Қазақстан • 27 Сәуір, 2018

Бірліктің бірегей үлгісі

837 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстан әлемге саяси және экономикалық жетістіктерімен таныла отырып, этносаралық тату­лық, мәдениеттердің әр алуан­дығымен үлгі көрсетіп келеді. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың сындарлы саясаты түрлі этностарды ұйыстыра білді. Бұл елді татулық пен ізгілікке бас­тайтын дара жол болып қала бермек. 

 

Бірліктің бірегей үлгісі

Осынау бірегейлік елімізде 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні ерекше айшық­тала түседі. Аталған мейрам бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық үлгісін әлемге танытатын айрықша дәстүрге айналды. Соның арқасын­да қазақстандық әрбір азамат үшін ұрпақтар сабақтастығы арқылы жеткен татулық, бірлік, сенім мен тең құқықтылық ең маңызды қасиеттер болып қалыптасқан. 

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап халық бірлігі және мемлекет пен қоғам­ның барлық күш-әлеуетін бір мақсатқа жұмылдыру бас­ты назарға алынды. Аталған мақсатқа жету үшін қоғам­дағы бейбітшілік пен келісімді сақтау ең маңызды мәселе болатын. 

Елбасының бастамасымен дүниеге келген бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміздегі барлық этностардың шынайы келісім мен бірлікте тұрмыс кешуіне ықпалы зор екендігі дау тудырмайды. 

Бүгінде Ассамблея этнос­ара­лық және конфессияара­лық қатынастар саласындағы мемле­кеттік саясатты жүзеге асырушы алып құрылымға айна­лып, еліміздегі барлық этнос­тар­дың өзара тең құқықты қаты­на­сын қамтамасыз етуші алаң рөлін атқаруда. 

ҚХА-ның басты бағыты – мәмілеге келу және біріктіру­ші негіздерді нығайту арқылы барлық этностық топтарды ортақ мақсатқа жұмылдыру болып табылады. Ал ең басты ерекшелігі – еліміздегі барлық этностардың мүдделерін бір арнаға тоғыстыратын, барлық азаматтардың этностық және діни ерекшелігіне қарамастан құқығы мен бостандығын сақтайтын әлеуетті институтқа айналуында болып отыр. 

Біздің сыртқы саясатта жүргізіп отырған негізгі бағыт­тарымыз – ТМД шеңберіндегі бірігу туралы ұсыныстар, ЕурАзЭҚ, Әлемдік діндер съезі, «ЭКСПО-2017» халықара­лық көрмесі, БҰҰ Қауіпсіз­дік Кеңесіне төрағалық ету сияқ­ты шаралар Қазақстанды халықаралық қоғамдастықта ықпалды елге айналдырып, посткеңестік кеңістіктегі эко­но­микалық, саяси тұрғыда ең қарқынды дамушы мемлекет ретінде көрсетуде. 

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың басты мақсаты Қазақстан қоғамында барлық этностар-дың толықтай құқығы мен бостан­дығын сақтай оты­рып, жергілікті, байырғы ұлт­қа не­гіз­делген әлеуеті мықты қо­ғам құру.

Қазақстан халқы Ассам­блеясы демократиялық жаңару­ларды бастан кешіп жатқан Қазақстандағы азаматтық қо­ғамның алғашқы қарлығашы болғаны даусыз. 

Қазіргі таңда ҚХА-ның тікелей күш салуымен этнос­аралық қатынастар сала­сын саясаттан тыс сақтап, ел­дің көпэт­ностық ерекшелігін мем­­­ле­кеттің басты қозғаушы күшіне айналдырдық деп мақ­танышпен айтуға болады. Ассамблея этномәдени бір­лестіктерді дамыта отырып, саяси, құқықтық және мәде­ни ба­ғытта қазақстандық жаңа үл­гіні тәжірибеге енгізді. Осы негізде «Саналуандық арқылы – бірлікке» деген атау­мен этносаралық қаты­нас­тың қазақ­стандық үлгісі қалыптасты. 

Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы ел экономи­касы­ның қайта түлеп, тұрақ­ты даму қарқынына ілесуі, қоғам­д­ы демократиялан­дыру үде­рістерінің жедел дамуы кезеңін­де маңызды қоғам­дық-саяси мәселелерді шешуде ал­дың­ғы қатардан көрінуде. Қоғам­ның этностық ресурсы ел эко­номикасын дамытуға, әлеу­меттік мәселелерді шешуге және Қазақстан қоғамының рухани мүмкіндіктерін дамытуға бағытталып отыр. 

«Қазақстан халқы Ассам­блеясы туралы» заң елдің әрбір азаматына халық үшін аянбай қызмет етуді, осы елдің патриоты болуға шақырып, нақты іс-қимыл бағыттарын ұсынады. 

