Басты мұқтаждықтардың бірі 9 айдан бері ыстық судың жоқтығы. Оның үстіне пәтерлер салқын болғандықтан, қыс бойы дірдектеп шығыпты. Жергілікті билік орындарына қанша шағымданғанмен нәтиже шығатын түрі көрінбейді. 2007 жылы мемлекеттік бағдарлама шеңберінде салынған көпқабатты үйде 38 пәтер бар. Негізінен мүмкіндігі шектеулі жандар тұрады.
«Шыдамдылық танытып, сабыр сақтап келгенімізге тоғыз айдың жүзі болды. Соған қарамастан төлемақы алып отыр», дейді ашулы тұрғындар.
Осы үйде 11 жылдан бері тұрып келе жатқан Галина Задоринаның арызданбаған жері қалмаған секілді. Әбден табанынан таусылыпты. Зейнеткерждң сақылдаған сары аязда суық суға шомыламын деп төсек тартып қалған кездері де болыпты. Күн суытса пәтерлер азынап кететіндіктен үйде сырт киіммен жүру жиі кездесетін көрінеді.
Светлана Удилованың айтуынша қыс мезгілінде жуыну бөлмесін мүлдем пайдаланбапты. Жылылық температурасы 14 градустан көтерілмепті.
Пәтер иелері кооперативінің басшылығы мен жылу электр орталығы жауапкершілікті бір-біріне сілтеумен келеді.
Өмір Есқали,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы