10 Ақпан, 2010

Төрт тұғыр: ТӨЗІМДІЛІК ТАТУЛЫҚ ПЕН ТҮСІНІСТІК ТІРЕГІ

1819 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Тәуелсіз еліміз дүние­жү­зілік саяси сахнада орнықты орны бар аса беделді ха­лық­аралық ұйым – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымында (ЕҚЫҰ) төрағалық етуге кірісіп те кетті. Әрине, еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, Еуропаның бұл Ұйымның тө­рін қазақ жұртына ұсынуы – оңайлықпен келген жоқ. Бұған біз мемлекетіміздің ұстанған саясаты мен батыл қолға алған бастамаларының арқасында қол жеткіздік. Бұл төрағалық – Қа­зақ­стан үшін үлкен абырой әрі мәртебе. Барлығымызға белгілі, Қа­зақ­стан Республикасы Консти­ту­ция­сының 1 бабында “Қазақстан Республикасы – әлеуметтік-де­мо­кратиялық, зайырлы мемле­кет. Оның негізгі құндылығы – адамның өмірі мен бостандығы” деп жазылған. Міне, осы қағи­да­ны еліміз тәуелсіздік алған жыл­дардан бастап берік ұстанып келеді. Осы уақыттан бері демо­кратиялық қоғам құру, адамның бостандығы мен құқығы бірінші орынға шықты. Біздің осы еге­мен­дікке қол жеткізген жылдар­дан бастап қабылдаған заңдары­мыздың, тыныс-тіршілігіміздің барлығы – осы адам құқығын қорғау мен адамның бостанды­ғына, сондай-ақ адам өмірінің жоғары деңгейге көтерілуіне тікелей бағытталған десек, артық айтқандық болмас. Сондықтан да, бүкіл Еуропа елдері мен жалпы Еуропа әлемі Қазақстанның осындай басымдықтарын бағалап, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына өз төрін ұсынды. Ұсынып қана қоймай, еліміздің осы Ұйымға төрағалық етуін жан-жақты қуаттап қолдады. Енді, міне, Қазақстан – өзінің аршынды қадамымен Ұйымға төрағалық етуге бар ынта-ықыласымен белсене кірісіп те кетті. Бұл ретте біз төрағалықтың екі қыры бар екендігін есте сақтауымыз керек. Біріншісі – әлемнің ең бе­делді де белді Ұйымына Қазақстанның төраға­лық етуі – бұл ел үшін, жұрт үшін сөзсіз абы­рой, сөзсіз мәртебе. Ал екіншіден, бұл төраға­лық Қазақстанға үлкен жауапкершілік жүктей­ді. Себебі, төрағалыққа қол жеткізуіміз – біздің еліміздің күллі ТМД елдері мен Орталық Азия мемлекеттерінің арасындағы беделін айқындап қана қоймай, олардың арасында бұл мәртебені бірінші болып иеленгендігін көрсетеді. Яғни, бұл Қазақстанның осы елдердің арасынан суы­рылып шығып, “бірінші мемлекет” болғанды­ғын айғақтайды. Бұл ретте ЕҚЫҰ-ға Қазақ­стан­ның төрағалығы тек қана Қазақстанның мүддесін ғана ойлап қоймай, осы біздің гео­графиялық жүйедегі ТМД, Орталық Азия мем­лекеттерінің де мүдделерін қорғайтын болады. Күні кеше ғана Елбасымыз осыдан 10 жыл­ға жуық уақыттан бері аталған Ұйымның саммиті өтпегендігін атап айтқан болатын. Осы ретте Мемлекет басшысы бұл саммитті биыл, яғни 2010 жылы Қазақстан елордасы – Аста­нада өткізу туралы бастама көтерді. Осы орай­да, аталған саммитте көп мәселе шешімін табады деген сенімдеміз. Бұл шешімдердің бір тетігі – төзімділік мәселесіне келіп тіреледі дер едім. Себебі, төзімділік – Қазақ елінің беделді Ұйым­ға төрағалық етуі кезінде ұстанатын басты ұрандарымыздың бірі болып саналады. Толе­рант­тылық, яғни төзімділік өз тамырын Қазақ­станда кеңінен