Қазақстан • 27 Сәуір, 2018

«Рухани жаңғыру» жобаларының дені демеушілер есебінен жүзеге асуда

718 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Атырау облысы өткен жылы 1000-ға жуық іс-шара өткізген. 13 млрд теңге сомасына 118 жоба жүзеге асырылған. Бұл жөнінде сәрсенбіде Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында айтылды. 

«Рухани жаңғыру» жобаларының дені демеушілер есебінен жүзеге асуда

Орталық коммуникациялар қызметі облыс әкімдерін кезекпен шақырып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өңірлерде жүзеге асырылуы туралы баспа­сөз мәслихатын өткізуді бастаған болатын. Мәселен, бұған дейін бұл мінберден Ақтөбе облысы­ның әкімі есеп берді. Ал сәрсен­бі күні ор­та­лыққа Атырау облы­сы­ның әкімі Н.Ноғаев келді.

 Н.Ноғаевтың мәлімдеуінше, «Рухани жаңғыруға» жұмсалған 13 млрд теңгенің 1,9 млрд-ы жер­гі­лікті бюджеттен, 10,9 млрд-ы демеу­шілерден. Ал жалпы іс-шара­ларда 450 мыңнан астам адам қамтылған. Сондай-ақ биыл­­ғы жылдың соңына дейін 6,1 млрд теңге сомасына 175 жоба іске асады деп жоспар­лан­­­ған. Оның 5,5 млрд теңгесі де­меу­­­шілер есебінен. 

«Бағдарлама аясында Атырау облысының әлеуметтік-эконо­микалық дамуының оң динами­касы қамтамасыз етілді, қоғам­дық саяси ахуал тұрақты. Был­тыр сәуірде жарияланған Елбасы­ның «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын аты­рау­лықтар қызу қолдады, осы­­ның нәтижесінде бүгінге дейін көптеген іс-шаралар жүзе­ге асырыл­ды. Қазіргі таң­да бағ­дар­­ла­ма бойынша іс-шара­лар­ды жүзеге асыруға барлық жағдай бар. Жобалық офис жасақ­та­лып, сарапшылар кеңсесі ұйым­дас­тырылды. 7 ауданда кіші жоба­лық кеңселер, 70-тен астам ҮЕҰ белсенді араласып келе жатыр. 43 меценат кәсіпкер және 14 ірі демеуші кәсіпорындар қол­дау көрсетіп келеді», деді облыс әкімі. Айтуынша, облыс­тағы «Рухани жаңғыру» бағ­дар­­ла­ма­сы бірнеше «кіші бағ­дар­ла­ма­лар арқылы жүзеге ас­қан. Ай­талық, «Атамекен» кіші бағ­дар­­ла­масында Атырау қала­сын­да «Асар» үшжақты әріп­тес­тік рес­­пуб­­ликалық форумы өткен. Нәти­же­сінде, үкімет­тік емес ұйым­­дар­ды қолдау­ға арналған Азамат­тық орта­лық ашылған. Әлеу­мет­тік жобалар­дың рес­пуб­лик­алық базасы жасақталып, 5 жоба Атырау қаласында жүзеге асуда.

«Туған жерге тағзым» акциясы, аудандарда жерлестер форум­дары өтті. Меценаттардың қолдауы­мен 1200 балаға арналған 6 бала­бақша, 2500 орындық 8 спорт кешені мен алаңдар, «Ретро­­парк», «Сазанқұрақ», «Атаме­кен» демалыс саябақтары қол­даныс­қа берілді», деді Н.Ноғаев. 
Әкім жоспарлы жұмыстарды да тізбектеп берді. Мәселен, Мақат кентіндегі «Жеңіс» сая­бағы қолданысқа берілмек, биыл Жайық өзені жағасында «Жастар» саябағының (Банан) құрылысы басталмақ. Сонымен қатар атыраулық меценат Ибрагим Акдрашевтың қолдауымен 30 сәуірде Олимпиада чемпиондары Александр Винокуров, Серік Сәпиев, Илья Ильиннің қаты­суы­мен қайырымдылық вело­жорығы өтеді. Веложорық ая­сын­­да қайырымдылық жәрмең­кесі мен «Астана» велоко­ман­дасының лоттары қойылатын аукцион ұйымдастырылады. Шара барысында түскен қаржы жаңадан ашылған облыстық веломектептің қажетті құрал­дарын алуға жұмсалмақ. 80 бала велоспортпен тегін жаттығуға мүмкіндік алады деп күтілуде.

