«Синьхуа» агенттігінің хабарына қарағанда, Қытай үкіметі шетелде білім алған жастардың елге оралуын ынталандыру мақсатында жаңа бағдарлама әзірлеуді қолға алған. Соның ішінде олардың жеке бизнестерін ашуына және инновация енгізулеріне жеңілдіктер жасалмақ. Бұл туралы ҚХР Мемлекеттік кеңесінің отырысында қабылданған ресми шешімде айтылған.
Жеңілдіктердің қатарында шетелде оқып келген жастар үшін жергілікті жерлердегі сертификаттау процедураларының оңайлатылатындығы, тіркелімге тұрудың жеңілдетілетіні, сондай-ақ осындай мамандардың балаларын біліммен қамтамасыз етуге де жағдай жасалатыны көрсетілген.
Қытай премьері Ли Кэцян өзінің сөзінде шетелде оқыған жастардың негізгі бөлігі қазіргі кезде елге оралып жатқанын атап өткен. Білім министрлігінің мәліметіне қарағанда, 1978 жыл мен 2017 жылдар аралығында сыртқа шығып оқығандардың 83,7 пайызы, яғни 3,1 млн адам елге оралған. Ал 2017 жылы елге оралғандар саны 480,9 мың адам болған, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 11,2 пайызға артық екенін ол өз сөзінде тілге тиек еткен.
Дегенмен бұл елде де аталған проблема орын алып отырғандығы көрініп тұр. Сондықтан да елге оралуды ынталандыру бағдарламасы қолға алынған сияқты. Біздің елге де осы тәжірибені пайдалану керек.
Айта кететін жайт, Қытайдың мамандарды елге оралту бағдарламасында шетелден келген мамандар үшін стартаптарды қаржыландыру, сауда белгілерін тіркеуді жеңілдету, экспортқа өтінім беру процестерін оңтайландыру және ғылыми-технологиялық жұмыстарды коммерцияландыруды қолдау шаралары да қарастырылған. Сонымен қатар елге оралған мамандар үшін толық көмектер көрсетілуі үшін қоғамдық қызметтер жүйесі құрылады екен.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»