Енді осы олқылықтың орны толтырылмақ. Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен жергілікті тұрғындар мен демалысқа келушілер үшін киелі өңірдің мәдениетін, тарихын және этнографиясын көрсететін аталған нысан жөндеуден өткізіліп, есігін қайта ашатын болады.
Негізінен мұражай «Бурабай Даму» Визит-орталығында орналасқан және көне дәуірден бастап қазіргі кезге дейінгі аймақ тарихын қамтитын үш залдан тұрады. Соның тарих залында қазақ қоғамының мәдени-шаруашылық салтымен жақын танысуға мүмкіндік бар. Ал екінші – этнография залында қазақтардың ұлттық қолөнері шығармашылығы, этномәдениеті және үй шаруашылығында қолданған заттары қойылатынын атай кеткен орынды.
Үшінші залдың тұжырымдамасына сәйкес, мұнда Бурабай аймағының табиғаты мен тарихын зерттеуге үлкен үлес қосқан зерттеушілер мен атақты академиктердің өмірлері мен шығармашылығына қатысты жәдігерлер қойылатыны белгілі болып отыр. Мұражай экспонаттарының денін жергілікті зерттеуші Әмина Тұрсынбаеваның материалдары құрамақ. Реті келгенде айта кетейік, Бурабайдың тарихы Абылай хан мен Кенесары есімдерімен тығыз байланысты. Мұражайда сенсорлық дүңгіршектер, LED-экрандар, моноблоктар орнатылып, онда тарихи, танымдық фильмдер көрсетіледі. Және де Бурабай этнографиясы мен тарихы жөнінде интерактивтік оқулар өткізіледі деп күтілуде. Аталған нысанның ашылуы 18 мамырға – Халықаралық мұражайлар күніне орайластырылып отыр.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы