ӘКК туралы алғаш рет Қазақстан Президентінің 2006 жылғы «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы» атты Жолдауында айтылып, 2007 жылдап бастап олар құрыла бастады. 2012 жылғы 31 қазанда Үкіметтің қаулысымен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды 2020 жылға дейінгі дамыту тұжырымдамасы мақұлданды. Тұжырымдаманың орындау кезеңі мен күтілетін нәтижелерге сәйкес, оны іске асыруды екі кезеңде атқару қажет.
Бірінші кезеңде (2013-2014 жылдар аралығы) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына ӘКК қызметіне қатысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі тиіс еді. Алайда қазіргі таңға дейін ӘКК қызметіне қатысты заңнамаларда олқылықтар бар. Мәселен, ӘКК-нің заңнамалық тұрғыда құқықтық статусы анықталмаған, оның мақсаттары, міндеттері, функциялары және өкілеттіктері айқындалмаған, сондай-ақ Үкімет қаулыларында ӘКК қызметтеріне қатысты қарама-қайшылықтар бар.
Сонымен қатар бірінші кезеңде корпорациялардың шығынсыз деңгейге көтерілуі қамтамасыз етілмеді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы жылдары көпшілік ӘКК шығынды болып қалуда. Мәселен, 2014 жыл 12 ӘКК, 2015 жылы 6 ӘКК, 2016 жылы 6 ӘКК жылды шығынмен аяқтаған.
Екінші кезеңде де (2015-2020 жылдар) күтілген нәтижелер өз жемісін бермеді. Мәселен, ӘКК-лердің инвестициялық мүмкіндіктерді іздеудегі белсенділігі жеткіліксіз болуда, атап өтсек 2017 жылы «Байқоңыр» мен «Жетісуда» – 2, «Ақтөбе» мен «Есілде» – 3, «Каспий», «Павлодар», «Солтүстік» 4 қана инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Сонымен бірге ӘКК экспортқа шығаруға бағдарланған жобаларының әлеуеті де төмен деңгейді көрсетіп отыр, сондай-ақ ӘКК қолдауымен құрылған жаңа өндірістердің біршамасы шығынға ұшырап, тиімсіздігін байқатты.
Өз кезегінде бұл аталмыш тұжырымдама қойған міндеттердің орындалмағанын көрсетті. Сонымен қоса көптеген ӘКК-нің өңірдің даму мәселелерін емес, көпшілік жағдайда ағымдағы әлеуметтік мәселерді шешетін жергілікті атқарушы органдардың бөлімшелеріне айналып кеткендігі тәжірибеде көрініс табуда.
Осыған сәйкес, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды өз шығынын өзі өтеуі негізінде әрекет ететін, жеке бизнестің дамуына және ісін жаңадан бастап жүрген жас кәсіпкерлерге ықпалын тигізетін, сондай-ақ қаржы агенттігі статусын алып, мемлекеттік ресурстарды қолдана отырып қарыз беруді жүзеге асыратын өңірлік даму институты ретінде қайта құру қажеттігі туындаған сияқты.
Өңірлік даму институты ретінде тиімді әрекет етуін қамтамасыз ету үшін ӘКК «өңірлік даму корпорациялары» ретінде қайта құрылып, келесідей қызметтерді атқарса оң нәтиже берер еді:
1. Өңірлік даму корпорацияларын өңірдегі басым секторларды, яғни индустриялық аймақтарды, агроиндустриялық аймақтарды, арнайы-экономикалық аймақтарды, көліктік-логистикалық аймақтарды дамыту бойынша ең басты операторға айналдыру;
2. Қаржы агенттігінің статусын алуы және экономиканың белгілі бір салаларында өңірдегі инвестициялық жобаларды және инвестициялық саясатты жүзеге асыру аясындағы банктік операциялардың жекелеген түрлері бойынша қаржы агенттігінің қызметін жүзеге асыру;
3. Жобаларға өз қаржысымен, жер телімімен, жер қойнауын пайдалану құқығымен, интеллектуалды меншігімен кіре отырып шағын және орта бизнестің жобаларын қолдауды жүзеге асыруы. Ұлттық компаниялар секілді сатып алудың ерекше жүргізу тәртібін ӘКК сақтау қалуы;
4. Жайлы инвестициялық климатты қалыптастыру, инвесторларды іздеу және тарту, операциялық қызмет көрсету, бастапқы құжаттарын дайындау, шетелдік инвесторлар жүгінулеріне шұғыл түрде әрекет етуді қамтамасыз ету, ұйымдастыру, келіссөздерді, кездесулерді жүргізу бойынша операторлық қызметті жүзеге асыруы;
5. Тиімсіз әлеуметтік мемлекеттік бағдарламаларды, сонымен қоса азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын қолдану және қалыптастыру бағдарламасын жүзеге асырудан шығуы;
6. Өңірдің ерекшелігін, бәсекелестік әлеуетін, кәсіпкерлік белсенділігін айқындау және анықтау бойынша операторлық қызметтерді жүзеге асыруы.
7. Қатқыл пайдалы қазбаларды барлау және өндіру, сонымен қатар барлау және өндіру бойынша тікелей келіссөздер жүргізу негізінде конкурс өткізбеуге қатысты операцияларды жүргізуге шарт жасау құқығын ӘКК-ге беру.
Осындай ауқымды істерді жүзеге асыру үшін алдағы уақытта «Өңірлік даму корпорациялары туралы» салалық заң әзірлеп, оны қабылдау арқылы корпорациялардың құқықтық мәртебесін, мақсаттарын, міндеттерін, функцияларын және өкілеттіктерін айқындауды заңнамалық тұрғыда бекіту, сондай-ақ салалық нормативтік құқықтық актілерді толық түгендеу, өзгерістер мен толықтырулар енгізу, сонымен қатар кездесетін қарама-қайшылықтарды жою оң нәтиже беретіні анық.
Әлімжан ҚҰРТАЕВ,
Сенат депутаты