Екі құрама арасындағы текетірестің бірінші кезеңі 1:1 есебімен тең аяқталды. Матчтың үшінші минутында Ұлыбритания құрамасының ойыншысы Люк Феррар есепті ашып, командасын алға шығарса, 15-минутта қазақстандық хоккейші Дмитрий Гренц таразы басын теңестірді.
Ойынның екінші кезеңін Қазақстан құрамасы нәтижелі бастап, басымдықты өз қолдарына алды. Матчтың 33-минутында Антон Сагадеев шайбаны алыстан бағыттап, қақпаны дәл көздеген болатын. Алайда Ұлыбритания құрамасының бапкері соғылған шайбаға өзінің наразы екенін, ережеге сай соғылмағанын айтып, төрешілерден сол сәтті видеодан қайталауын көруді талап етті. Нәтижесінде, төрешілер шайба соғылған кезді қайта қарап, Сагадеевтің шайбасын есепке алды. Арада екі минут өткен соң Роман Старченко есепті 3:1-ге жеткізді.
Үшінші кезеңде Қазақстан құрамасы британиялықтардың қақпасына жауапсыз үш шайба соқты. 42-минутта Роман Старченко дубль жасаса, 46-минутта Никита Михайлис мергендігімен көзге түсті. Ал алтыншы шайбаны құрамамыздың жас ойыншысы Әлихан Әсетов соқты. Қорытынды есеп – 6:1.
Екі ойында да жеңіске жеткен Қазақстан құрамасы алты ұпай жинап, І дивизионының «А» тобында бірінші орында келеді. Екі матчта үш ұпай жинаған Италия, Польша, Венгрия және Ұлыбритания құрамалары екінші мен бесінші орындарды өзара бөлісіп тұр. Ал мүлде ұпайы жоқ Словения хоккейшілері соңғы алтыншы орында.
Айта кетейік, чемпионат қорытындысы бойынша бірінші және екінші орынға қол жеткізген құрамалар «А» тобының жоғары дивизионына, яғни ТОП дивизионда ойнауға мүмкіндік алады.
Ұлыбританияға қарсы ойнаған Қазақстан құрамасының ойыншылар тізімі: Карлссон – Семёнов-Даллмэн, Старченко-Кучин-Рымарев; Лакиза-Метальников, Михайлис-Гренц-Евдокимов; Полохов-Орехов, Акользин-Сагадеев-Маркелов; Ыбырайбеков-Петухов, Әсетов-Гурков-Волков.
Бет қатталып жатқанда: Кеше кешкісін Қазақстан құрамасы италиялық хоккейшілермен кездесіп, 0:3 есебімен ұтылып қалды. Ойын туралы толығырақ ертеңгі нөмірде жарияланады.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»