жайған деуге болады. Себебі, дәл қазіргі таңда еліміз түрлі конфессиялар мен түрлі этностар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып қана қоймай, дінаралық татулық бағытында батыл бастамалар көтеріп жүрген жас мемлекет ретінде айдай әлемге танылды. Бүгінде елімізде 140 этнос өмір сүріп, 40-тан астам конфессия өз жұмыстарын еш кедергісіз жүргізуде. Бұл ненің белгісі? Бұл, ең алдымен, мемлекет саясатында төзімділік ұстанымының берік орнағандығының, түрлі этнос арасындағы мамыражай, тату-тәтті тіршіліктің көрінісінің бір белгісі. Ал осы төзімділік ұстанымын кеңінен сөз еткенде мынаны айтуға болады. Төзімділік мәселесінде басқа мемлекеттерге ұқсамайтын Қазақстанның өз жолы, өз тәжірибесі бар. Қазіргі таңдағы біздің мемлекетіміздің ең негізгі саясаттарының бірі – ол Қазақстанда шо­ғырланған 140 этнос пен 40-тан астам конфессияны бір тудың астына біріктіру. Бұл ретте Қазақстан өз ұс­танымын жоғары деңгейде жүзеге асырып келеді деуге болады. Бұған біз айтып отырған конфессияаралық, этносаралық татулық дәлел бола алады. Қазақта “Бірлік болмай, тірлік болмас” деген жақсы мақал бар. Біздің негізгі ұранымыз да осы. Осының арқасында біз толеранттылық деген қағидамызды әлемге танытып келеміз. Ол біздегі түрлі діндер арасындағы тату-тәтті тір­ші­ліктен көрінеді. Астанада үш мәрте өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съез­дерінде рухани қалыпты, адам бойындағы моральдық құндылықтарды, ұлттар арасындағы бірлік пен өзара сенімді сақтау үшін не қажет деген өзекті сауалдар төңірегінде қаншама пікір ал­масылды. Мұны халықты төзімділікке жете­лейтін батыл бастама ретінде әлемнің жетекші мемлекеттері қазірдің өзінде мойындап үлгерді. Екіншіден, біздегі Қазақстан халқы Ассам­блея­сын алып қарайықшы. Бұл – әлемде үлгісі жоқ қазақстандық жоба. Яғни, ешқандай елде мұндай жоба жоқ десек те болады. Міне, сол себепті біз “Әртүрлі этносты бір тудың астына біріктіру” деген ұстанымды дүние жүзіне таны­туымыз қажет. Танытып қана қоймай, тара­туы­мыз қажет. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалы­ғы кезіндегі 4 ұранның бірі – төзімділік осы мақсатты көздейді. Бұл, ең алдымен, бүкіл әлемдегі еларалық ынтымақты, бірлікті, татулықты көздегендіктен туып отыр. Қазақстанға өз төрін ұсынған ЕҚЫҰ – ынтымақтастық пен қауіпсіздікті сақтау бағы­тын­да жұмыс атқаратын Ұйым. Міне, сондық­тан Қазақстан өзінің еңбегі, жүргізген ішкі-сыртқы саясаты, дінаралық, конфессияаралық, этносаралық татулықты сақтаудағы көзқарасы негізінде өз тәжірибесімен бөлісіп, өз үлгісін танытуға лайық деп ойлаймын. Себебі, толе­рант­тылық тетігі Қазақстанда берік сақталған. Еліміздің Еуропа төріне шығуы – мемлеке­тіміздегі толеранттылықтың жоғары деңгейге көтерілуінің арқасы, елдегі бірлік пен ынтымақ орнағанының және діндер арасындағы тату-тәттіліктің нәтижесі. Жалпы, тату-тәттілік, ынтымақ, бірлік бол­маса, қандай да бір мемлекет ешқандай жетіс­тікке жете алмайды! Ешбір шыңды бағындыра алмайды! Мейлі ол саяси-экономикалық тұр­ғы­да болсын, я болмаса, мәдени, білім-ғылым тұрғысында болсын, ынтымақсыз бұл салаларда