Қазақстан • 27 Сәуір, 2018

Астанада жаңа кітаптар таныстырылды

597 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елордада ІІІ Еуразия халықаралық «Eurasian Book Fair-2018» кітап көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр. Шындығында бұл шараны оқырмандардың мерекесі деп айтуға да болатындай. Осымен үшінші рет ұйымдастырып отырған ауқымды іс биыл Астананың 20 жылдығы мен Өзбекстанның Қазақстандағы жылына арналып отыр. Сәрсенбінің сәтінде басталған көрме-жәрмеңкені дәстүрлі түрде Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова ашқандығын жазған болатынбыз.

Астанада жаңа кітаптар таныстырылды

Әлемнің 18 мемлекетінен 155­ ком­­пания мен ұйым өкілдері қатыс­қан көрме алаңында Ресей, Поль­­ша, Ұлыбритания, Беларусь, Әзер­байжан, Тәжікстан, Түркия, Қы­тай, Үндістан, Албания және бас­қа мемлекеттердің баспалары өз өнімдерін әкелген. Сонымен қатар биыл Қазақстанда Өзбекстан жылы жа­рияланғандықтан, өзбек баспаларына, кітап шығару компанияларына айрықша көңіл бөлінген. Осы орай­да айтулы шараға арнайы келіп сөз сөйлеген Өзбекстанның баспа ісі және ақпарат агенттігі директорының бірін­ші орынбасары Сабыр Шүкіров «Көрме арқылы мәдени, іскерлік байланыстар нығайып, әлем бойынша кітап индустриясын зерделеуге мүмкіндік туады», деді.

Сонымен үш күнге жоспарланған кітап таныстырылымы, авторлармен ке­з­десу, өзге де іс-шаралар күн тәрті­бі ты­ғыз орналастырылған көр­ме-жәр­мең­кеде екі күннің ішінде көптеген кітап­тар­дың тұсауы кесілді. Со­ның ішінде қазақ тілінде жарық көрген кітаптардың өзі аз емес екен. Көр­менің алғашқы күні, қазақтың әрі би, әрі ғұламасы, Орта жүздің ел ағасы болған атақты Әнет баба туралы Ер­лан Сыдықов, Жам­был Артықбаев құрас­тырған «Әнет баба: ғұмыры мен заманы» кітабының тұ­сауы кесіліп, әрі қарай жалғасын тап­ты. Белгілі пуб­ли­цист Сауытбек Абдрахмановтың төл әдебиетіміздің өзекті мәселелерін кеңінен қозғайтын «Әдебиет әлемі» кітабының таныстырылымы да тамаша өтті. Таныстырылымда оқырман адам­зат тарихындағы арғы-бер­гідегі жауһар туындылар туралы тал­даулар мен көр­кем аударманың көк­жи­егі жайында мол мағлұматқа қаны­ғып, автор­дың зият­керлік қуатына тәнті болды.

Содан кейін тағы бір ерекше жағ­дай – қазақ тіліне аударылған «Жаңа заман әзербайжан поэзиясының антологиясы» жинағының таныстырылымы болды. Салтанатты рәсімге қандас ақындардан Екбер Гошалы, Ильгар Түркоглы, Иылмаз Окуглы қатысты.

Танагөз Толқынқызы, Дәулеткерей Кәпұлы бастаған ақындардың мұрындық болуымен 40-тан астам қандас ақын­дар­дың өлеңдері енген кітаптың тұ­сауын Қазақстан Жазушылар ода­ғының төрағасы Ұлықбек Есдəулет және Әзербайжанның Қазақстандағы төтен­ше және өкілетті елшісі Рашад Мамедов кес­ті.

Сонымен бірге аталмыш шара аясында белгілі ғалым Шерубай Құр­ман­бай­ұлының «Көркем аудармадағы жаңа атаулар: жасалуы мен қол­данысы» кітабының таныстырылымы­ болды.

Бұл еңбекте әлем әдебиеті жауһар­ларын қазақ тіліне аудару кезінде жаса­­лып, қалыптасқан және көркем аудар­­маға ғылым тілі мен БАҚ тілінен енген жаңа атаулар мен қолданыстар арнайы жиналып, тілдік тұрғыдан зерт­телген. Автор қазіргі көркем аударма саласындағы сөзжасам, тер­минжасам тәжірибесіне жан-жақты тоқталып, оқыр­мандарымен ой бөлісті.

Сонымен қатар көрмеде ақын, жазушы-публицист Ербол Шаймерден­нің «Қазақ афоризмдері» кітабының да таныс­тырылымы өтті. Бұл антологияда түр­лі тарихи кезеңде өмір сүрген 80-ге жуық тұлғаның тол­ғам-пайымдары топтастырылған. 

Көрме-жәрмеңкенің екінші күні жазу­шы Шәрбану Бейсенованың елорда­мыз­дың 20 жылдығына арнал­ған «Бозоқ аруы» кітабының таныс­тырылымы да көпшіліктің көңілінен шық­т­ы. «Ұлы Дала арулары» топ­тама­­сымен шығып отырған екін­ші­ кі­тап ұлт тарихынан ерекше орын­ алып, ел жадын­да сақ­тал­ған әу­лие аналар өмірінен сыр шер­те­ді. Та­ныс­тырылым барысында автор кітап маз­­мұнына қысқаша тоқталып, сұхбат бер­ді.

Тарих ғылымдарының докторы, әйгілі архео­лог Самашев Зейнолланың «Бе­рел артефактілерінің әлемдік ма­ңы­зы» кітабының таныстырылымы да ерекше сипатқа ие болды. Автор дү­ние ­жүзіне аты шыққан Берел арте­фактілерінің әлемдік маңызы турасында келелі әңгіме қозғады.

Сондай-ақ белгілі сыншы Аман­гел­­­ді Кеңшілікұлы қазақтың ғажайып ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лау­­­реа­ты Жұмекен Нәжімеденовтің шы­ғар­­­­машылығы жөнінде жазған «Рух жы­ры» кітабының таныстырылымында Жұмекен шығармашылығын жан-жақ­ты талдап, оқырмандарымен ой бөлісті.
«Фолиант» баспасы ұйымдастырып отырған аталмыш көрме-жәрмеңкеде бұдан өзге әдеби шаралар, орыс және өзге тілдердегі шетелдік авторлардың кітаптарының да таныстырылымы бо­лып жатыр. Алда таныстырылатын кі­тап­­тардың ішінде Мемлекеттік Ор­та­лық музей қызметкері, этнолог ғалым Нұрсан Әлімбайдың «Қа­зақтың этнографиялық категориялар, ұғым­дар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» атты 5 томдығының да тұсауы ке­сіледі. Нұрсан Әлімбайдың идеясы бойынша қолға алынып, этнология бө­лімінде дайындалған ғылыми-зерт­теу жұмысы – жалпы 10 мың атау мен ұғымды қамтыған бірегей ең­бек. Кездесу барысында осы іргелі еңбек­ке жетекшілік еткен ғалым Нұрсан Әлімбаймен сұхбат өткізіліп, оқыр­ман қауым энциклопедиямен танысуға мүмкіндік алады.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»