«Рухани қазына» кіші бағ­дарламасы бойынша наурызда «Ұлы даланың ұлттық дәс­түр­лері» халықаралық форумы өтті. Форум аясында ғы­лы­ми-практикалық конференция, «Жаңа жасыңмен, Ұлы далам» фестивалі, ақындар айтысы, Фариза Оңғарсынова оқулары, дәс­түрлі әндер байқауы, ұлт­тық спорт түрлерінен жарыстар өткен. Форумға 12 мемлекет өкіл­дері, Түрксой ұйы­мы­ның бас­шылығы, 30 шетел­дік шы­ғар­машылық ұжым, 700-ден ас­там өнерпаздар қаты­сып, 20 мыңнан астам адам тама­ша­­лағ­ан. 400-ден астам үй шаруа­сын­дағы әйел-аналар этно-қолөнер шеберліктерін шыңдап, болашақта өз кәсіптерін дамытуға мүмкіндік алған. Жақында өткен «Кітапханадан – ағарту орталық­тарына: жаңғыртудың жаңа мүмкіндіктері» республикалық форумы да «Рухани жаңғыру­дың» жалғасы. Өңірде бірінші рет өткізілген Арқа, Батыс, Сыр, Жетісу және Алтай-Тарба­ға­тай ән мектептерін бір арна­ға тоғыстырған «Ән дария дүл­дүл­дері» І республикалық дәстүр­лі әншілер байқауы, «Мәң­гілік елдің алтын адамы» атты рес­пуб­ли­калық театрлар фестивалі, «Қайта жаңғырған Қазақстан» халықаралық ақындар айтысы, «Жайық нұры» республикалық академиялық әншілер конкурсы, Д.Нұрпейісова атындағы «Бұлбұл домбыра» республикалық қыз-келіншектер байқауы да осы бағдарламаның жемісі. Ал биыл Атырау өңірінің табиғаты мен мәдениеті, қасиетті орындары мен көркем архитектуралық нысандары бейнеленген көркем­суретті «Атырау» альбомы, ба­тыс­тың ән мектебінің ерек­ше­лік­­терін таныстыратын «Батыс Қазақ­станның ән антоло­гиясы» жинақтары жарық көрмек. Жалпы облыс бойынша 2017 жылы 10 мәдени нысан тапсырылған, 2018-2020 жылдарға 21 мәде­ниет нысанының құры­лысы жоспар­ланған. Оның ішін­де облыс­тық тарихи-өлке­тану музейінің жаңа ғи­мараты, облыс­тық кітапхана ғимараты­ның құрылысы бар.

«Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы негізінде ұлт­тық құндылықтарымызды насихаттай отырып, жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы жобаларға 56 мыңнан астам студент, мектеп оқушылары мен педагог қызметкерлер қатысты. 2018 жылы 2,2 млрд теңгеге 176 робот-техника және физика кабинеттері ашылады. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен дарынды балаларды қолдау үшін 2017 жылы 222 білім гранты, 2018 жылы 300 білім гранты бөлінді», деді Н.Ноғаев. 

Тағы бір «кіші бағдарлама» – Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы. Қазақстанның ки­е­лі жерлерінің географиясы жоба­сына облыстан 7 нысан енгізілген. Олар – Сарайшық қалашығы, Ақмешіт, Ұшқан ата кесенесі, М.Өтемісұлының кесенесі, Аралтөбе қорымы, Құлшан ата жер асты мешіті, Иманқара үңгірі. Ал «100 жаңа есім» жобасы бойынша облыс­тан 53 адам ұсынылған екен. 2 адам республикалық тізімге енген. Сондай-ақ «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» бағыты бойынша да бірқатар маңызды шаралар қолға алынды. Өңірдің шығармашылық ұжым­дары қазақстандық мәде­ниетті әлемге таныту үшін: Үндістан, Македония, Пор­туга­лия, Малайзия, Ресей Феде­рациясы, Түркия, Венгрия, Сер­бия мемлекеттерінде гастрөл­­дік сапарларда болған. Сурет­шілер Рафаэл Слекенов және Камилла Жапалова шетелдерде қазақтың ұлттық өнерін наси­хаттау үшін көрмелер ұйым­дас­тырған. Сондай-ақ әкім Түркияның Анкара қаласында Дина Нұрпейісова алаңы ашылып, онда атыраулық кәсіпкерлер күйші-ананың мүсінін орнататынын атап өтті. 

«Рухани жаңғырудың» тағы бір тармағы – «жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық» бағыты бойынша жарық көрген 18 жаңа оқулықты білім беру үдерісіне енгізу бағытындағы жұмыстар бас­талуда. Облыс әкімі соны­мен қатар жұмыстардың тиім­ділігін шынайы бағалау мақ­сатында, тұрақты талдамалық зерттеу үшін Х.Досмұхамедов атын­дағы Атырау мемлекеттік универ­ситетінде Әлеуметтік зерттеулер орталығы ашылғанын айтты. 
Облыс әкімі «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасының жүзеге асуы туралы баспасөз мәсли­хатында Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жайында да сөз қозғады. «Бірінші бастама, яғни әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру бойынша 430 көп қабатты тұрғын үй салу жоспарлануда, яғни бұл 25 000-нан астам пәтер. Қазіргі уақытта тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың саны 25000-ға жетіп отыр. Ал жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесін алуға кезекте тұрған азаматтардың саны – 108 мың. Осыған байланысты облыста тұрғын үй салу мәселесі жолға қойылуда», деді облыс әкімі.

Сонымен қатар бүгінгі күні облыста 3892 пәтерлі 44 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатқандығын да атап өтті. Оның ішінде 2164 пәтерлі 34 үйді биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Динара БІТІК,
Егемен Қазақстан