Ассамблея атынан сай­­лан­ған депутаттар нәтижелі ең­бек етіп, заң жобаларын әзір­­леу­ге белсенді атсалысуда. Де­­путат­тар еліміздегі бар­лық ай­мақтық этномәдени бірлес­тіктермен, азаматтармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді. 

ҚХА этносаралық қатынас саласының барлық мәселесіне араласып, мемлекеттік органдармен белсенді жұмыс істеп отыр. Мәжілістегі «Қазақстан халқы Ассамблеясы» депу­таттық тобының отырыстарында мемлекеттік органдармен бірлескен шаралар жоспары жүзеге асырылып, бірқатар бағыттар бойынша нақты шаралар атқарылуда. 

Ассамблеяның дүниеге келген жылдардан бері атқар­ған қызметі мен жүріп өткен сара жолы қазақстандық этнос­аралық және конфессияара­лық келісім үлгісі оның әлемдік қоғамдастық алдында беде­лін арттырып, ел қоғамының құрамдас бөлігіне айналғанын көрсетті. 

Қазіргі таңда бүкіл әлемді шарпыған ғаламдық дағда­рыс ошағы Қазақстанды да өз қанатының астына тартып отыр. Халықаралық кеңістікте жүріп жатқан үдерістерге көз салар болсақ, дағдарыс қаржылық, экономикалық салалармен ғана шектелмей, әлеуметтік, этносаралық және дінаралық мәселелердің ушығуына себепкер болуда. 

Аталған жағдайларды ес­керетін болсақ, дағдарысқа қарсы кешенді шаралардың ба­с­талуына көңіл бөлген Ел­басы Н.Ә.Назарбаевтың көре­гендігіне таңғалмасқа амал жоқ. Аталған шаралар тек қана экономика және әлеумет­тік салалармен қатар, идео­ло­гия­лық мақсатта кідіріс­сіз жұмыс істеуде. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы, соңғы ұсынылған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуі осыған дәлел.  

Мемлекетте қоғамдық-сая­си тұрақтылық болмай, эко­­­­но­микалық салада жетіс­тік бол­майды деген қағиданы тарих әлдеқашан дәлелдеген. Сон­дықтан Қазақстан хал­қы­ның бірлігін бұдан әрі жетілдіру міндеті – мемлекеттік сая­сат­тың басым бағыты. 

Елбасы аймақтардағы жұ­мыс­тарды күшейтіп, әлеу­меттік қиындыққа тап болған халыққа жан-жақты жәрдем көрсетуді үнемі айтып келеді. Осыған байланысты, Қазақ­стан халқы Ассамблеясының қайырымдылық саласындағы ауқымды жұмысын атап кеткен жөн. «Шын жүректен» қайырымдылық телемарафоны, этномәдени орталықтардың бұл саладағы жұмысы халыққа кеңінен танымал.

Елді жұмылдырушы ма­ңызды фактордың бірі – қазақ халқы, оның дәстүр­лік, тілдік және мәдени құн­ды­­лықтары. Кез келген мем­ле­кеттің бірліктің, ортақ мақ­­сатқа ұйысуының негізі халық­тың жаппай мемлекеттік тіл­ді қолдануы екені сөзсіз. Мем­лекеттік тіл – ел егемен­дігінің басты шарты. Ол – Қазақстан халқының басын біріктіруші құрал. Сондықтан барлық этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді оқытып-үйрету бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып отыр. 

ҚХА жанында облыстық, аудандық, қалалық, ауылдық деңгейде Қоғамдық келісім кеңестері мен тәрбие, отбасы­лық мәселелер бойынша Ана­лар кеңесі бар. Мемлекет­тік жо­ғары оқу орындарында Ассамб­леяның өскелең ұрпақ­қа мем­лекеттік этносаясат­тың негіз­гі түсініктері мен ба­ғыт­тарын ұғындыратын кафедралар ашылды. 

Биыл 5 наурызда әрбір қазақ­­стандықтың өмірі үшін ма­ңызды, халықтың әл-ауқа­тын әрі қарай жақсарта түсуге бағыт­талған Президенттің жаңа әлеуметтік бастамалары ұсы­нылды. 

Сол сәтте Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз сөзін «Біз елдің бірлігі мен мемлекет­тің сындарлы саясатының арқа­сында барлық сынақтардан абыроймен өттік. Ел иесі қазақ халқының маңына ұйыс­қан барша этностар оны жоғары бағалайды. Мен этномәдени бірлестіктерге де айрықша ризашылық білдіремін», – деп бастауы бекер емес болатын. Бұл – әлеуметтік модернизация жолындағы, өз өмірін Қазақстанмен байланыс­тыратын әрбір азамат үшін жаңа мүмкіндіктер беретін ауқымды жоба. Жаhандық ұлттық бірлік, бұл – әлеуметтік бірлік. Барлығымыздың ең басты міндетіміз – қоғамдық бірлікті сақтау, оны қадірлеу. 

Юрий ТИМОЩЕНКО,
Парламент Мәжілісінің депутаты