті. Қап-қара болып жанып, күйеленген бос бөлменің төбесіне шошына қарап жатқанымда оянып кет­тім» деді.

Бұл түсті жоритын түгі де жоқ. Олар онсыз да ажырасудың ал­дында тұрған жұп еді. Әйел байғұс әу бастан отбасын, ошақ қасын қаншама сақтап қалуға тырысып, қаншама кешірімшіл болса да екінші тараптан осыны керек еткен адам болмады. Қаншама жыл ақымақ еркекпен алысқан әйел осы түсінен кейін көп ұзамай ажырасты.

Шариғат та ажырасқанды қол­дамайды. Алайда осыған қарамастан күн сайын қаншама шаңырақ  ортасына түсіп жатыр. Ал сонда ажырасудың басты себептері қандай? Ежелден көрші Ресейдің отбасылық мәселелерін зерттейтін ғалымдары соңы міндетті түрде ажырасуға алып баратын 13 себепті атағаны есі­мізде қалыпты. Өмірдің өз шын­дығына келсек, ажырасудың мың­ түрлі және жалғыз себебі бар. Неке отауының іргесін неге  шайқалтпай ұстап қалмасқа десек те, отбасылық қарым-қа­ты­настарды зертеп жүрген мамандар соңы ажырасумен бітетін мы­надай басты  себептерді алға тартады:

Ерлі-зайыптылар арасындағы серіктестіктің жойылуы, яғни біреуі ұдайы өктемдік жасайды да, ал екіншісі оған бағынуға мәж­бүр болады.

Эмоциялық байланыстың бол­мауы. Ерлі-зайыптылардың әрқайсысы өз бетінше өмір сүре беретіндіктен, екі тараптың бір- біріне деген жылуы жоғалады.

Отбасындағы әлімжеттік. Ішімдікке салыну. Алко­голизм, есірткіге еліту – өр­­ке­ниетті барлық елдерде ажы­расудың ең дәстүрлі себебіне айналған. Әрине жұбайлардың бірінің араққа салынуы тату­лыққа, бала тәрбиесіне, туыс, дос-жаранмен қарым-қатынасқа, табыс табуға дейін тек теріс ық­палын тигізеді. Көптеген зерт­теушілер ішімдікке салынуды әлеуметтік дерт деп қарастырып жүр. Қалай десек те, соңы пси­хикалық ауытқуларға дейін апа­ратын  бұл дерттің тамырын тек­тен де, тәрбиеден де іздеуге бо­ла­тын сықылды.

Ішімдіктің кесірінен отбасында ауыр ахуал орнайды. Біт­пейтін ұрыс-керіс, мастықпен көрсетілген зәбір сүйіп қосылған жандардың көңіліне аяусыз ақау салып, жұбайлар арасында ең үлкен сынақтар басталатыны аян.

Көзге шөп салу. Мұның да­ себептері ілкімді-ілкімді зерт­­теулерге жүк бола алады. Сүйіп қосылған жардың мұндай сат­қындығын кешіре алатындар – ілуде біреу.

Өзімшілдік. Әлемде адамдар екі топқа бөлінеді – өзім-өзім дегенде өзегі түсе жаздайтындар мен өзгелер үшін өмірін сарп ететіндер... Егер екі адам да жақын адамы үшін жанын беруге әзір болса, онда тамаша. Ал өресі өз басының қамынан аспайтындар сүйіп алған жарын, яки таңдап тиген күйеуін бақытты етуі неғайбыл.

Ата-аналардың бала-шаға­сының жеке өміріне белсене араласуы. Кейбір құда-құда­ғи­лар отау құрып отырған балала­рының жеке отау құрып отырған адамдар екенін жиі ұмытып ке­тіп жатады.

Үміттің ақталмауы. Ешқан­дай адам некелесуге жаман бол­­­­сын деген ниетпен бармай­ды.­­ Жұбайлық өмірден адам­дар­­дың бәрі де жақсылық кү­теді. Бі­рімізді біріміз таптық, ба­қытты өмір басталады деп, тағ­дырларын то­ғыстырған жұптардың өмірі жеме-жемге келгенде отбасылық тіршілігі мүлде басқа сипат ал­ғанда, сый­­ластыққа селкеу түсе бас­та­мақ. Мыңдардың, мил­лион­дардың ішінен таңдаған ада­мыңның мүлде басқа жан бо­лып шыққаны да көңілді қал­дыра бастайтынын кім жоққа шы­ғарсын. Мұндай жұптардың түп­­­тің-түбінде ажыраспауына еш­кім кепілдік бере алмайды.

Не десек те, некенің бәрі жақ­сы емес, ажырасудың соңы тек сорға ғана жетелемесе де, ажы­расу – өзін-өзі жеп біткен жұ­байлық өмірдің мәреге жетуі деп біліңіз.

Ажырасудың жанға жа­ра салмайтыны сирек. Бірақ от­басылық қарым-қатынастар­ды бүге-шігесіне дейін зерттеп жүрген мамандар ынтымақ­шыл адамдардың кекшіл, қайыры­м­сыз жандарға қарағанда, келесі жұбайлық өмірде немесе екінші рет некелессе  жиі бақытты болып жататындығын алға тартады.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