Парламент • 30 Сәуір, 2018

Экология тазалығы – денсаулық кепілі

5150 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жоғары дамыған жаңа ғасырға иек артып отырсақ та Қазақстан Республикасы басқа да кейбір елдермен қатар қоршаған ортаның проблемаларынан арыла алмай отыр.

Экология тазалығы – денсаулық кепілі

Бүгінде Қазақстанда эко­ло­гиялық қауіпсіздік ұлт­тық қауіпсіздік пен мемле­кеттік басымдықтардың страте­гия­лық компоненттерінің бірі­не айналып отыр. 

Еліміздің көптеген аймақ­тарындағы экологиялық қиын жағдай тұрғындардың ден­саулығына нұқсан келтіріп, олардың түрлі ауруларға шал­дығуына жол ашуда. Соның ішінде техногендік әсерлердің кесірінен құрғақшылық тудыру, топырақтың құнарын жою, су ресурстарын құрту мен лас­тау, табиғаттың генетикалық қорын азайту, өнеркәсіптік апаттардың көбеюі, радиация таралуының артуы, қауіпті және улы қалдықтардың өсуі – міне, осының бәрі эколо­гиямызды барынша бүл­­діруде. Мәселен, 2017 жылғы мәлімет бойынша, «Қаз­гидромет» 49 қаланы зерттеп, оның сегізін барынша лас­танған қала қатарына қосты. Олар  Жітіқара, Атырау, Бал­қаш, Петропавл, Ақтөбе, Қара­ғанды, Теміртау және Өс­ке­мен қалалары.

Бүкіләлемдік экол­о­­ги­я­лық форумның 2017 жыл­ғы қоры­тын­ды есебіне қа­ра­ғанда Қазақ­стан 136 мем­­лекеттің ішінде эко­ло­гия­сы­ның таза­лығы жөнінен 99 орын алған.

Міне, осы жағдайлар мем­лекеттік органдар тарапынан экологиялық мәсе­лелерге жіті қарауды талап етіп отыр. Еліміздің Эколо­гиялық кодексі 2007 жылы қоршаған орта сапасының мақсатты көрсеткіш­терін әзірлеуді өкілетті және жер­гілікті атқару органдарына жүктеген еді. Оны іске асыруға байланысты 2015 жылы Энергетика министр­лігінің бұйрығы да шыққан. Бірақ бұл талаптар қағаз жү­зінде ғана қалды. Тек Жам­был, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыс­тары ғана көрсеткіштерді әзірледі, қалғандары бұл іске әлі кіріскен де жоқ.

Сонымен қатар бізде әлі күнге қоршаған орта сапасын рационалды әдіспен анық­тау бойынша біртектілен­ген көрсеткіштер де белгі­лен­бе­ген. Экологиялық төлемдер­дің тиімділігі де өте төмен. Табиғатты бүл­­дірушілерге салынатын айып­пұл көлемінің де ық­палы аз.

Біз осы мәселелерді Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауалмен жолдап, төмендегі ұсыныстарды іске асыруды сұрап отырмыз:

1. Жергілікті атқарушы ор­ган­­дарға осы жылдың аяғы­­на дейін қоршаған орта сапа­сының мақсатты көрсет­кіштерін әзірлеуді тапсыру;

2. Осы көрсеткіштердің негі­зінде өкілетті органға  елі­міздің әрбір аймағы бо­йын­ша қоршаған орта сапасын анықтау және оны оңалту шараларын қарастыру туралы тапсырма беру;

3. Мақсатты көрсет­кіш­тер­­ді нормативтер ретін­де қол­дану мүмкіншілігін қарастыру.

Құралай ҚАРЕКЕН,

Мәжіліс депутаты