Аймақтар • 30 Сәуір, 2018

Каспий – достық пен келісім айдыны

806 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміз үшін экономикалық маңызы зор теңіз қақпасы саналатын Каспий мәселесі Елбасының ұдайы назарында. Соңғы жылдары теңіздің қарым-қатынастық, тасымалдау мүмкіндігін пайдалану, сондай-ақ қазақстандық сектордың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар кең қарқын алып, жан-жақты дамып келеді.

Каспий – достық пен келісім айдыны

Ақтау қаласында өткен «Н.Назарбаевтың жаһандық қауіпсі­з­дікке қосқан үлесі, Каспий маңы елдерінің әлеу­мет­­тік-экономикалық және эко­ло­гиялық аспектілері» атты халық­аралық ғылыми-тәжіри­белік конференцияға қатысушылар Каспий теңізі аймағының өзекті мәселелерін талқылады.

Халықаралық ұйымдардың қызмет­керлері, шетелдік және қазақстандық ғалымдар, Каспий маңы елдерінің өкілдері, Пәкі­стан және Македония Респуб­лика­сының Төтенше және өкілетті елшілері, Түркия, Түрікменстан, Иран Ислам Респуб­ликаларының бас консулдары – барлығы жеті елдің азаматтары қатысқан кон­ференцияда халықаралық қауіп­сіздіктің аспектілерін және Каспий маңы елдеріндегі мәсе­лелерді талқылап, әлем­дік ғалым­дардың ғылыми ұйым­дарда жүргізген ғылыми-зерт­теу­лерінің тәжірибесі мен нәти­­­желерін атап өтті. Қазіргі таңда Каспий теңізінің түбін және тереңдігін дели­мита­циялау, теңіз деңгейінің іргелес учас­келерін бөлу, қауіпсіздік саласындағы ынты­мақтастық, төтенше жағ­дайлардың алдын алу және жою, Каспий теңізінің биоло­гиялық ресурстарын сақтау және ұтым­ды пайдалану, гидрометеорология саласын­дағы мәселелер шешілді.

 – Каспий – трансшекаралық су объектісі. Сондықтан Каспий ма­ңы мемлекеттерінің бірлескен күш-жігерінсіз теңізді қорғау мүм­кін емес екенін білесіздер. Кас­пий теңізіндегі көмірсутегі ши­кі­з­атының ауқымды көлемін өн­діру жоспарлануда. Демек, теңіз аймағын қорғау одан да өзек­ті болмақ. Халықаралық ұйым өкіл­дерінің және Каспий ма­ңы мем­лекеттерінің әр кез­десуі мем­лекеттік орган­дар­дың, шаруа­шы­лық субъекті­лерінің, маман­дар­дың және жұрт­шы­лық­тың назарын Каспий теңізінің эко­логиялық мәселелеріне ауда­руға және оларды жан-жақ­т­ы шешу­дің жолдарын айқын­дауға мүм­кін­дік береді, – деді кон­фе­рен­ция­ның ашылуында Маң­ғыстау об­лысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Мамандар Маңғыстау – жылына 600 миллиард долларлық жүк тасымалданатын Қытай мен Еуропа арасындағы маңызды көлік дәліздерінің қиылысында орналасқан орталық алаң десе, Түркияның бас консулы Корхан Кунгер Солтүстік дәліз құрылысы аяқтал­ғаннан кейін Қытайдан Еуропаға Транскаспий дәлізі арқылы жүк жеткізу мерзімін­ің 4 есе қысқаратынын айтты. Ал Иран Ислам Республикасы бас консулының мінде­тін атқарушы Мохаммад Хоссейнголи Нури:

– Қазақстан Президентінің озық сая­саты Қазақстан мен Иран ара­сынд­ағы ынтымақтастықты арт­тырып келеді. Өткен жылдың өзін­де Каспий аймағындағы қор­ша­ған ор­таны қорғау сала­сын­да­ғы ын­ты­мақтастық туралы, тран­зит, кеме арқылы жүк тасы­мал­дау және ба­лық шаруа­шы­лы­ғы бойынша ке­лі­сім­дерге қол қо­йылды. Екі ел­дің әскери-теңіз флоты Ақ­тау мен Бандар анзали порт­тары­­на сапар шегуі теңіз қауіп­сіз­дігі сала­сындағы және Каспий теңізін­де бейбітшілік пен тұрақ­ты­­лық­ты қамтамасыз етуге жол ашты, – деді.

Конференцияда тек баяндамалармен шектелмей, нәтижелі іске қол жеткізуді мұрат еткен қатысушылар Ақтау қаласынан «Қазақ­стан теңіз университетін» ашуды ұсынды және өлкедегі іргелі оқу орнының жанынан 1500 орындық жатақхана салу жоспарланды.

– Біздің Президентіміз бар­лық жерде инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды тапсырды. Бұл елдің дамуына аса қажет. Жастарға кампустар, жа­та­қх­аналар салынуы керек. Пре­зи­денттің бағдарламасы осы ба­ғыт­ты көздейді, – деді Орталық Азия уни­верситетінің ректоры Жұма­тай Әлиев. Аталған бастама Ел­ба­сы­ның бес әлеуметтік бастамасы ая­сында инвесторлардың қол­дауы­мен жүзеге асады деп күтілуде.

Конференция соңында дипломаттар мен ғалымдар, конференция қонақтары Халықаралық Жер-Ана күнінің құрметіне шырша отырғызды.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы