Қашқар тақырыбы – Исмаилжанның әдебиеттегі төл мұраты, азаматтық парыздан туған қаламгерлік тағдыры. Жетісу өлкесіндегі ең алғашқы мешіт, бірінші фабрика, тұңғыш мектеп салынған тарихы бай Қарғалы ауылында дүниеге келген жазушы жырақта қалған Қашқардан өзін ешқашан бөліп-жарған емес. Жаңа кітап 1933-34 жылдары Қашқардағы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысып, қуғыннан бас сауғалап жүріп қазақ топырағына келіп аман қалған әке рухына арналғандықтан, көпшіліктің алдындағы кіріспе сөзін де көңіл толқытатын естелік айтудан бастады.
Тағдыры бұралаң жолмен басталған жазушының әкесі Әбдіқадыр Отанын тастап шығуға мәжбүр болып, Қашқардан Қарғалыға 1934 жылы 17 жасында келеді. Алғашында Ферғана даласында, сосын Кавказ аймағында, одан Баку асып, ақыры кеңқолтық қазақ жеріне келіп табан тірейді. Сүйегіне ілініп, арып-ашып әрең жетіп, Қарғалыға келіп тұрақ тапқан ұйғырдың жас баласын жыр алыбы Жамбыл «тамыр» деп еркелетіп бауырына тартып, өзіне өкіл бала етеді. Бірақ «Әркімге өз туған жері – Мысыр шаһары», түгін тартса, майы шығатын Жетісудың төріндегі тамылжыған ауылда үйлі-баранды болып, алаңсыз мамыражай тірлік кешсе де, әкесі өмір бойы шекараның арғы жағында қалған туған жерін аңсаумен өтіпті. Бұл аралықта әке көзіндегі мұңды, көкірегін кернеген сағынышын көріп, балалық шағы туралы елжіреп айтатын естеліктерін кішкентайынан тыңдап өсіп, есінде мәңгі сақтап қалған Исмаилжанның кеудесінде бейтаныс Қашқардың бейнесі мұнартып жүріп, біржола бекіген еді. Әке аманаты мен өсиеті құлағында қалған ол, 1982 жылы бірінші рет Қашқар қаласын іздеп келеді. Тұрфан, Қағалық, Хотан, Қашқар, Құлжа секілді ескі шаһарларды тегіс аралап шыққаннан кейін Қашқар туралы әсері мен сезімі қаламынан ағыл-тегіл төгіліп сала береді...
«1886 жылы жас кезінен билікке араласқан болыс, кейін ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан қоғам қайраткері Сәт Ниязбекұлы ашқан Қарғалыдағы ең алғашқы мешітті большевиктер талқандап тастайды. Құдайдың үкімінсіз жеңістің жақындамайтынын білген Сталин өздері жүргізіп отырған идеология мен елдегі қатаң әскери тәртіпке қарамастан, сәл-пәл жібіп, әр жерден ішінара мешіт, шіркеу ашуға рұқсат берген бір сәтті қалт жібермеген Әбдіқадыр қари Сәт салған мешітті 1943 жылы қайта ашады. Әрине бүкіл Одақтың алдында беделі зор Жамбылдың тікелей жәрдемі мен қолдауы болмағанда, әкем бұл мешітті аша алмас еді. Қарғалыдағы мешітті қоса есептегенде, бұл кезде бүкіл Қазақстанда 6 мешіт қана жұмыс істеп тұрды. Тар жылдарда тауқымет кешіп жүрсе де, жүрегіндегі ізгілік отын өшіріп алмай, керісінше, бойындағы бар жылуын, адамгершілігін, жақсылығын Қарғалыдағы қазақтармен, орыстармен, неміс, түрік, шешен ұлтының өкілдерімен бірге бөліскен әкем өмірден озғанша оларға рахмет айтумен өтті. Мен олардың ортасындағы керемет достықты көріп өстім. Бүгінгі тұсаукесер кешіме де Қарғалы ауылындағы ет жақыныма айналып кеткен ұйғыр, қазақ, орыс, неміс достарымды, ағаларым мен апаларымды арнайы шақырып отырмын. Әкеме арнап көркем дүниемен соққан ескерткішімнің куәсі болсыншы дедім» дейді Исмаилжан Иминов толқып тұрып.
Исмаилжан шығармаларын орыс тілінде жазады. «Менің Қашқариям» атты кітабынан кейін «Ұлы Шоқанның керуен жолымен» (2015 ж.), «Алтышарға саяхат» (2016 ж.), «В Туве, где предков древний род…» (2016 ж.) атты бір-бірімен сабақтас жазылған кітаптарынан кейін, міне, мереке қарсаңында «Қарт қашқарлықтың әңгімелері» жарыққа шығып отыр. Аталған кітаптардың барлығын кезінде қазақ және орыс зиялылары жылы қабылдаған еді.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