Әлем • 30 Сәуір, 2018

Басқа басылымдардан: Чже Ин Мун Ким Чен Ынмен кездесті

278 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Басқа басылымдардан: Чже Ин Мун Ким Чен Ынмен кездесті

Тарихи кездесу

Оңтүстік Кореяның президенті Чже Ин Мун Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен кездесті. Келіссөздер Пханмундж шекаралық бекетінде өтті.

Оқиғаны Euronews арнасы тарихи сәтке балап отыр. Өйткені қос корей мемлекеті келіссөздер жүр­гізбе­гелі он жылдан асқан. Сон­дай-ақ Ким Чен Ын 1953 жылдан кейін Оң­түстік Корея аумағына келген алғаш­қы КХДР басшысы атанып отыр.

Тарихи сәт тікелей эфирден көрсетілді. Ким Чен Ын әуелі елдер­ді бөліп жатқан сызықтан өтіп, оңтүс­тіктегі әріптесімен қол алысты. Одан кейін екі мемлекеттің басшылары КХДР тарапына өтіп, ресми суретке түсті.

Бұдан соң олар корейаралық саммит өткізу үшін Бейбітшілік үйіне барды. Келіссөздер басталмастан бұрын Ким Чен Ын естелік кітабына «Осы сәттен бастап бейбітшіліктің жаңа тарихы, жаңа дәуірі басталады» деген тілегін қалдырды.

Ким Чен Ын келіссөздер барысында қазіргі таңда туындаған мәсе­ле­лерге тоқталып, саммит жұмы­сынан оң нәтиже күтетінін жеткізген. «Арамыздағы тарихтың жаңа сипаттағы тарауы жазылады деп үміттенемін. Бұл – бастамасы ғана. Әлі атқаратын шаруа мол. Осы сәтке жету үшін 11 жыл өтіпті. Келе жатып, неліктен көп уақыт өткеніне таңғалдым», деді ол. Сонымен қатар КХДР басшысы ортақ келісімнің қайта бұзылмауынан және ортақ келісімге қол жеткізуден үміттенетінін мәлімдеді.

Оңтүстік Корея президенті Чже Ин Мунның айтуынша, әлем елдері осы саммитке үлкен үмітпен қарап отыр. «Қарусыз аймаққа келуіңіз бөлінудің емес, бейбітшіліктің сим­волы. Осы талабыңыз үшін сізге зор алғыс айтамын. Бүгінгі талқылай­тын мәселелеріміздің маңызы зор. Кейінгі он жылда болмаған келіс­сөз­дер жасауға мүмкіндік туды», деді ол.

The Guardian басылымының хабарлауынша, саммитте нақты ешқандай келісімге қол жетпеуі мүмкін. Оңтүстік Кореяның мем­лекет­тік хатшысы келіссөздерді ресми мәлімдеме жасауға дейін апару өте қиын екенін жеткізген. Әйтсе де, басылым қос кореялық мемлекеттің кездесуге талпынуы игі бастама екенін айтып отыр.

Сондай-ақ жиын барысында Ким Чен Ын Солтүстік Кореяның ядролық қаруды қайта сынамайтынын, баллистикалық зымырандар ұшырмайтынын айтып уәде берген. Өз кезегінде Оңтүстік Корея президенті мұны әлемдік қауіп­сіздікті нығайту ісіне қосылған үлеске балап отыр. Кездесуде екіжақ­ты қарым-қатынасты жақсарту, бейбітшілік орнату және қайта қосы­лудың мүмкіндігі талқыланды.

АҚШ-Франция қатынасының жаңа белесі

Франция президенті Эммануэль Макрон АҚШ-қа мемлекеттік сапармен барып, Ақ үй басшысы Дональд Трамппен кездесті. Жиын барысында екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайту секілді бірқатар мәселелер талқыланды.

Кездесу кезінде сөз алған Фран­ция президенті өзінің әріптесі Д.Трамппен жеке қарым-қатынасы мықты екенін айта келе, АҚШ-ты Сирия мен Иран мәселесінен тыс қалмауға шақырды. Ақ үйде өткен жиында екі ел президенті бір-бірін құрметтейтінін көрсетті. Олардың ықыласпен қол алысқанын Батыс медиасы қызу талқылап жатыр.

Дегенмен Э.Макронның АҚШ конгресінде сөйлеген сөзі Ақ үй бас­шысының сөзімен үндес шық­қан жоқ. Франция президенті өз кезегінде Д.Трамп жүргізіп отыр­ған ұлтшылдық пен бөліну идеясы жаһандық экономиканың дамуына кедергі келтіретінін атап өтті. Оның айтуынша, Франция мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас еркіндікке, шыдамдылыққа және теңдікке негізделген.

Сонымен қатар Э.Макрон ядролық державалар мен Иран арасындағы мәміледен АҚШ тарапы шықпас бұрын жаңа келісім жасау қажеттігіне тоқталды. Оның пікірінше, бұл қадам халықаралық қоғамдастықтың тыныштығын қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, ол жаһандық жылынудың қаупі зор екенін атап көрсетіп, оған қарсы күресуге шақырды.

Естеріңізде болса, АҚШ прези­денті Дональд Трамп былтыр кли­мат­тың жылынуына байланыс­ты құрылған Париж келісімінен шыға­тынын мәлімдеген болатын. Сон­дай-ақ Иран мен ядролық державалар арасындағы ортақ мәмілеге келіспейтінін де айтқан-ды.

Шолуды дайындаған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»