белгілі бір жетістікке қол жеткізу мүмкін емес. Себебі, бұл салалардағы табыстары­мыз­дың барлығы ынтымақ пен бірліктің, бір-бі­рімізге деген төзімділіктің арқасы. Бұл тұрғы­дан алғанда Қазақстанда қалыптасқан толе­рант­тылық ұстанымы бүкіл әлемге үлгі бо­ла­тындай деңгейге көтерілді деуге болады. Осы бағытта көптеген жұмыстар атқарылды. Нәтижесін өзіміз көріп отырмыз. Төзімділік ұстанымын кеңі­рек тарқатқан кезде тағы да мы­наны айтқым келеді. Ол әлемдегі барлық елдер Қазақстан секілді төзімді болса екен, біздегідей ынтымақ пен бірлік сақталса екен деген ізгі ойдан туындайды. Егер тереңнен сарапқа салатын болсақ, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі өте бір қиын кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Бүгінде әлемді кеңінен жайлаған қаржы-экономикалық дағдарыс әлі айылын жияр емес. Оның үстіне, көптеген елдерде түрлі деңгейдегі шиеленістер жиі бой көрсетуде. Ал мұндай жағдайлардың толерант­ты­лық ұстанымының сақталмауынан орын алатыны анық. Көп жерлерде соғыстар жүріп жатыр. Небір мақсатты көздеген шерулер ұйым­дастырылуда. Бүкіл әлемде ұлттар ара­сын­дағы, діндер арасындағы келіспеушіліктер жиі-жиі көрініс беріп қалып жүр. Ал дәл осындай қиын кезеңде еліміздің халықаралық аренадағы беделді Ұйымға төрағалық етуі, тек төрағалық етіп қана қоймай, қазақстандық үлгіні бүкіл әлемге таратуы – үлкен жетістік. Сонымен қатар, жоғарыда айтылғанындай, үлкен жауап­кер­шілік те. Бұл ретте біздің қанымызға сіңген то­леранттылық ұстанымына көп нәрсе байла­нысты. Бізде, Құдайға шүкір, ынтымақ бар, бірлік бар. Ешқандай түсініспеушілік жоқ. Себебі, мемлекеттік саясатымыз, заңдарымыз осы ынтымақ пен бірлікті сақтауға бағытталған. Ең бірінші құндылығымыз – адамның өмірі мен бостандығы. Біздің өмір танымымыз, конституциялық құрылымымыз – барлығы төзімділік идеясына негізделген. Қазір бізде міне, дәл осындай қоғам қалып­тасуда. Яғни, ынтымақ пен бірлікті қуаттайтын, барлық этнос өкілдерін бір тудың астына біріктіретін қоғам қалыптасып отыр. Ал осы идея­ны неге өзгеге танытпасқа?! Адамзатқа қасі­рет әкелетін соғыс, ел ішіндегі шиеленіске ұрындыратын қақтығыстар ешкімге абырой әпермейді. Ал бұл тұрғыда келіспеушіліктің бар­лығын білектің күшімен емес, ақылмен шешуге, осындай үнқатысулар арқылы оңтайландыруға болады. Осы ретте ақылды ашуға жеңдірмей, төзімділікке жеңдіру қажет. ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету кезінде әлем елде­рін алаңдатқан, дүние жүзін толғандырған не­бір түйткілді мәселелер талқы таразысына салы­нады. Ал осы мәселелердің дұрыс бағытта үйлестірілуі биылғы Қазақстан төрағалығына да тікелей байланысты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның аталған Ұйымның төрағалық қызметіне кірісуіне орай жариялаған Үндеуінде: “Қазақстан Іс басын­дағы төраға ретінде ЕҚЫҰ-ның негізгі қағи­даттары мен құндылықтарын берік ұстана­тындығын айтқым келеді”, деген болатын. Ал бұл ретте еліміздің ұстанған төрт ұраны, оның ішінде төзімділік ұраны өзінің игі нәтижесін береді деп сенемін. Берік БЕКЖАНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты.