Қазақстан • 27 Сәуір, 2018

Ұлттық арна – ұялы телефонда

845 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сәрсенбі күні «Қазмедиа» орта­лығының 5 студиясында «Цифрлы Қазақстан» мемле­кет­тік бағдарламасының ая­сында «Қазақстан» телера­дио­кор­по­рациясының «Qazaqstan TV» мо­бильді қосымшасының таныс­тырылымы өтті. 

Шараға «Қазақстан» теле­радиокорпорациясының стра­тегиялық маркетинг депар­таментінің жетекшісі Жаннұр Айдар­бекова мен қосымшаны жүзеге асырған компания басшысы Абай Серғазиев қатысты.

Бұл қосымша арқылы кө­рермендер корпорация құра­мына кіретін «Qazaqstan», «Ba­lapan» және «Qazsport» телеарналарының телеөнімдерін жоғары сапада тікелей эфирде көру мүмкіндігіне ие болмақ. Яғни кез келген жерде кез келген уақытта қалаған бағдарламаны тікелей эфирдің браузеры арқылы кіріп тамашалауға болады. 

Стратегиялық маркетинг де­пар­таментінің жетекшісі Ж.Ай­дар­­­бекованың айтуынша, цифр­­ландыру – бұл уақыт және заман талабы. «Елбасымыз өз Жолдауында ақпараттық-тех­нологиялық шешімдерді ен­гізу қажеттігін айтқан болатын. Біздің корпорация да осы тың бастамадан тыс қалмауды көз­­деп отыр. Бұл қосымша ар­қы­лы әрбір қазақстандық сүйікті бағ­­дарламасын сақтау функция­сы арқылы жүктеп алып, өзіне ың­ғайлы уақытта көре алады. Сондай-ақ бұл қосымшада бір­қатар функциялар бар», дейді ол.

«Qazaqstan TV» қосым­шасының ерекшеліктеріне тоқтала кетер болсақ, жоғары са­палы тіке­лей эфир­дің қол­жетімділігі, бағ­дар­ла­маларды сақ­тау мүмкіндігі, бағ­дарламаны ың­ғайлы уақытта көру мүмкіндігі, жаңалықтарды ды­быстық тыңдау сияқты көптеген функ­циялардан тұрады.
Енді «Qazaqstan TV» қосым­шасының көрермендері я тың­дармандары телерадиокорпорация құ­рамына кіретін «Qazaqstan», «Вalapan» және «Qazsport» телеарналарымен қатар, «Қазақ радиосы», «Шалқар радиосы», «Астана» және «Классик» радиоларын еліміздің әр бұрышында тыңдай алатын мүмкіндікке ие болмақ. «Qazaqstan TV» қосым­шасын AppStore және Play Market арқылы жүктеп алуға болады.

А.Серғазиев қосымшаны небәрі бір жарым айда жасап шыққанын айтты. Қосымшаның тағы бір ерекшелігі, оны пайдала­нушы есту, көру қабілеттері тө­мен жандар үшін арнайы тетіктер қарастырылған.

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»