Аймақтар • 26 Сәуір, 2018

Оралдық студенттер «Өзіңнен баста» акциясын өткізді

623 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Ғасыр» жастар бірлестігінің ұйымдастыруымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Өзіңнен баста!» атты акция өтті. Акцияға Орал қаласындағы жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері, жастар бірлестіктері өкілдері қатысты.

Оралдық студенттер «Өзіңнен баста» акциясын өткізді

Бұл шара Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсу күрес агенттігі Батыс Қазақстан облыстық департаментінің және Батыс Қазақстан облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен өтіп отыр.

- «Өзіңнен баста!» акциясы өңір жастарының арасында өткізілетін кешенді шараның бірі. Акция аясында Батыс Қазақстан облысының Зеленов ауданы «Адал жол» флешмоб марафонын Тасқала ауданына табыстады. Бұдан бөлек мемлекеттік қызметкерлер жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Яғни шараға қатысушылар мемлекеттік қызметке кіру, жұмысқа орналасу, тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, тағы басқа мәселелер жөніндегі сұрақтарына жауап алады. Біздің мақсатымыз – жастарды адал болуға шақырамыз, адалдық бар жерде жемқорлық болмайды, - дейді мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсу күрес агенттігі БҚО департаментінің бөлім басшысы Біржан Хайруллин.

Акцияны өткізген «Ғасыр» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болатбек Сахиев те жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру өте маңызды деп санайды.

- Акция нәтижесінде студенттердің адал еңбек етуіне, адал білім алуына жағдай жасау – негізгі міндетіміз. Біз жастар көп жүретін жерлерге «Сенім жәшігін» орнатып, оған келіп түскен кез келген түйінді мәселені тез әрі оңынан шешуге тырысамыз, - дейді жастар жетекшісі.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Орал қаласы