Күн шайдай ашық, ойында ештеңе жоқ. Бір уақытта Арлан өзеннің жағасындағы парапеттің ар жағындағы алаңқайда жүрген балаларды байқап қалады да, анасынан сол жерге баруды өтінеді. «Бір қарасам, Арлан «мен спайдермен, мен спайдермен» (өрмекші адам) деп қоршауға өрмелеп барады. Қолымдағы Жәңгірді жерге қоя салдым да, үлкен ұлымды түсіріп алайын деп бір сәтке ғана теріс айналдым. Қырсық шалғанда, оның аяғы бір жерге тіреліп, босатқанша бір-екі секундтай айналдым. Енді Жәңгір жаққа қарасам, балам жоқ. Дәл сол мезетте суға «күмп» еткен дыбысты естідім», - деп дауысы дірілдей еске алады сол оқиғаны Жәңгірдің анасы Перизат.
Баласы суға кетіп бара жатса, қай ана қарап тұрсын?! Жалма-жан ұлының артынан суға секіреді. Секіруін секіргенімен мұздай суық су денесін қарып, жүрісін өндірмейді. Сәбиі болса, суға бір батып, бір шығып, көз алдында ағыспен алға қарай ұзай береді. Дүние көз алдында шыр айналған бір мезетте суға бір адамның секіргенін, баласын ұстап алғанын көреді. Перизаттың өзіне де бір адам көмекке келіп, судан алып шығады. Қазір Перизат Ертіске құлап аман қалған ұлы Жәңгірмен бірге қаладағы Ана мен бала орталығында ем-дом қабылдап жатыр. Ұялы телефон арқылы сөйлескенімізде ұлын құтқаруға шаһардағы «Сараптама және талдау» ЖШС-нің электрмонтерлері Ернар Қадылбеков пен Айдын Төртбай деген жігіттердің жәрдемдескенін айтты. «Мен бізді құтқаруға атсалысқан барлық адамдарға отбасымыздың атынан алғысымды білдіремін. Жағаға шыққанда жедел жәрдем де, полиция қызметі де, құтқарушылар да жиналып қалғанын көрдім. Бізге бірден көмек көрсете бастады. Қол-аяғы тартылмасын деп бірден укол салды ұлыма. Жедел жәрдемнің дәрігерінің есімін білмеймін, ол кісіге де рахмет. Мені барынша қолдап, қобалжымауға шақырды. Жәңгірдің жағдайының ауыр екенін бірден ескертті. Бірақ қазір оңалып келеміз. Ауруханадан шыққасын бәрінің басын қосып, құран оқытып, садақа берсек деген ойымыз бар, - дейді Перизат.
Жәңгірді судан алып шыққан қайсар жігіт Ернар Қадылбековке де телефон шалып, оқиғаның қалай болғанын сұрадық. «Ертіс жағалауындағы шамдардың жарығын ауыстырып, үйге қайтуға жиналып жатқан едік. Осы кезде баланың суға кеткені туралы айғай-шуды естідік. Баланы өзеннің ағысы төмен қарай әкетіп бара жатқанын байқап, әріптесім Айдын екеуміз сол жаққа қарай жүгірдік. Ойланатын уақыт жоқ. Ұстап алсам ба деп қолымды созып едім, жетпейді. Суға секіруге тура келді. Сәбиді ұстап алып, жағада тұрған Айдынға бердім. Көзімнің қиығымен баланың анасын да біреудің құтқарғанын көріп қалдым. Ол жүргізуші Виталий Бақтыбаев екенін артынан білдік. Жағаға шыққасын балаға жүгіріп барып, қарасам, өңі көкпеңбек екен. Су жұтып қойған баланы автоматты түрде құтқара бастадым. Мұрнын бастым да, дем жіберіп, кеудесінен бірнеше рет бастым. Кинодан жасанды дем жіберуді көргем, сол бойынша шұғыл қимылдау керек болды», - дейді ол.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН