Аталған көрме оқушыларға ғылыми-техникалық шығармашылықты насихаттау, жастар арасында инженерлік мамандықтардың дәрежесін көтеру, жас өнертапқыштардың робот техникасына қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Көрмеге дарынды қыз және ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» мектеп-интернаттары, «Дарын» мектеп-интернаты, үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп оқушыларының, сондай-ақ Жамбыл экономика және ақпараттық технология колледжі студенттерінің 15-тен астам робот-техника модельдері қойылып, келушілердің қызығушылығын тудырды.
Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетованың айтуынша, облыс көлемінде 30 пайыз мектепті робот-техникамен қамтамасыз ету жоспарланып, бұл мақсатқа 353 миллион теңге қарастырылып отыр екен. Сондай-ақ алдағы уақыттарда өңірде робот техникасымен жабдықталған мектептерде «Робот-техника» үйірмесін ашу жоспарлануда. Жоспар жүзеге асқан жағдайда, ғылымға құштар оқушылар үйірме арқылы шығармашылық қабілетін дамытатын болады. Мектеп қабырғасынан-ақ робот-техника шеңберінде бағдарламалаудың жалпы негіздерін үйреніп, өздерінің инженерлік және дизайндық ойлау жүйесін қалыптастырған оқушылар болашақта отандық ғылымды дамытуға да айрықша үлес қоса алады.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы